Басты ақпаратМәселе

Алаяқтарға арбалып қалмаңыз

Астана қаласында телефон алаяқтығының көбейіп бара жатқаны туралы полиция жиі дабыл қағуда. Тіпті олардың дандайсығандары соншалық, өздерін шенді полиция қызметкері ретінде таныстыратын болған.

Міне, осындай бір жағдай елорда тұрғынының басынан өтіпті. Әуелі өзін «мен банк қыз­меткерімін, сіздің депозиттегі ақшаңызға алаяқтар шабуыл жасауда. Оны біз полицияға хабарладық, бұл туралы сізге осы іспен тікелей айналысып жатқан қалалық Полиция департаментінің жауапты қызметкері өзі айтсын» деп өзін майор Ермекбаев деп таныстыр­ған адамға телефонды берген. Бұрын мұндайды естімеген зейнет жасындағы әйел кеше ғана депозитке салған қомақты ақшасын ойлап абдырап қалады. Телефонның арғы жағындағы адам «асығыңыз, уақыт тығыз. Тезірек ақшаңызды мына шотқа аударыңыз. Аса сақ болыңыз, бұл туралы әзірге тірі жан білмейтін болсын» деп бастырмалатып, асықтыра бастайды. Абырой болғанда, такси шақыртып, банкке бара жатқан жолда бір ағайыны кездесіп, әйел адамды ақшаны басқа шотқа аударуға асықпауға шақырады. Міне, осы жерде «телефонды айырмаңыз, үнемі байланыста болыңыз» деп отырған «майордың» өзі байланысты үзіп, зым-зия жоқ болады.

Қазақша сөйлесе, қашады

Бас қалада мұндай алаяқ­тық кейінгі кезде өршіп бара жатқаны жасырын емес. Сұмпайылар басқа қалада, бөтен елде отырып та телефон соға береді екен. Полиция осы бағытта бітіспес майдан ашып, тұрғындарды барынша сақ болуға үгіттеп, түсінік жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Алайда кейбір жасы ұлғайған адамдар өзінің аңғалдығынан зардап шегіп жатыр.

Психолог Айдын Әріновтің айтуынша, мұндай адамдармен көп сөйлесуге болмайды екен. Сізге «банктен немесе полициядан хабарласып тұрмын» деді ме, телефонның тұтқасын қоя салыңыз. Алаяқтар ондай кезде екінші қайтып қоңырау шалмайды. Өйткені олардың «нейролингвистикалық бағдарламалау» атты психологиялық мүмкіндігіне сіз дөп келмесеңіз, олар қайтып сізге жоламайды. Екінші мәселе, мұндай кезде тек қазақ тілінде сөйлеу керек. «Мен сіздің айтқаныңызды түсінбеймін, қазақша айтыңыз» десеңіз, олар трубканы қоя салады. Неге десеңіз, сөзіміздің басында айт­қандай, алдауға дағдыланған адамдар осы тұрғыда ұзақ да­йындалады. Неше түрлі психологиялық трюктер әзірлейді. Міне, олардың осы алдын ала дайындықтары орыс тілінде болғандықтан, сіз қазақша сөйлесеңіз, үні өшетіні сондықтан.

Ал олар телефон шалғанда тыңдай бастадыңыз ба, онда өзіңіз арбауға қалай түсіп қалғаныңызды байқамай қаласыз. Олар сіз туралы ақпаратты дәл айтып тұрғандай болады, қай банкте қанша ақшаңыз бар екенін, оны қашан алып, қашан салғаныңызды нақты айта бастағанда, амал жоқ, сене бастайсыз. Тіпті оған қоса олар сіздің балаңыздың, бауырыңыздың қайда жұмыс істейтінін, жасын да дәл айтып бере алады. Ал шындығында, оған сол ақпаратты сіз өзіңіз онымен сөйлесуіңіз арқылы айтып тұрсыз. Өйткені олар құйтырқы бір сұрақ қойғанда, жауап берсеңіз болды. Сол арқылы бәрін біліп тұрады. Сондықтан банк, ақша, ұтыс туралы телефон шалған адаммен көп сөйлеспеу керек. Есіңізде болсын, банк қызметкері немесе полиция сізге еш уақытта мұндай мәселеге бола қоңырау шалмайды.

Алдау амалы көп

Астана қаласының құқық қорғау органдары жақында төлем карталары арқылы алаяқтық жасап, жұртты қан қақсатып жүрген жеті адамнан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Олар IT технология мен адам психологиясын өте шебер меңгерген болып шықты. Осы құйтырқы істі ұйымдастырушылар «дропперлердің» (карта берушілер) ісін үйлестіріп отырған. Картадағы ұрланған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін карталарды республиканың түкпір-түкпіріне жіберіп отырған. Бүгінде осы топтың 64 қылмыстық ісі әшкере болып, келтірілген шығын 200 миллион теңгеге бағаланған. Әсіресе, осы тұрғыда олар балалар үйінде тәрбиеленген жастар мен тұрмысы төмен жандарды, жұмыссыздарды көбірек пайдаланған. Жалған карталарды аздаған тиын-тебен беріп, солардың атына рәсімдеп, олар алаяқтарға қолма-қол ақшаға айналдырып беріп отырған.

– Тегін жатқан ештеңе болмайды. Біреу келіп сізге «сәл-пәл көмектесіп жіберіңізші» деп қомақты ақша ұсынса, ол адам ойлануы керек. Өйткені өзіңіздің атыңызға төлем картасын рәсімдеп, оны танымайтын басқа біреуге берсеңіз, сіз де сол адаммен бірге қылмысқа қатысқан боласыз. Алаяқтар айлакер болады. Олар өп-өтірік үйі өртеніп кеткен немесе ойда жоқта бүкіл ақша-қаражатын жоғалтып алған мүсәпірдің халіне түсе қалады. Тіпті одан да басқа адамның ойына келмейтін, естігенде шын жаның ашып кететіндей оқиғалар мен өтірікті ойлап табуы мүмкін. Мұндай кезде ақша бермеңіз, ақша аударуға көмектеспеңіз. Есесіне жолына билет алып беру, түстік тамағын алып беру сияқты жәрдеміңізді ұсыныңыз. Егер шын мұқтаж болса оған көнеді, ал алаяқ сізге рақметін де айтпастан бұрылып жүре берері сөзсіз, – дейді полиция майоры Болатбек Жандар.

Екінші мәселе – интернет арқылы жалған хабарландыру беру. Түркістан облысының 35 жасар тұрғыны маркасы жоғары, 2020 жылғы автокөлікті нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағаға сатамын деп хабарландыру береді де, хабарласқан адамдардан алдын ала 50-100 мың теңгеден кепіл ақша алып отырған. Желеуі – «сұраныс көп, егер шын сатып алатын болсаңыз, менің шотыма 100 мың ақша аударыңыз» деп 10 миллионның машинасын 5 миллионға сатамын деп отызға тарта адамның екі миллион бес жүз мың теңгесін қалтасына басқан. Ал шындығында ол мүлде жоқ машина болып шыққан. Алаяқ қолға түсті. Қазір оның осындай жолмен бұрын да талай адамды алдап, жымын білдірмей кеткені белгілі болды.

Тегіннің тұзы татымас

Астана қаласының тағы бір тұрғыны полицияға бір танысының «екі миллион теңгеге қайтарымсыз несие алып беремін» деп «еңбегіне» 400 мың теңге алып, ізім-ғайым жоқ болғаны туралы шағым түсірді. Міне, содан бері бір жыл уақыт өтіпті. Алайда ол оның не мекенжайын, не толық аты-жөнін білмейді. «Тегіннің тұзы татымас» дегенді бұл кісі тарс есінен шығарған сияқты.

Астаналық студент үнемі аккаунттарын өзгертіп, қолында жоқ қымбат тауарларды Instagram желісі арқылы арзан сатып, ақшаны алдын ала отыз мың теңгеге сатып алған басқа бір адамның картасына аудартып отырған. Расы керек, мұндай құйтырқылықты ашу полицияға оңайға түскен жоқ. Картасын сатқан адам оны кімге сатқанынан мүлде бейхабар болып шыққан.

Айта берсе, мұндай алаяқтық әрекеттер қазір бас қалада жауыннан кейінгі саңырау­құлақтай қаптап кетіпті. Құқық қорғау органдары аталған келеңсіздіктен азаматтарды сақтандыра отырып, оны болдырмаудың жолдарын да қарастыруда. Оның ең бастысы – тұрғындардың қырағылығы мен құқықтық сауатын арттыру. Бұл қадам белгілі бір дәрежеде өз нәтижесін беріп те жатыр.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button