Алаяқтың айласы көп
Заман дамыған сайын алаяқтықтың жолдары да көбейді. Әсіресе, жаһандық трендке айналған жасанды интеллекттің жаппай қолданысқа енуі алаяқтардың да қолын ұзартып, алдау амалдарын көбейте түсті. Елімізде де интернет-алаяқтарынан зардап шеккендердің саны жылдан-жылға артып бара жатыр. Мәселен, Ішкі істер министрлігі 13 мыңнан астам қылмыстық іс қозғаса, оның тек 2590-ы сотқа жіберілді. Ал құрықталған қылмыскерлердің саны небәрі – 914. Себебі олардың барлығы дерлік шет мемлекеттерде отырып алдамшылық жасайды.
Қазір танымайтын адаммен бейнеқоңыраумен сөйлесудің өзі қауіпті. Өйткені олар сөйлесу барысында адамның бет-әлпетін фото-видеоға түсіріп алуға тырысады да, кейін face id арқылы мобильді банкингтің көмегімен ақшаңды үптеп кетуі әбден мүмкін.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіде ең көп таралған алдамшылық түрі – ватсап немесе телеграм мессенджерлеріне сілтеме жіберу. Демек, телефоныңызға келген әртүрлі сілтемелерге кіре беруге болмайды. Өйткені алаяқтар сілтемені басқан сәттен пайдаланып, жекелердің деректерін алып, өз мақсаттарына қол жеткізеді. Жақында бейтаныс біреу маған телефон шалды. «Сізге Қазпочтадан сәлемдеме келіп тұр. Бір сағаттан кейін жеткізуші затты үйіңізге жеткізіп береді, кіру ақысы төленіп болған, сіз ештеңе төлемейсіз, тек қабылдап алсаңыз болды» деп «Сіздің мекенжайыңыз осындай ғой» деп үйіміздің мекенжайын айтты. «Мен ешқандай заказ берген жоқпын» деп едім, «Міне, сіздің атыңызға келіп тұр, мүмкін туыс-таныстарыңыз берген шығар» деді. «Жақсы» дедім. Аздан кейін қайта телефон шалып, «жеткізуші жолға шықты, қазір сізге 1414-тен келтехат барады, сол 6 орынды санды маған айтыңыз деді. Келтехат хат келді, бірақ мен әлгілерге оны айтудан бас тартып едім, «онда сәлемдемеңіз кері қайтып кетеді» деп телефонды жаба салды.
Әрине, біздің елде ресми хабарламалардың барлығы 1414-тен келеді ғой. Бірақ оған сеніп, 6 орынды санды айтқанымда алаяқтар менің барлық деректерімді алып, ақшамды сыпырып кететінін Қазпочтаға барғанда бір-ақ білдім. Қазпочта ешкімге телефон шалып, сәлемдеме жеткізіп бермейтінін айтқан пошта қызметкері ел көлемінде осындай алаяқтық түрінің өршіп тұрғанын, осыдан бұрын біраз адамның оған алданған айтып, сақ болуды ескертті.
Қазір дамыған елдерде жасанды сана арқылы алдау өте тез етек алып барады. Алаяқтар үшін біреудің бет-бейнесін, дауысын жасау қиын жұмыс болмай қалды. Соңғы кездері кейбір елдерде дәл осы жасанды сананың көмегімен бала ұрлау қылмысы да көбейген.
Жиып айтқанда, алаяқтардың алдам қалтасына түспеу үшін, телефоныңызға келген белгісіз сілтемені албаты баспаңыз. «Біз банктенбіз, полицияданбыз» деп телефон шалса да, жіберілген SMS kod-ты ешкімге айтуға, танымайтын адамнан келген видеобайланысты қосуға болмайтынын әркез естен шығармау керек. Яғни, басқаларға алданып, тақырға отырып қалмау үшін, құқық қорғау орындарының мына ескертулерін ұдайы жадыңызда сақтаңыз.
Егер сізге банк қызметкерлері қоңырау шалса, сөйлесуді дереу аяқтаңыз. Есіңізде болсын, банк қызметкері сіздің жеке деректеріңізді нақтылау үшін сізге ешқашан қоңырау шалмайды. Банкте сіздің толық қаржылық файлыңыз бар. Бұл ақпарат тек алаяқтар үшін маңызды!
Егер сізге құқық қорғау органдарынан қоңырау шалынса, күдіктінің қай полиция бөлімшесінде тұрғанын, қандай бап бойынша айып тағылғанын, әрекет қашан жасалғанын, адвокаттың көмегі көрсетілді ме, онымен қалай байланысуға болатынын сұраңыз. Сондай-ақ олар сізді атынан шақырған ұйымның сенім телефонына: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен аудандық ішкі істер бөліміне дербес қоңырау шалу керек.
Дауыстық роботты (спаммерді) тану қиын емес. Қоңырауды аяқтап, нөмірді блоктаңыз. Егер сіз әлі де ботпен «байланысты» жалғастыруды шешсеңіз, абай болыңыз, сөйлескен кезде, мысалы, «Иә», «Солай», «Дұрыс», «Мақұл», «Жарайды» деген сөздерді мүлде қолдануға болмайды. Яғни атыңды атап «сіз сол кісісіз бе?» десе, «Иә» десеңіз, алаяқтың мақсаты орындалғаны. Сондықтан мақұлдау сипатындық сөздерді мүмкіндігінше аз қолданып, мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде сөйлеуге тырысыңыз. Өйткені алдамшылардың көбі қазақ тілін еркін меңгермеген.
Жанар ЖАЙЛАУБАЙҚЫЗЫ