Алаштың жарық жұлдызы

Астанада ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Алаштың жарық жұлдызы» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Әдеби-танымдық кешті орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қалалық әкімдіктің «Руханият» мекемесімен бірлесіп ұйымдастырды.
– Іс-шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, сыршыл да лирик ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын таныстыру, жастарды елжандылыққа, тілімізді құрметтеуге, Отанын сүюге, әдебиетке құштар болуға тәрбиелеу. Жалпы әдеби-танымдық кештер кез келген адамға жақсы әсер сыйлайды. Адамның кітапқа, проза мен поэзияға қызығушылығы оянады, – деді Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Абылгазина.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш төрт бөлімнен тұрды. Біріншісі – «Жүрек сөзінің жыршысы». Мұнда оқушылар мен студенттер ақын өлеңдері мен поэмаларынан үзінді оқыды. Ал «Мағжан тілі – халықтың үні» бөлімінде кешке келген зиялы қауым және өнер майталмандарымен сыр-сұхбат болды. «Мен жастарға сенемін» атты үшінші бөлімде кітапхана қызметкерлері әзірлеген бейнебаян көрсетілді. Ал соңғы бөлімде Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне жазылған әндер шырқалды.
Іс-шараға қаламгерлері, өнер майталмандары, мектеп оқушылары, студенттер және оқырмандар қатысты.
Сабина КӘКІМЖАН