Руханият

Алаштың Ақселеуі

«Отырар» ғылыми кітапханасында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған «Ақселеу Сейдімбек және ұлттың рухани құндылықтарын зерделеу: Таным. Тағылым. Тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

– Ақаң – қазақ өнеріне, соның ішінде ұлтымыздың рухани қазынасын молайтуға өлшеусіз еңбек сіңірген асқан талантты тұлға. Ол халық мұрасының еленбей жүрген ерекше қырын ерінбей түгендеп, түрен түспей тұнып жатқан қара өлең мен күй-аңыздарды алғаш рет айналымға түсіріп, бұқараның кәдесіне жаратқан еңбекқор жан еді. Ғалым елінің ертеңі үшін этнографиялық, этнологиялық ізденістердің жандануына мол үлес қосты. Шәкірт тәрбиелеп, 2000 жылдан өмірінің соңына дейін Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұстаздық етті. Міне, бүгінгі халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып отырған алқалы жиын мақсаты – осындай ұлт перзентін, ұлағатты ұстазды еске алу, оның шығармашылығы мен еңбектері негізінде әдебиет, өнер, тарих, журналистика мен публистиканың өзекті мәселелерін зерделеу, – деді ғылыми конференцияны ашып, жүргізген ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ.

– Ақаңның өмірі – ұлтқа қызмет етудің озық үлгісі. Ол «Қазақтың ауызша тарихынан» бастап кез келген еңбегінде халқымыздың баға жетпес бай тарихы мен асқан шежіресін, салт-дәстүрін үнемі ұлықтап отырды. Ғасырлар бойы қалыптасқан жеті атадан қыз алыспайтын озық дәстүрімізді «мен басқа ешбір ұлтта кездестірмеген керемет» деп бағалап, ұлттың этномәдени тұтастығын сақтайтын бірден-бір ерекше қасиеті деп жазды, – деді ғылыми конференцияда баяндама жасаған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықов.

Ақаңның өмірі – ұлтқа қызмет етудің озық үлгісі. Ол «Қазақтың ауызша тарихынан» бастап кез келген еңбегінде халқымыздың баға жетпес бай тарихы мен асқан шежіресін, салт-дәстүрін үнемі ұлықтап отырды. Ғасырлар бойы қалыптасқан жеті атадан қыз алыспайтын озық дәстүрімізді «мен басқа ешбір ұлтта кездестірмеген керемет» деп бағалап, ұлттың этномәдени тұтастығын сақтайтын бірден-бір ерекше қасиеті деп жазды

Баяндамашы ғалымның шәкәрімтануға қос­қан үлесіне де тоқтала келіп, «Ақселеу Сейдімбек алғашқы «Ақиық» әңгімелер жинағынан бастап, «Қыр хикаялары», «Тауға біткен жалбыз», «Серпер», «Аққыз», «Күңгір-күңгір күмбездер», «Күй-шежіре», «Ойтолғақ», «Қазақ әлемі», тағы да басқа кітаптары мен ғылыми еңбектерінде терең білімімен қатар, ұлтын сүйген перзенттік болмысын да айқын аңғартып тұрды» деді.

Сондай-ақ ғылыми-­тәжірибелік конферен­цияда Ақаңның көзін көрген, онымен қатар жүріп, талай тарихи сәтке куә болған замандас інілері: филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров, тағы басқалар Ақаңды еске алып, жылы-жылы естеліктерімен бөлісті.

Өткен жылы елордадағы №54 мектепке Ақселеу Сейдімбектің аты беріліп, онда ғалымның музейі ашылған болатын. Ал биыл қаладағы Есіл ауданының әдемі бір көшесіне Ақселеу Сейдімбектің есімі беріліп отыр. Мұндай жағымды жаңалықты ғылыми конференцияда Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің жылы лебізімен бірге Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жеткізді.

Конференция барысында әнші Айтбек Нағызбаев Ақселеу Сейдімбектің әндерін орындаса, суденттер жазушы шығармаларынан үзінділер оқыды. Сонымен қатар ғалымның 80 жылдығына орай түсірілген өмірі мен шығармашылығы жайлы деректі фильм көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Одан әрі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы «Ұлттық рухани құндылықтарды зерделеу мәселелері», «Медиакоммуникация және цифрлық технология мен креативті индустрияны дамыту», «А.Сейдімбек мұрасы және тәуелсіздік тарихы», «Әдебиеттану ғылымындағы жаңа ізде­ністер мен мүмкіндіктер» атты секцияларда жалғасты.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button