Алаяқтарға аударылған ақшаны қалай қайтаруға болады

Алматы қаласының прокуратурасы дропперлерден келтірілген залалды қалай өтеуге болатыны жөнінде нұсқаулық жариялаған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Дроппер» — бұл алаяқтар ақша алу үшін пайдаланатын адам. Әдетте, банк шоттары, карточкалар арқылы аударым жасалады немесе ұрланған қаражат қолма-қол ақшаға айналады.
— Өндіріп алудың мұндай мүмкіндігі негізсіз байыту кезінде қаражат пен мүлікті қайтару міндетін көздейтін Азаматтық кодексінің 953-бабымен регламенттелген, — делінген Алматы қаласының прокуратурасы хабарламасында.
Наурызбай аудандық сотының шешімімен жәбірленушінің «дропперлерден» 3 миллион теңге мөлшерінде залал сомасын өндіріп алу туралы талабы қанағаттандырылды.
Талап арыз беру үшін мынадай құжаттар қажет:
— қылмыстық істі СДТБ-не енгізу туралы баянаттың көшірмесі;
— жәбірленушіні тану туралы қаулының көшірмесі;
— банктен адамның шотына ақша қаражатын аудару туралы жауап;
— шотына ақшалай қаражат түскен адамнан жауап алу («дропперлер»).
Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, қосымша сұрақтар бойынша прокуратура органдарына жүгінуге құқығыңыз бар. Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды мұқият болуға және өздерінің банктік карталарының деректері мен кіру кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырады, – делінген хабарламада.
Айта кетелік былтыр «дропперлерден» 1 млрд теңге өндіріп алынған еді.