SportБасты ақпарат

АЛАШТЫҢ АЛТЫН ЖҰДЫРЫҒЫ

Олимпиададағы спортшыларымыздың жетістіктері – жасандылықтан ада жалпы жұрттық қуанышқа айналды. Ғаламтордағы қазақстандықтардың белсенділігі де Лондон – 2012 ойындарында арта түсті десек, артық айтқандық болмас. Халық қуанышын сол халықпен бірге бөлісу – сол қуаныштың еселенуіне әкеледі ғой. Тұманды Альбиондағы аламанның соңғы күнінде бокстың ақтық сынына шыққан жігіттеріміздің өнерін «Керуен» ойын-сауық орталығында жүздеген адам жиналып үлкен монитордан тамашалау – сондай сәттердің бірі болды.

Үстел басында орын жет­пегендер, экрандағы тірлікке тік тұрып көз тікті. Алғашқы болып Серік Сәпиев көтерілді рингке. Қарсыласы – алаң иесі британдық боксшы – Фредди Эванс еді. Бірақ, алғашқы минутта-ақ, шаршы алаңның шын иесі кім екенін дәлелдеп берді Серік. Ағылшын аренасы сілтідей тынды, есесіне, көгілдір экран­нан көз тіккен халық, Серіктің әр соққысын қошеметке балап, айбар шақырып айқайлап, «Қазақстан» деп қолдаумен болды.

Ғайыптан тайып, Эванстың қолы ауыр тиіп, Серікті нокаутқа жібермесе, біздің боксшының айқын басымдықпен жеңетіні екінші раундтың соңында-ақ түсінікті бол­ды. Дегенмен, үшінші раундта да, үмітін үзбей шыққан ағылшынды қуып жүріп сабады сабаз. Гонг. Серік – Олимпиада чемпионы! Жеңістер қоржынымызға жетінші алтынды салды. Серіктің айқайлағанына қосылып, көрермендер де айбар­ланды.

Алаңға тағы бір боксшымыз шықты. Әділбек Ниязымбетовтың қарсыласы Ресей боксының алтын­нан жалғыз үміті – Егор Мехонцев еді. Екеуі де, дәргейлес спортшы екенін дәлелдеп бақты. Алғашқы раундта біздің спортшы басым түссе, екіншісінде орыс боксшысы жеңді. Үшінші раундта да екеуі тең түсті. Есеп – 15:15. Осы кезде, ағылшын шаршы алаңындағы тыныштық, енді, Астанадағы залға ауысты. Барлығында бір үміт, бір үрей болған шығар сол кезде. Төрешілер төрелігін айтуға асықпады. Олар уақытты созған сайын, Әділбектің жеңісіне сенім үдей түскендей. Оған, Серіктің жеңісімен арқаланып алғанымызды қосыңыз. Бірақ, сәтін салмады. Әділбек күміс медальді місе тұтты.

Осыдан соң, Серік шыққан салмақтағы боксшыларды марапат­тау рәсімі басталды. Серік олимпиа­да чемпионы тұғырына көтерілгенде, залдағылар да өре түрегелді. Әнұран шырқалды. Әні Англиядан әуелеген әнұранның сөзін Астанадағы Алаш жұрты айтты. Бұл – алғашқы күні-ақ алтынды олжалаған Қазақстан құрамасының Олимпиаданың соңғы күніндегі ақырғы алтыны болды…

Одан соң, Серік Сәпиевке Баркер кубогі табысталғанын да естідік. Осылайша, олимпиадаға дер­бес қатысқан 5 ойында, ең әбжіл боксшыға берілетін марапатты біздің ел – үш рет алды. Жиров, Артаев және Сәпиев. Бәсін білер адамға, бұл да бір бәсіре алтын.

Нұрберген МАҚЫМ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button