Басты ақпарат

Алаштың ұстазы

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай атқарылуы тиіс өзекті мәселелер туралы ой-толғам һәм ұсыныстар

Ахмет Байтұрсынұлы! Ардақты да аяулы есімді бұл күні білмейтіндер некен-саяқ болар-ау. ­Өйткені ұлттығымыздың айғағы – туған тіл ­туралы сөйлесек, Ахметтің ардақты есімі ­қатар айтылады. Оны айтпасқа құқымыз да жоқ. ­Себебі қазақтың ана тіліне ғылыми жүйеде түрен салып, негіздеуші – Ахмет!

[smartslider3 slider=1820]

Тізбелеп көрейікші. Біріншіден, ХХ ғасыр басында жетілген жұрт тілінің жетегінде адасқан Алаштың әліпбиі мен әліппе­сін ұлттық болмысқа ла­йықтап түрледі, түзіп берді. Дәлел – 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы» қазақша әліппе кітабы. Осы әліппе жүйесімен әлі күнге сауатымызды ашып келеміз. Екіншіден, жұртымыз орыс патшалығына бодан болып тұрғанда «қырғыз» атанған еліне «қазақ» деген төл атауын қайтарды. Дәлел – Орынборда 1913-1918 жылдары жарияланған «Қазақ» газеті арқылы жүзеге асырғанын мұқым ел біледі. Үшіншіден, Қазан төңкерісімен келген «Жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер!» дейтұғын бейнетқорлар көсемі Лениннің бұқараға беретін теңдігі кезінде ұлтына дербес ел болу үшін шекарасы анықталған автономия әперді. Дәлел – Орынбордың 1920-1924 жылдары қазақ елінің рух көтерер ордабасы болуы. Өкініштісі, бұл рухани орда өзгенің еншісінде кетті, десе де бұдан бүгінгі ұрпақ сабақ алуымыз қажет. Алдағы уақытта ата-бабадан қалған киелі жерімізді болашақ ұрпақ үшін көзіміздің қарашығындай сақтау­ға мүдделіміз. Тізе берсең, ұлт алдында тарихи істері таудай теңдессіз тұлға, кемел ер – ол Ахмет Байтұрсынұлы! ХХ ғасыр басында ел мүддесі үшін күрескен тұлғаны замандастары «Қазақ халқының көсемі», «Ұлттың ар-ожданы» деп ұлықтап, есімін тура атамай, «Алаштың Ахаңы» деп дәріптеген. Біз ше?!

Ағартушы-күрескердің есімін жылдар бойы айтқызбаған кеңестік жүйе бір уақыттары өзі даттаған тұлғаны 1988 жылы қарашаның 4-і күні өзі ресми ақтады. Он бес республиканы иіріп, «өз дегенін» істеткен Кеңес Одағы келмеске кетті… «Дүние – кезек» деген бабалар нақылы ақиқатқа айналды. Ұлт жұмысын арымен атқарған Ахметтей данадан қалған мол мұра артындағы еліне ырзық болғанын уақыт өзі екшеп, тарих таразы болғанын көзіміз көрді. Қазаққа ғана емес, бүкіл түркі елінің мақтанышына айналған Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына танымдық тұрғыдан зерттеу жүргізу – ұлт тіліне мәртебе алған тарихи кезең – 1989 жылмен тұспа-тұс келді. Бұл кездейсоқ емес, ғажап үндестік еді. Ұлт жері мен ел дербестігі, тілі мен тіні, діні мен ділі үшін «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген есіл ер халқымен қайта қауышқанына 34 жыл болды. Еліміздің дербестігімен бірге Ахметтің екінші, мәңгілік өмірі тарих шежіресіне жазылғанмен, ғұламаға лайықты құрметті көрсетіп үлгермедік… Сол кемшіліктердің орнын тұлғаның биыл аталатын 150 жылдығы қарсаңында түгендеу – перзенттік парызымыз. Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт ұстазының 50 жылдық мерейтойында рухтас замандасы Мұхтар Әуезов: «…қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды. Ахаңның қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіші – мәңгілік ескерткіш» деген екен. Заңғар әрі сұңғыла жазушының көрегендігіне тәнтіміз! Бірақ әттеген-айларымыз да жоқ емес. Тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалған қазақ елінің өткені, бүгіні, келешегі туралы айшықты ойлар мен келелі пікірлер Алаш арысына тиесілі. Халқымыздың іргелі ел болып қалыптасуында ерен еңбек еткен ардақты тұлғаның есімі мәңгілікке жазылып, Отан тарихынан лайықты орнын алды деп айта аламыз ба?! Жүзжылдықтар тоғысында егемен елінің тарапынан «Ана тілдің айбары» медалі және «Ғасыр саңлағы» алқа белгісімен марапатталды. Бірақ бұлар мемлекеттік марапат емес қой. Бұл жөнінен де ойласуымыз керек.

Иә, ғалым есімі оралғаннан бері шығармалары бірнеше дүркін басылып, жұртшылықтың көзайы­мына айналды. Мәселен, ғалым мұрасына қатысты тіл, әдебиет, тарих, заң, көсемсөз, философия, педагогика, психология, т. б. мамандықтар бойынша 60-қа жуық кандидаттық, 30-дан аса докторлық диссертация қорғалды. Әлбетте, бұл жазылған зерттеулер біліктілігі жағынан қарастырылған салалары бойынша толық меңгерілген тақырыптар екені де даусыз. Және бұлар ғұламаның шығармашылық ғұмырнамасын қамтыған алғашқы не соңғы еңбек емес. Алаш арысының тауқыметті тағдыры ұрпақ ауысқан сайын талай тақырыпқа өзек болары анық. Келешек ұрпақтың ұстаз болмысына қайта оралып, өркениет талабы тұрғысынан қайта қарап, қалам тартары да хақ.

Бүгінгі тәуелсіздік кезең ұрпағының міндеті – тұлғаның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттың маңдайына біткен болмысы бөлек Ахметтің тарихи құбылыс екенін, оны «Алаш көсемі» деп дәріптеген замандастарының таным-пайымы бойынша ұрпаққа танытуда кешенді жұмыстарды жоспарлы түрде рет-ретімен жүргізу. Ғұлама ғибратының өміршеңдігін осы кешенді жұмыстар барысында жедел қолға алып, жаңаша пайыммен насихаттау.

Бұл күні тұлғаның мұрасын зерделеп, кемеңгердің кемел білім-ілімін ұрпаққа таныту мақсатында жазылған зерттеулер легі де жетерлік, тіпті жылма-жыл толығу үстінде. Атап айтсақ, әдебиеттанушы Р.Нұрғалиев, тілші Р.Сыздықова, тұлғаның немере інісі С.Кәкішев, өзбек елінің қазақ ғалымы М.Джусупов, физик М.-Х.Сулейманов, көсемсөзші Ж.Байтелесова, тілші Ш.Жалмаханов, әдіскер-тілші А.Қыдыршаев, жазушы ­Б.Ілияс, педогог Қ.Ыбыраимжанов, ақын, көсемсөзші Н.Бектемісұлы, жазушы Қ.Сәрсекеев, философ Қ.Ашекеева, ақын, көсемсөзші С.Оспанұлы, тілші Қ.Ибраймов, мұратанушы Р.Имаханбетова, әдебиетші Ө.Әбдиманұлы, әдебиет­танушы Ұ.Еркінбаев, тарихшы Г.Тұрғараева, түрік ғалымы, тілші Н.Бірай, мемлекет қайраткері К.Мәсімов, жазушы А.Ахетов, ақын С.Тұрғынбекұлы, әдебиетші А.Ойсылбай, орыс тарихшысы Т.Тугай және т. б. Сонымен қатар тарихшылардың кең тақырыпта қарастырған ғылыми зерттеулері бір төбе. Бұдан бөлек, академик-­ғалымдар: М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, З.Ахметов, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, К.Сағадиев, М.Қойгелдиев, М.Жұрыновтың мақалалары бар.

Ақиқатында, тұлғатану һәм мұратану мәселелері бойынша ахметтану тақырыбына жазылған барлық зерттеудің маңызы зор. Дегенмен де бұл еңбектердің кейбірінде іздену барысында «жаңсақ пікірлер мен қате қағидалар» қалыптасқанын да жоққа шығара алмаймыз. Алдағы уақытта бүгінгі заманауи ғалымдар тарапынан сол «жаңсақ пікірлер мен қате қағидалардың» тұжырымдалуының себеп-салдары зерттеп-зерделенуі тиіс. Қазақта «адасқанның алды – жол, арты – соқпақ» деген қанатты сөз бар.

Тәуелсіздік кезеңде қалып­тас­қан ұлттық ғылымның алтын ғасыры – ахметтану тақырыбында ғалым мұрасын келер ұрпақтың игіліне жарату мақсатында, оны заманауи форматта оқытудың жолдарын зерделеу үшін 2019 жылы 29 қарашада Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» оқу-әдіс­темелік, ғылыми-зерттеу орталығы жауапкершілігі шек­теулі серіктестігін тіркетіп, жұмыс бастадық. Орталық тарапынан «Ұлағатты ұлт ұстазы», «Ғасыр саңлағы», «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық әдебиеттаным» жобаларына авторлық куәлік алдық. Осы жобалар бойынша ғалымның 150 жылдығына орай шығарылуы аса қажет туындылары мен ғалым туралы жазылған еңбектер дайындалу үстінде. Атап айтсақ, «Ахмет Байтұрсынұлының он екі томдық толық шығармалар жинағы. Қазақ және орыс тілдерінде» ғылыми туынды (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірге); «Ғасыр саңлағы» әдеби зерттеу, «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл философиясы» роман-эссе. Ескерте кетер жайт: жазушы ­Д.Амантайдың А.Байтұрсынұлының қазақ әдебиетіндегі көркемдік тұлғасын бейнелеген «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл философиясы» атты роман-эссесі біздің орталық тапсырмасымен жазылды, қазір редакция жұмысы жүргізілуде. Тоқсаныншы жылдары жарық көрген әдебиеттанушы Р.Нұрғалиевтың «Ахмет Байтұрсынов» кітапшасы, тілші Р.Сыздықова­ның «Ахмет Байтұрсынов» кітапшасы, тұлғаның немере інісі С.Кәкішевтің «Ахаң туралы ақиқат», жазушы Б.Ілиястың «Алтын бесік» кітаптарының мәтіні теріліп, дайындалды. Себебі бұл туындыларға қызығушылар көп болғандықтан, қайта шығару керектігі айқын.

2022 жылы мерекеленуі тиіс Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының жалпыреспубликалық жоспары 2021 жылғы 9 қарашадағы ­№21-32-3.320 хаттамасымен бекітілді. Осы бекітілген жоспарда «63» пункт қарастырылған. Мәселен, 58-тармақшадағы: Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін абаттандыру жұмыстарын жүргізу 2022 жылдың қазанына дейін орындалуы жергілікті бюджетке жүктелген. 59-тармақшадағы: Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің ғылыми-реставрациялық жұмыстары үшін ғылыми-жобалау құжаттамасын әзірлеу, 60-тармақшада: республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші – Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі­не ғылыми-реставрациялық жұмыс пен музейлендіру жүргізу республикалық бюджеттің 033 бюджеттік бағдарламаның 100 кіші бағдарламасы шегінде қарастырылатыны көрсетілген. Мұнан бөлек, «Ақаң жүріп өткен жолмен…» атты ғылыми-танымдық экспедицияға шығу, «Жаңа ұлттық әліпби: сауатты жазуды қалыптастыру» атты республикалық конкурс өткізу, ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстанбұл қаласында дөңгелек үстел, фотокөрме ұйымдастыру, отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ЮНЕСКО-ның Париждегі (Франция) штаб-пәтерінде дөңгелек үстел өткізу, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ аясында халықаралық түркітанушылар конгресін өткізу (Түркістан қ.), Анкарада, Орынборда ғалымның ескерткішін орнату мәселесін қарастыру, Орынборда және Ташкентте іс-шараларды өткізу, Бакуде «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция өткізу, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу, Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу, Қостанай облысы Жангелді ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы тұлға өмірге келген үйді қалпына келтіріп, музей-үй етіп ашу және Байтұрсын әулетінің қорымын қоршау іс-шараларын атқару жоспарланған. Енді осы аталғандардың бәрі іс жүзіне асса – кемел тұлға Ахметтің алдындағы перзенттік борышымыздың бір парасы өтелгені. Іске сәт дейміз. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, Алаш мұрасының жанашыр­лары мен тәу етушілері өздерін көрсететін кез – бұл. Ауызбен орақ ормай, іске көшетін сәт!

Ахметтің тағылым үйіне қайта оралсақ, тұлғаның көзіндей болған жалғыз жәдігері – ­музей-үйін мемлекеттік емес деп айтудың өзі ұят еді. Бірақ 2021 жылдың 13 қазанына дейін мемлекет балансына алынбағаны шындық. Ол күндерден де өттік. ­Ақиқат-алмастың ажарын тат баса алмады. Әділеттің ақ таңына 28 жылдан кейін ғана қол жеткіздік. Бірақ әлі түбегейлі шешілді деп кесімді сөз айтуға жүрексініп отырған жайымыз бар. Неге? Себебі Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың №4/508 қаулысы қолға тигенмен, ресми құжатта қарастырылған тармақшаларда: Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі деген дербес атаудың жазылмауы көңілге күдік ұялатады. Ақиқатында, осынау маңызы зор тарихи мекеме атауының заңдастырылуын 28 жылдан бері күтудеміз. «Алматы қаласы коммуналдық меншігінің кейбір мәселелері туралы» деген қаулыда:

«1. Алматы қаласы Мәдениет басқармасы Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Байтұрсынов (Байтұрсынұлы деп жазуға не кедергі?! Ұлттығымызды айқындайтын аты-жөнді қазақшалайтын кез жетті! – Р.И.) көшесі, 60-үй мекенжайындағы кадастрлық нөмірі 20:311:016:32, жалпы ауданы 0,1559 гектар жер учаскесінде орналасқан кадастрлық нөмірі 20:311:016:32:1, жалпы ауданы 160,1 шаршы метр жылжымайтын мүлік объектісін (бұдан әрі – ­Объект) Алматы қаласы меншігіне берсін.

  1. Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте:

1) Объектіні Алматы қаласының коммуналдық меншігіне қабылдасын;

2) Объектіні Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына оралымды басқару құқығында бекітіп берсін.

  1. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж.Бабақұмаровқа жүктелсін».

Қаулы мәтіні осы, аңдасаңыз­дар нысан Байтұрсынұлы, 60-үй бар, нысанның атауы: музей-үй деген тіркес жоқ! «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген даналық сөз бекер айтылмаған. Осыдан тура 28 жыл бұрын Алматы қаласы әкімінің 1993 жылдың 9 қыркүйегіндегі №360 шешімде нақты ресми атауы: «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» заңды күші бар құжат болған. Бірақ іс жүзіне аспады, шешім орындалмады. Неге орындалмағанын БАҚ-та өзекті мәселе етіп сан мәрте көтергенбіз.

Шындығында, «Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі» деген мекеме атауының қазақ қоғамында қалыптасып, жалпы бұқара жұрттың көзі мен құлағы үйрене бастағанына біршама уақыт болды… Дәл осы атау ел жадында жатталып, ұрпақ санасына сіңсін деген мақсатпен 2008 жылы, «жанымды жалдап жүріп», тарихи ғимараттың шатыр жиегіне жаздыртқанмын. Нәтижесіз болған жоқ, ұлт ұстазы іліміне сусағандар тағылым мектебінің табалдырығын құрғатпады. Осылайша ғимарат атауы «заңды» тіркелмесе де спутник картаға еніп, алашшыл жұрттың жадында жазылды.

Тарихи ғимараттың атауын ресми тіркетіп, заңдастырудың орайын «қасақана» жасатпаған тұлға атындағы қордың түпкі мақсатына көзім жеткен күннен арпалысумен келдім. Содан бері қазақ қоғамындағы қаптаған «қорларға» күмәнмен қарайтын күйдемін. «Қой терісін жамылған қасқыр» сықылды «қорлар» көп. Қорлардың барлығы дерлік мемлекеттік бюджет есебінен күн көретіні жасырын емес, өз қаржысымен жұмыс істейтін қор көрмедік. Мемлекет қаржысына ілікпеген қорлар қарапайым бұқараның қалтасын қағып, «жылу» жинайтыны және бар… Ал қайырымдылық қор құрып алғандарға тіпті таңым бар. Бұларды зерттеп, зерделеп жатқан ешкім жоқ.

 (Жалғасы бар)

Райхан ИМАХАНБЕТ,

Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығы директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button