Жаңалықтар

«АЛАУДЫҢ» ЕСІГІ АШЫҚ

ERA_5041

Елордада 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні барлық сән-салтанатымен аталып өтті. Әсіресе, «Алау» мұз айдыны сарайында өткен ауқымды шарада балдай тәтті балдырғандарға қызыққа толы сый ұсынды.

Халқымыз «бала – бауыр етің» деп бекер айтпаған. Кейінгі ұрпағына ұлағатты із қалдыруды мұрат еткен ұлтымыздың болмысында бөбекке деген мейірімділіктің орны бөлек. Сондықтан да айтулы мерекеге аталған спорт сарайының ұжымы мұқият дайындалған. Әсіресе, игілікті шараға қатысуға келген жеткіншектердің қарасы мол. Бір тарапта балалар роликтерімен ызғып жүрсе, келесі беткейде шағын хоккей алаңындағы ойын қыза түскен. Екінші лекте – ұлттық ойындардың бәсекесі өтуде. Ұлттық киім киген жас өрендердің өнерлері де ешкімді бей-жай қалдырмайды. Қайда бұрылсаң да, балалардың шат күлкісі сарай ішін нұрға толтырып, ғажайып күйге бөлейді.
– Бүгін біз үшін ерекше күн десек болады. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып отырмыз. Оған келушілер саны әжептәуір. Ең бастысы, балғындарға ұнаса болды. Айталық, қалалық Білім басқармасымен бірлесе отырып, балалардың жазғы демалысын қызықты, тартымды өткізулеріне жағдай жасамақшымыз. Біздің спорт сарайы жаз бойы балаларға арнап түрлі спорттық шараларды ұйымдастырмақ. Демек, балаға компьютер алдында сарылып отырғаннан гөрі, бір сәт спортпен шұғылданғанның пайдасы көбірек екені рас. Сондықтан, жазғы каникулда жасөспірімдерге есігіміз ашық. Кіру бағасы да қымбат емес. Бар болғаны – 500 теңге. Осы төлеммен балалар жарты күн бойы емін-еркін түрлі спорттық ойындармен шұғылдана алады, – дейді «Алау» мұз айдыны сарайының директоры Наиль Нуров.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button