Мәдениет

АЛАШТЫҢ «ҰРАНЫ»

Ұран

2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері шыға бастағанына 95 жыл толғанын атап өтті. «Известия областного исполнительного комитета Совета крестьянских, рабочих, киргизских, красноармейских и ловецских депутатов» – «Ішкі Ордалықты басқарушы областной кіндік комитеттің Хабары» аталып, Орда қаласында қазақ және орыс тілдерінде шыққан басылымның туған күні 1918 жылғы 17 қараша еді.

Мерейтойға дайындық барысында Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен «Известия»-«Хабар» газетінің тігіндісін тауып, көшір­месін алып келген едік. Осы газеттің алғашқы санын қарап отырып, қазақ тілінде (араб әрпімен) басылған мынадай хабарға көзіміз түсті:

«Протокол №112. Баспасөз тарату ісінің ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін облыстық кіндік комитет қаулы жасады: Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасын бірге қосып, қызмет еттіруге һәм ол баспахананы басқару ісін жолдас Выгдорщикке тапсыруға. Областной кіндік комитет».

«Известия»-«Хабардың» ал­ғашқы санында басылған бұл құжат жаңа басылымның Хан ордасында бұрыннан қызмет еткен «Ұран» газетінің негізінде ашыл­ғанын мәлімдеп тұрған еді.

Әрине, осы кезге дейін де Батыс Қазақстан облыстық газетінің тарихын зерттеушілер болды. 1950 жылдарға дейін облыстық газеттің бастауы ретінде Орал қаласында шыққан «Қызыл ту» газетінің туған күні – 1920 жылдың 7 желтоқсаны аталатын. Бұл датаның әріге жылжуы басылымды ардагер журналист, қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиев басқарған кезбен (1952-1955, «Екпінді құрылыс») сәйкес келеді.

«Біздің облыстық газеттер 1920 жылдан шығып келеді деп жазылып жүрген. Бірде оңтүстіктегі шипа мекендердің бірінде демалып қайтқан қарт журналист Ғұбаш Жөндібаев Мәскеудегі бос уақытын пайдаланып, революция музейіне барып, Бөкей губерниясында екі тілде 1918 жылдың 17 қарашасынан шыға бастаған газеттерді тауып алады да, екеуінің фотокөшірмесін әкелмесі бар ма?! Бұл оқиға бізді бір сілкіндіріп тастады» деп еске алады қарт журналист.

Осы деректің негізінде газеттің жаңа «туған күні» бекітіліп, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері 1968 жылы елу жылдық мерейтойына байланыс­ты «Құрмет белгісі» орденімен наградталған.

Бір қызығы, «Известия»-«Хабар» газетінің ал­ғашқы сандарын тауып әкелген азаматтар оның бірінші бетіндегі «хаттаманы» – «Ұран» газеті туралы деректі де көргені анық. Ендеше ол ағалар басылым тарихын бұдан да әрі жылжытып, 1917 жылдан шыққан «Ұран» газетінен неге бастамады екен?

*   *   *

Бұл сұрақтың жауабы – «Ұран» газетінің мән-мазмұны мен оны шығарушылардың саяси көзқарасында болып шықты. КСРО-ның күркіреп тұрған 1950 жылдары «Ұран» газетінің неге «ұмыт қалғанын» түсіндік. Бар мәселе – «Ұранды» ұйымдастырған азаматтардың 1917-1918 жылдары большевиктік идеяға емес, қазақтың қанына жақын Алаш қозғалысына бүйрек бұрғанында екен.

Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабында сол кезеңдегі қазақ баспасөзі туралы мынадай құнды дерек келтіреді:

«…Әр жерде-ақ газет шығара бастады. Семейде – «Сарыарқа» газетi, Ташкентте – «Алаш» газетi, соңынан «Бiрлiк туы». Бөкейлiкте, Астрахан қаласында – «Ұран» газеті, Ақмолада – «Тiршiлiк» газетi, Орынборда – бұрынғы белгiлi «Қазақ» газетi.

«Сарыарқаны» басқарған – Қалел Қаппасұлы, жазушылары: Ермекұлы, Бөкейханұлы, Тұрғанбайұлы және басқалар.

«Алашты» басқарған – Көлбай Тоғысұлы.

«Бiрлiк туын» басқарған Мұстапа Шоқайұлы, жазушылары: Болғанбайұлы, Төреқұлұлы, Қожанұлы және басқалар.

«Ұранды» басқарған – А.Мұсаұлы. «Тiршiлiктi» басқарған – Рақымжан Дүйсенбайұлы, жазушылары: Сәдуақас Сейфуллин (мен), Асылбекұлы, Өмiрбай Дөнентайұлы және басқалар. «Қазақты» басқарған – А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы. Жазушылары: Бөкейханұлы, тағы солар. Бұл газеттер, «Тiршiлiктен» басқасының бәрi, бiр бетте болды. Бәрi Орынбордағы «Қазақ» газе­тi­нiң ықпалымен жүрдi. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. «Қазақтың» басындағылар Қазақ­­станның әр же­рін­дегі ниеттес адам­дарына нұсқа беріп, хат жазып жатты. Газет­тердің бәрі көзжұмбай ұлт­шыл болды. Ұлтшыл болған соң еріксіз байшыл газет болды. Бәрінің ортақ туы «Қазақ» газеті болды. (57-58-бет).

«…1917-18 жылдарда …қазақ большевиктері саяси күресті «Алашпен» айқасып бастаған еді.  …Семейде шыққан «Сарыарқа» мен «Абай» «Алаш­тың» ордасы болды.

Ақмола губерниясында – Ақмолада шыққан «Тіршілік» газеті «Алашты» мінеп жазып жатты…

Торғайдың оқығандары, Қос­танай­дың, Оралдың «алдыңғы қатар­дағы» оқығандары қосылып, Орын­бор қала­сындағы «Қазақ» газеті­нің шылауында болды. Бұлар көп жерге – барлық Қазақстанға жөн-жоба­сын беріп тұр­ды. «Қазақ» газеті «Алаштың» ұйым ордасы болып тұрды.

Түркістан оқығандары Ташкенде «Бірлік туы» деген газет шығарып, «Алашты» ұран қылып тұрды.

Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды… Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша  жазып  шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» (дұрысы «Тұрымтай» – Қ.Қ.) еді. Кітапшасында Әлекеңді мақтайды».

Көріп отырғанымыздай, жоға­рыдағы үзінділерде Сәкен Сейфуллин «Ұран» газетінің саяси бағыт-бағдарына нақты баға беріп, анық «алашордашылардың» қатарына қосқан еді. Міне, Кеңес өкіметі кезінде бұл газеттің аты аталмауы, зерт­теушілердің назарына ілікпеуі түсінікті.

*   *   *

Жоғарыдағы деректен кейін «Ұран» газеті туралы кеңірек біл­гіміз келіп, іздестіре бастадық. Алайда, қазақ баспасөзінің қалып­тасу тарихына арналған еңбектерде «Ұран» туралы жалпы тізімде айтып кеткенімен, жеке тоқталмайды. Ға­лымдар Сағымбай Қозыбаев, Айгүл Рамазанова, Қырықбай Аллаберген шығарған «Әлем баспасөзі тарихынан» атты оқу құралында (Алматы, «Санат», 1998) ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің тарихы туралы арнайы бөлім берілген. Алайда, 1917-1918 жылдары жарық көрген «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат», «Алаш» газеттері мен «Абай» журналына толығырақ тоқталған авторлар «Ұран» туралы ештеңе жазбаған.

«Ұран» газетіне қатысты деректер жанама болса да Ғұмар Қараш пен Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің өміріне қатысты еңбектерде қам­тылған. «Алаш» қозғалысы» атты (Алматы, 2008) жинақта берілген Ғ.Мұсағалиевтің «1917 жылы Ордада «Ұран» аталатын жартылай ресми газет шығарғанын» айтады. «XX ғасырдың басындағы ұлттық демократиялық ағымдағы қазақ зиялыларының бірі Ғабдулғазиз Мұсағалиевтің қызметі» атты мақа­ласында ҚазҰУ хабаршысы», Заң сериясы, N2 (54). 2010) ғалым Т.Муттайрова былай деп жазады:

«1917 жылдың ақпан айында патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет құрылғанда, Ғабдулғазиз Мұсағалиев шілде айынан бастап Орал қаласында өзінің əріптестерімен қосыла отырып, «Ұран» деп аталатын жартылай ресми газетті шығарады. Ұлт істері комиссариатының Қазақ бөлімшесінің Бөкей облысына кө­шуіне байланысты «Ұран» газеті Қазан  революциясының мұ­рат­тарын насихаттайды».

Белгілі тарихшы Исатай Кен­жәлиевтің «Ғұмар Қараш» кіта­бында (Исатай Нәсекенұлы, Орал қаласы, 2004) «Ұран» газетінің маңында болған тұлғалар туралы мәлімет бар:

«Ғ.Қараш баспа жұмысына да араласады. Әуелі Ғ.Мұсағалиевпен Ордада шығып тұрған «Ұран» газетінің ісіне қатысады. 1918 жылы күзде РСФСР Ұлт істері халық комиссариаты (ҰІХК) Қазақ бөлімінің басшылығымен қазақша-орысша газет-журнал шығару ісі қолға алынады. Мұғалімдер үшін «Мұғалім» журналын дайындауға кіріседі. Әр жерден араб әріптерін, баспахана станогін т.б. жабдығын тауып әкелу, полиграфия маманын табуда Ғ.Қараш тәжірибесі пайдаланылды. ҰІХК-нің Қазақ бөлімі үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін көрнекі қайраткерлердің еңбектерін қазақ тілінде шығаруға аудармашылар комиссиясын құрады. Оған С.Меңдешев, Ғ.Қараш, Х.Есенбаев, Т.Сафиев, Ғ.Мұсағалиев т.б. кіреді. Қазақта болмаған аударма жұмысы басталады. Бұл кезде Ғұмар жұмысбасты хәлде болады. «Алашқа» деген өлеңі Семейдегі «Сарыарқа» газетінде 1918 жылғы 22 қаңтарда жарияланады. «Алаш азаматтарына» деген өлеңі Орда­дағы «Ұран» газетіне шығады. Бұны зерттеген Қазақ ССР Ғылым ака­демиясының ғылыми қызметкері Мұстафа Исмағұловтың ең болмаса бір тарихи мақала жазбағаны өкінішті. Әрине, кезең тарихы ауыр, зерттеушіге қатерлі де еді…»

Исатай Кенжәлиев ағамыздың «зерттеушіге қатерлі» деген диагнозы сол заманның көп шын­дығы дер кезінде не себепті айтыл­мағандығын дәл түсіндіреді. Әрине, ол үшін ешкімді сынап, кінәлаудың қажеті де жоқ.

(Жалғасы бар)

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

журналист, «Ұран» газетінің мәтінін қазіргі әліпбиге аударушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button