Басты ақпарат

Алаяқтық алшаңдап барады

Нұр-Сұлтан қаласының соты «үй алып беремін, банкіде таныстарым бар, пайызы төмен несие алып беремін» деп жиырманың үстінде адамды алдаған алаяқ әйелдің ісін қарап, оған істеген қылмысына сәйкес үкім шығарып, бас бостандығынан айырды. Бұған таңдануға болмас еді. Қазір ел ішінде алдау, арбау дегеннен халық көз ашпайтын жағдайға жетті.

[smartslider3 slider=3553]

Қашықтан ұрлайтын сұғанақтар

Дегенмен, жаңағы жазықты келіншек соңғы сөзінде «жалғыз мен емес, мұндай іспен айналысып жүргендер толып жатыр. Осындай іс істеуге бізді адамдардың өздері мәжбүрлейді. «Банкіде, әкімдікте танысың бар ма? Көмектесе көріңізші, еңбегіңізді жемеймін» деп жатып келіп жалынады. Жақсы, қолымнан келгенімше көмектесейін десем, тағы бірнеше адамды ертіп келеді. Не деген, аңқау, аңғал, надан жандар екенін білмеймін. Айтқан сөзге сене беретін..» деп өзін-өзі ақтағандай болған.

Расында да неге адамдар болмайтын нәрсеге сеніп қалады? Банкінің мөлшерлемесін төмендететіндей ол кім? Немесе тіпті әкімдікте жұмыс істесе де кезектен тыс үй алып беретіндей еш адамның мүмкіндігі болмайтынын қалай түсінбейді?

Міне, осындай сенгіштіктің, ашықауыздықтың кесірінен елімізде алаяқтық әрекеттер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Полиция олармен күресудей-ақ күресіп жатыр.  Алайда, иненің көзінен өтердей жылпос­тардың белсенділігі одан сайын артып отыр.

Бұл да ұрлық. Олай болса, ешқашан ұрылар қол қусырып отырмайды. Өздерінің шеберліктерін жетілдіре түседі. Әңгіме олардың IT-технологияны меңгергендігінде емес, бұрыннан мәлім классикалық әдістерді де өңін айналдырып,  қайтадан пайдасына асырып жүргендігінде. Немесе өткен ғасырдағы адамдарды тақыршаққа отырғызуда мықты нәтиже берген тәсілдерді де қайтадан қолданып, көпшілікті сан соқтырып кетіп жатыр. Мысал керек пе? Жетіп артылады.

 Әуелі жаңа технологияны меңгеруіне келейік. Сіз үйде қаннен-қаперсіз өз шаруаңызды істеп, алаңсыз жүрсіз. Осы кезде сіздің есепшотыңыздағы ақшаны біреулер емін-еркін жымқырып жатады. Қалай дейсіз бе? Сіздің смартфоныңызда ақылы жазылым деген қосымша бар. Соны бір рет те болса, пайдалансаңыз, немесе сізге бейтаныс біреу бейнеқоңырау арқылы хабарласып,  екі секунд жүзіңізді түсіріп алса, болды, алаяқтардың құрбаны болуыңыз әбден мүмкін.

Сондықтан  «Microsoft-ті» өндіріс бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі  ірі трансұлттық компаниясы пайдаланушыларды басы артық мобильдік өнімдерді ұсынушылардан өте сақ болу керектігін қатаң ескертеді. Смартфондардағы олар тықпалайтын зиянды қосымшалар  «Android» жүйесінде астыртын ақылы қызметтерді қосып жіберуге өте бейім келетін көрінеді. Мейлі, Wi-Fi қолжетімді болғанының өзінде олар мобильді интернетке тез қосылады. Айта берсе, бұл жерде құйтұрқылық  көп.

Мұндай шабуылға әсіресе, смартфонның қыры мен сырын жете біліңкіремейтін пайдаланушы немесе балалар көбірек ұшырайды екен.

Сенімге кіріп, сан соқтырады

Алаяқтар – нағыз құдайдан безгендер болып келеді. Обал-сауап, аяушылық оларда мүлде болмайтын көрінеді. Сондықтан олар өздерінің құрбандығына көбіне жасы келген кәрі адамдар мен әлі оңы мен солын танып үлгірмеген жеткіншектерді, жас балаларды таңдайды екен.

Мәселен, өткен айда Нұр-Сұлтан қаласының 80 жастағы зейнеткерін бір алаяқ әйел бүкіл жиған-тергені мен жалғыз баспанасынан айырған. Полиция қызметкері ретінде қоңырау шалған ол «сіздің есепшотыңыздағы ақшаға біреулер ипотека рәсімдеп жатыр» деп  сендірген. Тіпті телефондағы бейнескафты қосып, өзінің капитан шеніндегі полиция формасын да көрсетіп қойған.

«Беті-жүзін дұрыс көрсетпеген полиция киімін киген әйел адам «сіз жақында банкіден ипотека алдыңыз ба?» деп сұрады. «Жоқ, дедім мен. Ондайды білмеймін, жеке үйім бар маған ипотека не керек?» деп таң қалдым. Ол әйел бастырмалата сөйлеп: «Онда тез банкке келіңіз» деді.

Мен жиналып, банкке бардым. Сол кезде оның телефоны үнемі қосулы болды. Мен банкке жақындағанда «Қазір сізбен Олег деген бір адам хабарласады. Сол сізге барлық жағдайды түсіндіреді» деді. Сол сәтте ер адам қоңырау шалып, өзінің полиция қызметкері екенін айтып, телефонды екінші бір адамға берді. Ол өзін маған «қаржы полициясы қызметкерімін, сіздің депозиттегі ақшаңызға қауіп төніп тұр. Соны мен сізге қазір қауіпсіз жерге қалай ауыстыру керек екенін айтамын» деді.

Қаскөйлер есі шығып сеніп қалған қарияның депозитінен он миллион теңгені алдырып,  екінші бір есепшотқа аудартқан. Мұнымен де тоқтамай, сіздің үйіңізді алаяқтар сатуға шығарып қойды» деп қорқытып, «тез сатуға шығармасаңыз, үйіңізден айырылып қаласыз» деп басына қара аспанды төндірген. Сөйтіп, 80-нен асқан қария  не істерін білмей дағдарып, басы қатып, 85 шаршы метр үйін ауласындағы бау-бақшасымен бірге 13 миллион теңгеге  алаяқтарға сатып жіберіп, өзі көшеде қалып қойған.

Тағы бір назар аударарлығы,  бұл жерде алдау-арбау көз байлау (гипноз) арқылы  жасалуы да мүмкін. Өйткені сол сәтте зұлымдар шетелден хабарласып, ізін жасырып үлгерген.

«Жедел жәрдем» қызметінде жұмыс істейтін отыз бес жас шамасындағы жігіттің шақыртумен барған өзінің пациентін тақыршаққа отырғызып кеткені жақында әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Сөйтсе, сырқаттанып қалған келіншекке өзінше қамқорлық көрсеткен болып, сеніміне кіріп алғасын, бір-екі аптадан кейін хабарсыз кеткен ғой. Содан «бұған не болды?» деп алаңдаған әйел өзі телефон соққанда, жігіт өзінің қиын жағдайға тап болғанын баян­дап, «маған қарызға қомақты ақша қажет болып тұр. Бір-екі аптаның ішінде қайтарамын» деп өп-өтірік дәрменсіздік танытады. Сөйтіп, жүрегі жылып қалған әйел өз атына бір миллион теңгеге ипотека алып, жігіттің қолына ұстатады. Сонымен «іс бітті, қу кетті». Тіпті оған заң да ештеңе жасай алмайды екен. Өйткені банкіден сіз ақшаны өз атыңызға рәсімдеп, өзіңіз қол қойып алып тұрсыз.

Тосқауыл қашан қойылады?

Жұрттың үстінен күн көруші қаскөйлердің алшаңдағаны сонша, бұрынғы тоқсаныншы жылдары талайларды зар илеткен ескі әдісті сәл өңін айналдырып, қолдана бастапты.

Бұл әдіс «иесіз әмиян» деп аталады екен. Елордалық криминалдық полицияның мәліметі бойынша, осы қылмысқа өткен айда Нұр-Сұлтан қаласында сегіз адам тап болыпты. Барлығы түптеп келгенде алты миллион теңге қаражатты сұғанақтардың қалтасына салып берген.

Олар әсіресе, банкіден қомақты қаражат алған қыздар мен әйел адамдарды бағып, бақылап жүріп, оңтайлы сәтте алдарына ақша толы әмиянды тастай салады екен де, оны екінші біреуі қатар келе жатып, тауып алған болып, «бөлісейік» дейді екен. Әйел адамның психологиясын жақсы білетін жылпостар бөлісуге ыңғайланып сыбайласы ақшаны санай бастағанда, жаңағы «ақшасын жоғалтқан адам» өп-өтірік әртіс бола қалып жылап еңіреп, «әмиянымды қайтарыңдаршы» деп жалынады. Әмиянын қайтарасыз. Ол «ішінде ақшам жетпейді» деп тағы зар еңірейді. Сіз «мынау менің банкіден жаңа ғана алып шыққан өз ақшам» деп ақталасыз.

Міне, сол кезде ол сіздің ақшаңызды санаған болып қолының ептілігінің арқасында «ақшаны сындырып жібереді». «Бәрі дұрыс екен, кешіріңіз, рақмет» деп ақшаңызды қайтарып берген кезде 400-500 теңгесін байқатпай қыстырып қалады.

Міне, кейінгі кезде осындайлар көбейіп барады. Оған бір тоқсауыл бола ма?

Біз осы сұрақты Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті ішкі істер бөлімінің тергеушісі Динара Асылхановаға қойдық.

– Жасыратыны жоқ, адамдар аңғал, аңқау, құқықтық жағынан сауатсыз. Алаяқтар осы жағдайды көбірек пайдаланады. Біз осы бағытта жоспарлы да кешенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жыл басынан бері криминалды полиция қызметкерлері осындай он екі қылмыстың жолын кесіп, жәбірленушілердің жиырма сегіз миллионға тарта ақшаларын қайтарып берді. Дегенмен, бұл келеңсіздік азаймай отыр. Тіпті жылдан-жылға көбейіп бара жатқаны да байқалады. Сондықтан адамдарға айтарымыз: адам өз бойындағы қырағылық пен байқампаздықты күшейтіп, әр істің қисынын түсіне білсе дейміз. Сосын интернет алаяқ­тардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтап,  дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауы, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуі керек. Бұған қоса, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмаса, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпай, кез келген сілтемеге абай болып, спам хабарламаларды бірден жойып отырғаны жөн. Ешқашан «сақтансаң, сақтарым» деген қағиданы естен шығармасақ екен деймін» деді ол.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button