Басты ақпаратМәселе

Алаяқтық. Алдау. Арбау

Ардан безгендерге қашан тоқтау болады?

Қаржы пирамидасы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ. Оның қанша адамның көз жасына қалып, қанша жанның жүйкесін жұқартқаны, тіпті сүттей ұйып отырған отбасының шаңырағын дүрбелеңге салғаны да айтудайын айтылып жатыр. Бірақ, осы бір жеті басты аждаһа сияқты тажал ана қаладан бір, мына қаладан бір дүркін-дүркін бой көтеріп, халық оған алданып қала береді.

Өтіріктің шегі жоқ…

Сонау тоқсаныншы жылдары Мавроди, Смағұлов К., «Хопер инвест», тағы басқаларынан басталған аңғал, сауаты аз жандардың арасынан «жемтік іздеу­шілердің» тізбегі әлі күнге бір толастамай отыр. Атап айтсақ, биыл жыл басынан бері осы тұрғыда он бес қылмыстық іс қозғалып, 7300 салымшының 600 миллион теңгеден астам ақшасын қайтару мәселесі сотқа жолданды. Тіпті соңғы үш айда адамдарды алдап, алшаң басып жүрген «World Business Consulting», «Hermes-LTD», «Sincere Systems» сияқты жалған компаниялардың да мүлкі бұғатталды. Бірақ бұл да алаяқтарға тұсау болмады. Тіпті олар түрленіп, адамдарды алдаудың жаңа әдіс-тәсілдерін тауып, басқа қырынан көрінуде.

Астана қаласында жалған лотерея ойынын ұйымдастырған 2003 және 2005 жылы туған екі жігіт ұсталды. Тергеу органының мәліметінше, әп-сәтте оңай олжаға кенелгісі келгендер қала тұрғындарына тұрмыстық техника, косметика, басқа да халық тұтынатын тауардың алуан түрін ұсынып, лотерея сатып алған адам осы заттармен қатар су жаңа автокөлікке ие болатынын айтып сендірген.

Ал шындығында, бұл қып-қызыл өтірік-тұғын. Неге десеңіз, ол жігіттердің мұндай ұтыс ойынын өткізуге рұқсаты да, ешқандай құқы да болмаған. Екіншіден, «ешкім де ұтыссыз қалмайды» деп күні бұрын жар салып, жарнама жасау екі немесе одан да көп адамның алдын ала сөз байласуы – Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша жазаға тартылатынын олар білмеді деп ойламаймыз. Алайда жеңіл жолмен қалтасын қампитып үйренгендерді ештеңе тоқтата алмады. Келтірілген шығын 15 миллионнан асып жығылды.

Өткен жылы белгілі әнші Ернар Айдар мен блогер-вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шернязовтың жауапқа тартылғанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Енді, міне, мұндай келеңсіздік бас қалада қайтадан қылаң беріп отыр.

– Қаржы пирамидасы немесе осындай лотерея ойнату болсын соңы жақсылыққа әкелмейтінін жұртшылықтың түсінетінін уақыты жеткен сияқты. Жоқ, көпшілік адамдар әлі де теп-тегін бір нәрсе алақанына өзінен-өзі түсе қалатынына сондай иланатын тәрізді. Әрине, әркім де су жаңа көлік мініп, шалқып жүргісі келеді. Алайда оған адамның маңдай тері сіңуі керек қой. Екі мың теңгеге сатып алған лотереяға 15-20 миллион теңгенің машинасын иелену, (оның үстіне оны жекелеген адамдар өткізіп тұрса) ертегідегі Қожанасырдың есегіне қанат бітіп ұшқанымен бірдей шаруа емес пе?

Биыл жыл басынан бері осы тұрғыда он бес қылмыстық іс қозғалып, 7300 салымшының 600 миллион теңгеден астам ақшасын қайтару мәсе­лесі сотқа жолданды

Шығасыға иесі басшы       

Жүргізілген кейбір зерттеулерге қарағанда, қазақстандықтар танымайтын адамға да қол ұшын беруге әзір тұратын мейірімді, жүрегі жұмсақ, жүзі игі жандардың қатарына жататын көрінеді. Содан болса керек, олардың сол мейірбандығын қазір басқа елден келген жат ниет алаяқтар пайдаланып кетіп жатыр.

Өзбекстан азаматы елордадағы бір ірі супермаркетке жұмысқа орналасады. Екі-үш ай қызмет істегеннен кейін әріп­тестерінің сеніміне кіріп, әртүрлі желеумен телефондарын сұрап алып, оның банкі қосымшалары арқылы қомақты сомаға кредит рәсімдеп отырған. Сөйтіп ол директордан бастап, үш қызметтесін бес миллион теңгеге шығынға батырып, жұмыстан тайып тұрған.

Бір таңғаларлығы, мұндай адамдар сөзге шешен әрі иненің көзінен өткендей жылпос болып келеді. Сөйлеген кезде іші-бауырыңа кіріп, емешегі үзіліп кетердей ілтипат танытатыны тағы бар. Сондықтан иіні жуас, арамдық ойламайтын аңғал адамдар олардың сөздеріне күмәнсіз сеніп қалады.

Бас қалада нәпақа тауып такси жүргізіп жүргендер аз емес. Солардың бірі – зейнет жасына жақындаған Ерейментау ауданының тумасы Жұмабек Ғайсин. Жұмекең жеңіл машинасымен күні бойы жолаушыларды әуежайдан қалаға жеткізіп салып жүргеніне бірнеше жыл болған. Өзінің тұрақты орны бар. Сол жерден ұшақтан түскен жолау­шыны күтіп алып, келіскен ақшасына керек жеріне жеткізіп тастайды. Өткен жылдың қараша айында көлігіне отыз бестер шамасындағы бір жас жігіт отырады. Бағасына келіскесін телефонының қуаты бітіп қалғанын айтып, оның ұялы телефонын сұрайды. Бұл ойында ештеңе жоқ клиентіне телефонын бере салады. Ол бес-алты минут сөйлесіп қайтып береді. Артынан бір айдан кейін Жұмабек Ғайсиннің атына банктен бір миллион теңгеге кредит рәсімдеген қарызы туралы қағаз келгенде барып, санын бір-ақ соғады.

Полицияға шағым түсіргенде өзіндей алданып қалған бірнеше такси жүргізушісі бар екенін естіп, таң қалады. Алаяқ олардың барлығын 8 миллион теңгеге қарызға кіргізіпті.

Құқық қорғау органы қызметкерлерінің пәрменді де жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысының азаматы ұсталды. Күдіктінің қазір осындай он екі іске қатысы бар екені анықталып отыр. «Сонда осыншама таксистің сеніміне кірген алаяқ епсекті ме, әлде телефонын сұрап тұрғанда сәл де болса көңілдеріне күдік алмаған жүргізушілер аңғал ма?» деген ой келеді.

Адыра қалған сезімдер     

Белгілі журналист Бақытжан Қосбармақ: «Қаржы пирамидасы құрымайды, түпкілікті жойылмайды, өйткені онымен айналысатын мафия бар» дейді.

– Оны басқарушылар көзге көрінбейді, қолға түспейді. Құдды мұхиттың түбінде жайын жүзіп, кенет аранын ашқанда бір сәтте балық, бақа-шаянымен қоса жүздеген тонна су жұтып қоятын көк кит сияқты. Аяқасты апалаң-топалаң жасайды да бір мұрсатта жым-жылас болады. Мұның бәрі – әрине, метафора, образды теңеу. Шынында, мафия – теңіздің түбінде, мұхиттың тереңінде емес, осы жер бетінде. Кең кабинеттерде, зәулім офистерде отыр. Олар – жайын да, акула да, кит те емес, адам. Адам кейіпті акула».

Адамдарды әп-сәтте елітіп, арбап, дегеніне көндіру, айтқанына жүргізу – үлкен қабілет. Оған қазіргі заманауи технологиялар да орасан оңтайлылық танытып отыр. «Тиндермен» (Tinder) айналысатын интернет-алаяқтардың да етек алып бара жатуы – осының бір айғағы.

Элмира Есімсейт интернет арқылы бір бай жігітпен танысады. Қиялындағы ханзада. Шаруа­сы шалқып тұрған бизнесмен. Интернет арқылы коттеджін, қымбат машинасын көрсеткенде қыздың шынында да бас айналып қалады. Апта сайын гүл, ай сайын сыйлық жіберіп тұрады. Сөйтіп, «жемтігін» ұзақ «дайындағаннан» кейін «пісіп, жетілгенін» сезген кезде «қолыңда не бар (үйіңді, машинаңды) сат та маған кел, бірге тұрайық. Біз бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз» деген «ертегісін» айтады. Қыз сеніп қалады. «Бара алмаймын» десе, «ертегісінің» «онда саған мен барамын» деген екінші нұсқасы да дайын тұр еді.

Бір жыл бойы өзін керемет «ухаживать» еткен «ханзадасына» имандай иланған ол үйін де, машинасын да сатып, жолға жиналып жатқанда «ханзадасы» кенеттен «бір оқиғаға тап болып» үш күнде қайтарып беретін болып, бұдан қарызға қомақты ақша сұрайды. Сезімге шексіз берілген ол алғашында алты миллион, артынан бес миллион теңгені оның айтқан есепшотына аударып жібереді. Іс бітті, қу кетті. Одан кейін байланыс үзіледі…

Міне, өткен жылы құқық қорғау органына мұндай сегіз эпизод тіркелген.

Қазір полиция ардан безген алаяқтар мен қулық-сұмдықпен халықты алдаушылардан қатты сақ болу керектігін бұқаралық баспасөз құралдары мен мессенджер, тіпті қала көшелеріндегі ақпараттық баннерлер арқылы да толассыз ескертіп жатады. Соған азаматтар дендеп құлақ асса дейді. Әркімге де алдамшылардың тұзағына түсіп қалмас үшін қырағылықты күшейту маңызды.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button