Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Алаштың арманы үшін ғұмырын қиған

(Мағжанға араша түскендер туралы)

Мағжантанудың ұзын көшінің басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұрғанын айту – парыз. «Осындай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» деп тебіренгенде «осындай ақыны Мағжан» 20 жаста ғана екен-ау! Бұл 1913 жылы болатын. Мағжанның ұстазы – Міржақып Дулатов. Мағжан «Оян, қазақты» қолжазба күйінде көрген. Осы Қызылжарда туған тұңғыш қазақ романы «Бақытсыз Жамалдың» жарыққа келуіне де талантты шәкірт Мағжан куә.

Мағжанның шы­ғар­машылық өмір­баяны­ның да толық, шын ғылыми тұрғыда жасалатын күні де алыс емес шығар. Смағұл Сәдуақасов айтып, ел аузында қанатты сөзге айналған: «Мағжан – қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген бағаның түп-тамыры, 1918 жылдың жазында жазылып, «Жас азамат» газетінің үшінші санында басылып шыққан  «Мен жастарға сенемін!» өлеңінде жатыр. Сонда Мағжан өзі неше жаста? Жиырма беске толмаған!

Үлкен тебіреніспен, жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұдан былай да «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буыр­қанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ. Әнұран, шақыру, дабыл сипатында қайта-қайта «Мен жастарға сенемін!» деп келіп отыратын тегеурінді шумақтар көкірегінде сәл ғана шоғы бар жас сананы жалындататын арыны күшті көрік еді.

Мағжан өмірінің аса бір шие­леністі кезеңі 1922 жылы-ақ коммунист, кейін жазушы жерлесі Сабыр Шариповтың жала жабуынан басталды. Қызылжарда шығатын «Мир труда» газетіне «Рибас» (теріс оқысаңыз – Сабир. -З.Т.) деген бүркеме атпен 1922 жылдың 9 тамызында жариялаған «Алашординцам нет места в советах» мақаласында «М.Жұмабаев, Ж.Тілеулин, Қуанышев… Алашорда мүшелері, большевиктерді өлтірген жаулар» деген негізсіз айып тақты. Газеттің келесі санында «автордың жаласына қарсы» Ж.Тілеулин жауап хат жазды. Бұл күндері Мағжан Қызылжардан аттанып кеткен еді. Сергелдең осылай басталған.

«Жау» деген – жаудың жаласы,

Әділ болсаң, өмірімді

Ақтарып әділ қарашы.

Отыз жыл өмір бойында,

Жазғанымды жайып сап,

Екі жар ғып санашы, – деген жолдар қағазға сол кезде түскен. Мағжанның жазығы – жаңа ғасыр­дың көк жиегінен зор ақындық қуатпен жарқ етіп көрінуі еді. Мағжан тұрғанда, оның өлеңі ел құлағында жүргенде ақынмын деп, өлең жазамын деп қағаз шимайлау әркімге оңай болмаған. Бұл ақынның мысы өзге өлеңшілерді басып кетті, өнердің төресі – ұлы мәртебелі поэзия төріне Мағжанды аттап қана өтуге болатын еді, ақындықтың дәрежесін Мағжаннан асыру керек еді.

Міне, жала қайдан, жалақорлар кім? Жауабын осы себептен іздеңіздер! Сталин де емес, компартия да емес, өз қазағымыз, өз ақындарымыз, дәлірек айтқанда. Әлі пісіп-жетіле қоймаған, айғайшыл, жалаңқылыш баққұмар, саяси дүмбілез ақынсымақтар. Ол ұлтшыл еді. Онысына жазықты да емес. Себебі Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес». Әлбетте, көзі жаңа ашылып келе жатқан қазақ зиялылары, солардың ішінде, мысалы, Мағжан Жұмабайұлы сияқты дарын иелері, естиярлары: сыры беймәлім, шын-өтірігі күмәнді «пролетариат диктатурасын» аяқ-қолын көтеріп қолдауы керек пе еді? Құлдықтан жаңа босаған қазақ халқының мұңын жоқтауы керек пе еді? Бүгінгі ұрпаққа біз осыны ашып түсіндіруіміз керек.

Мағжан өз халқының ел болып, еркін дамуын аңсады. Оның шығармаларының сара тақырыбы – қазақ ұлтының мүддесі, жырлағаны – қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін салып, сол тәуелсіздік үшін күресті. Туған халқының бостандыққа шығу жолын көрсетпек еді, сол жолдан өзін тапты. Сол үшін мерт болды. «Оян, қазақ!» деп жар салған ұстазы Міржақып Дулатовқа үн қосты.

Ал билікке Кеңес өкіметі келіп, Алаш көсемдерінің арқасында Қазақстан автономиялы республика дәрежесінде отау тіккенде: «Алаш елінің бостандығы ешбір уақыт Алаш мырзасының яки бірлі-жарым «жолдастың»  бостандығы емес. Бостандық – елдікі! Автономия – елдікі! – деп жар салды.

«Автономия жолында – малды, басты құрбан қылдым, – деп қазақ оқығандарының қайсының болса да айтуға хақысы жоқ…» дегені ащы болса да шындық еді. «Аязды күні айналған, /Бұлтты күні толғанған, /Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған» /Ер қазақтың автономиясы, бұл!» деп сонау 1921 жылдың қаңтарында жар салған Мағжан болатын. Міне, осыны айтуымыз керек бүгінгі ұрпаққа.

Және сол жаңа үкімет, «Автономия кімдікі?» деген сұраққа жауап беріп: «Бұл автономия –сенікі емес, менікі» деген ұнамсыз сөздерді әлі естуге болады. Кеше, 17-18-19 жылдарда «автономия» деп, атқа мінген азаматтардың біразы қазір автономияға үмітсіз, салқын қарайды. Кіріскісі келмейді. «Тілегенің осы емес пе, неге кіріспейсің?» десең, «Бұл – біздікі емес, «жолдастікі» (сауаты аз «коммунист-белсенді» деген мағынада. -З.Т.) дегендей. Қазіргі халдің қожасы кейбір жолдасқа жолықсаң: «Автономия – менікі, мен болмаған кісі аулақ жүрсін» дегендей. Мұның аты – ұғыспау, ұқпау ғой».

Яғни, Мағжан кейбір шолақ белсенділер сияқты автономия көрпесін өзіне тартпай, бұл автономияның тағдыры ұлт тағдырымен, бірнеше ғасыр езгіде болған қалың қазақтың тағдырымен байланыс­ты деп есептейді. Сондықтан:  «Алаш елінің бостандығы ешбір уақыт алаш мырзасының, яки бірлі-жарым «жолдастың» бостандығы емес. Бостандық – елдікі! Автономия – елдікі! Автономия жолында малды, басты құрбан қылдым деп, қазақ оқығандарының қайсысының болса да айтуға қақы жоқ!» деп қатты айтуға мәжбүр болған. Үлкен де, кіші де өзінің бой қуаты мен ой қуатын қазақ мемлекеттігін нығайтуға жұмсауы қажеттігін жан-жүрегімен сезінген күрескер ғана осылай жаза алады.

Ахмет Байтұрсынов кезінде үкімет басындағы большевиктердің көсемі В.Ленинге арнайы хат жазып, қазақ даласындағы саяси жағдайды түсіндірмек болғаны мәлім:

«…Қазіргі уақытта кез келген адам өзін коммунист деп атайды. Оларға үңіліп қарамайынша, кереметтің күшімен бәрі коммунистерге айналған екен деп ойлайсың. Бірақ, керемет тек ертегілерде болады, ал пәни жалғанда ондай болмайды». Сондықтан Ахаң: «Қазақ өлкесін басқаруға аты ғана коммунист емес, нағыз идеялық коммунистер мен халық сеніміне ие болған ұлт зиялыларынан шыққан, сыннан өткен идеялық қызметкерлер қойылсын…» деп көрегендікпен болжады. Бірақ, ұлт ұстазының ұсынысы қабылданбады, «табы бөлек» зиялылырды құрту науқаны жалғаса берді…

Мағжан ақынның Мәскеуде, оқуда жүрген кезі туралы бір әңгімеде: «Бізде (компартияның орталық комитетінде.-З.Т.) Мағжан Жұмабаев деген ақын жұмыс істейді» деп 1925 жылы Сталиннің өз аузынан естігенін Сәбит Мұқанов айтқан. Осы бір ауыз сөздің ақиқатына жетіп, Мағжан Кремльде, Орталық Комитетте жұмыс істеген бе? Немесе коммунистік университетте оқытушы-лектор болып жұмыс істеп, жалақы алған Мағжан Жұмабаевтың Ленин еңбектерін орысшадан қазақшаға аударғаны рас. Басқа қызметі туралы не білеміз деген мәселені байыптап тексеріп, ақынның өмір-деректеріне қосқанда, есіл ер тірі қалар ма еді, қайтер еді?! Болжау қиын…

«Мағжан Жұмабай неге ақталмайды?» деп іздеу салған әйелі Зылиқа Кеңес патшасы Хрущевке хат жазды; қарт коммунист, Әшімбек Бектасов қария Мәскеу мен  жоғары партия мекемелеріне, партия съездеріне өтініш жолдады, сол үшін зейнетте жүрген коммунистке қатаң сөгіс берілді; Қайролла Махмудов, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин сынды профессорлар, Тахауи Ақтанов, Әнуар Әлімжанов, Иван Шухов, Александр Жовтис сияқты жазушылар КазГУ-де арнайы жиналыс өткізіп, қасқайып отырып, «Мағжан ақталсын!» деп қаулы қабылдап, Орталық комитетке жолдады. Үлкен қайраткер Ілияс Омаров Мағжанды қолдағаны үшін өзінің туған партиясынан таяқ жеді. Бұл фактіге белгілі қайраткер Асанбай Асқаров куәлік етеді.

Қауіпсіздік комитетіне Қазақстан Жазушылар Одағының атынан, сол кездегі хатшысы Әбділдә Тәжібаев қол қойып, қағаз түсірді. Осы құжатқа табынып, КГБ тергеушісі – Мұқаев, 1938 жылы атылып кеткен Мағжан ақынның   шет  елдің, жапонның барлау қызметімен  байланысы туралы айып бекітілмесе де, әдеби мұрасы туралы 1960 жылғы 11 маусым күні мынадай қиянатты қорытынды жасады. Мағжан мұрасы тағы 28 жыл тұншықты, есімін атауға тыйым салынды.

«Осы іс бойынша Қазақстан Жазушылар Одағы: «…оның ақындық мұрасы, тұтас алғанда, идеялық ұстанымы жағынан ұлт­шыл-буржузияшыл, олай болса, контрреволюциялық сипатта… Жұмабаев әдебиет өлкесіне нағыз декадентшіл, қазақтың жас буржуа­зиясының идеологы болып келді…» Жазушылар Одағынан осы қағаз жазылғаннан кейін, бас-аяғы 16 күн дегенде, Мағжанды Совет соты сонда да ақтады. (Жазықсыз деп ақтаған Қазақстан Республикасындағы сот органы емес, 1960 жылғы 29 маусымда,Түркістан әскери округінің прокуроры ­Пастревичтің наразылығы негізінде, әскери трибуналдың 8 тамыздағы шешімімен ақталған.-З.Т.) Ақталған себебі: «Бұрын тағылған айып бойынша (1930 жылғы.-З.Т.) жазасын толық өтеген, одан басқа жаза тағайындайтын негіз жоқ, «жапон шпионы болдым дегені жалған, совет құжаттарында ондай дерек жоқ» екен.

Заңды түрде ақталғанына қарамастан, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросына 1968 жылы (мәжілісті екінші хатшы В.Титов жүргізген) сонда да Мағжанның есімін атауға тыйым салынды, себебі «сот жүзінде ақталғанымен, моральдық тұрғыда (!) ақталмапты. Кім ақтамапты? Жазушылар Одағы ма? Қазақ халқы ма? Аты аталмай, жарық дүниеге көтеріліп келе жатқан басынан теуіп, қайран боздақ көрге қайта көмілді.

«Литературная газетаның» Қазақстандағы меншікті тілшісі Әнуар Әлімжановтың Мағжан Жұмабайдың 70 жылдығына арнап 1963 жазған мақаласын және орысшаға аударылған екі өлеңінің қолжазбасын Мәскеудегі архивтен таптық. «Қалай да бастыра көріңіздер, Мағжан Жұмабаевты бүкіл түркі тілдес республикалар құрметтейді, газетіміздің таралымы көбейеді» деп автордың жалына жазған хаты да жатыр.

1982 жылғы қазанда «Білім және еңбек» журналы Қойлыбай бақсы туралы аңызды алғысөз жазып жариялағаны үшін Алаш­орда қайраткері «М.Жұмабаевты дәріптеді» деп редактор Бейбіт Қойшыбаевқа қылмысқа бергісіз жала жабылды. Әріптестері: «Біздің партия үшін Жұмабаев ақталмаған. Және бұл алашордашы ешқашанда ақталмайды» деп кесімді үкім шығарғанына куә болдық. Бейбіт құрдасымыз әділет іздеп, ­Д.А.Қонаевқа шағынды. 1983 жылы 27 ақпанда Совет Одағының бірінші басшысы Ю.В.Андроповтың атына жазған хатына екі рет жазықсыз қудаланып, ату жазасына кесілген Мағжан ақынның тағдырын арқау етеді. Хатта мынадай сөздер бар еді:

«В 1960 г. его реабилитировали. М.Жумабаева считают поэтическим мостом между Абаем и современной советской казахской поэзией. Тем не менее, творчество М.Жумабаева находится под фактическим запретом. А с высот сегодняшнего дня можно и надо заполнить пробел в истории казахской литературы, вернуть незаслуженно забытые имена и не дать повода кривотолкам, – к этим мыслям наталкивают положения о внимательном отношении к национальной культуре, высказанные Вами, Юрий Владимирович, в докладе «Шестьдесят лет СССР».

Совет мемлекетінің басшылығына Михаил Горбачев келіп, тарихи өзгерістер болмаса, Мағжан да, басқа да ақталмас еді, ондай күш қазақтың қолында жоқ еді. Заман сондай болған, заманның зұлматына қарсы шығып, кемін толтырып, жоғын іздеушілер де болған. Мұны да жастар білуі керек-ақ.

Ақыры Мағжан атамыз арамыз­ға оралды, оның шығармалары – Тәуелсіз Қазақ елінің аңсаған арманындай ұрпақтарының аузында.

Мағжанның есімін ақтап алу үшін күрескендердің ерлігі туралы біраз мысал келтірдім. Жастар білсін, еліктеуге, ұқсауға тұрарлық аталарың болған, қазір де бар. Шындық, әділдік үшін жан пида болса, арманың жоқ.  Ұрпағың ұмытпайды. Мұндай көзсіз істерді ерлік дейді. Ал ерлік жасау үшін соғыс керегі жоқ, әділет үшін күрестің әрбір мысалы ерлікке бергісіз.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button