Алда ауқымды міндеттер тұр
Астана қаласы мәслихатының VІІІ шақырылым депутаттары жыл бойы белсенді жұмыс істеп, елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қалаға қатысты маңызды құжаттардың қабылдануына үлкен үлес қосты.
Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, биылғы жыл өте нәтижелі болды. Жыл басынан бері 16 сессия, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 7 отырысы, заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 13 отырысы, құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 13 отырысы, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 8 отырысы өткізілді. Сонымен қатар 35 жұмыс отырысы, 4 қоғамдық тыңдау, 33 «Депутат күні», 5 бірлескен отырыс ұйымдастырылып, 142 нысанға бару жүзеге асырылды. Мәслихат отырыстарында 200-ден астам мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Депутаттар бюджет бағдарламаларын бекіту және бюджет өтінімдерін қалыптастыру үдерісіне қатысу арқылы өз міндеттерін толық көлемде орындады.
– Биыл мәслихат депутаттары шығыстардың басым бағыттарын ескере отырып, 2025 жылға арналған қаржыландыруды бөлу бойынша ұсыныстарды тиісті лимит аясында екінші рет дайындады. Нәтижесінде, мәслихат депутаттарының тікелей қатысуымен Астананың үш жылдық бюджетіне бірқатар өзгерістер енгізілді, – деді Е.Каналимов.
Қаңтар айында өткен кезектен тыс сессияда депутаттар 2035 жылға дейінгі бас жоспар жобасын бірауыздан мақұлдады. Бұл құжатқа сәйкес, 2035 жылға қарай елорда халқының саны 2 млн 275 мың адамға жетеді деп болжануда. Қала 148 секторға бөлініп, инженерлік инфрақұрылымды, көшелер мен жолдарды, мектептер мен ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандарды дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Сонымен қатар биыл Астананың жаңа алтыншы ауданы – Сарайшық ауданының ашылуына бастама жасалды.
2023 жылдың сәуір айында мәслихат төрағасы елордада алтыншы аудан құру туралы бастама көтерген болатын. Бұл бастама, ең алдымен, халық санының өсуі мен азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, аумақты тиімді басқару мен дамытуды көздейді. Елордадағы Алматы ауданы – халық ең тығыз қоныстанған аудандардың бірі. Ауданда 6 тұрғын алабы бар, олар: «Промышленный», «Железнодорожный», «Интернациональный», «Мичурин», «Күйгенжар» және оңтүстік-шығыс шағын ауданы. Аудан аумағы 15 471 гектарды құрайды, ал тұрғындар саны шамамен 400 мың адамға жетті. Тұрғын үй қоры 885 көпқабатты тұрғын үйден тұрады. №1 Индустриялық парк аумағында 51 кәсіпорын жұмыс істейді, ал «Железнодорожный» тұрғын алабында №2 Индустриялық парктің құрылысы жоспарлануда. Осыған байланысты аудан әкімдігі аппаратына түсетін жүктеме айтарлықтай артты.
Ағымдағы жылы мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің жұмыс топтарының отырыстарына белсенді қатысты. Олар «Құрылыс кодексіне», алкоголь өнімдерін сату ережелеріне, ойын-сауық орындарының жұмысына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар берді. Сондай-ақ автобус жүргізушілерінің тапшылығының себептерін анықтау және елордадағы қоғамдық көлік жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар жасады. Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттарымен бірге «Елорда мәртебесі» туралы заңға түзетулер енгізу мәселесі талқылануда. Сонымен қатар мәслихат депутаттары елорданың жергілікті ерекшеліктері мен қалыптасқан жұмыс тәжірибесін ескере отырып, жаңа редакциядағы абаттандыру ережелерін бекітті. Ережелер 4 бөлім мен 176 тармақтан тұрады және жеке және заңды тұлғалардың абаттандыру мен ұстау саласындағы қарым-қатынасын реттейді.
– Бұған дейін біз ТҚҚ контейнерлеріне арналған алаңдар мен олардың жағдайына қойылатын талаптарды, ғимараттардың құрылымдық элементтерін тазалау шараларын егжей-тегжейлі сипаттап, сондай-ақ абаттандыру ережелерін бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға дейінгі профилактикалық шараларды күшейтуді ұсындық, – деді мәслихат төрағасы.
Депутаттық корпустың белсенді қолдауымен биыл автобус маршруттары оңтайландырылып, маршруттар желісі кеңейтілді. Бұл қала тұрғындары үшін қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттырды. Қоршаған ортаға зиянды әсері аз жаңа заманауи автобустар пайдалануға берілді. Сонымен қатар, байланыссыз карталар мен мобильді қосымшалар сияқты жаңа электронды төлем жүйелері енгізіліп, жол ақысын төлеу процесі жеңілдетілді. Қарбалас сағаттарда жолаушылардың шоғырлануын азайту мақсатында рейстер саны артты.
Қалалық автобус паркі 1 625 автобусты қамтиды және 105 маршрут бойынша қызмет көрсетеді. 2023-2024 жылдары мәслихаттың қолдауымен 706 қазақстандық өндірістегі жаңа автобус сатып алынып, автобус паркінің 45%-ы жаңартылды. Барлық жаңа автобустар пайдалануға берілді. 2025 жылы тағы 300 автобус сатып алу жоспарланып отыр, бұл маршруттар желісін әрі қарай жаңартуға және кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Биыл біз елорданың алты ауданының басшыларымен кездесулер өткізіп, шағын аудандар мен тұрғын алаптардағы өзекті мәселелерді анықтауға бағытталған жұмыстар жүргіздік. Көшпелі кеңестердің нәтижесінде жүйелі және ағымдағы бірқатар мәселелер анықталды, олардың талдауы депутаттық корпустың қарауына ұсынылады, – деді Ерлан Каналимов.
Оның айтуынша, жағдайды жан-жақты зерделеу мақсатында қалалық мәслихат депутаттары көшпелі отырыстар, жеке қабылдаулар, сайлау округтеріндегі тұрғындармен кездесулер, атқарушы орган қызметкерлерімен және азаматтық қоғам өкілдерімен жұмыс кездесулерін ұйымдастырды. Әр апта сайын мәслихаттың қоғамдық қабылдауында, партия кеңселерінде және жұмыс орындарында депутаттар азаматтарды қабылдайды. 10 ай ішінде 3 398 жеке қабылдау өткізіліп, тұрғындармен 370 кездесу ұйымдастырылды. Осы кезеңде сайлаушылардан 1 000-нан астам өтініш түскен.
– Мәслихат депутаттары үшін сайлаушылармен бірлесіп жұмыс істеу барысында ашықтықтың жоғары деңгейін сақтау өте маңызды. Осы мақсатта сессиялардың алдын ала хабарландырулары мәслихаттың сайтында жарияланып, мәслихат отырыстарының «Facebook» әлеуметтік желісінде міндетті онлайн-трансляциясын жүргізу тәжірибесі енгізілді. Сондай-ақ тұрақты комиссиялардың құрамы, комиссия отырыстары, қоғамдық тыңдаулар, жаңалықтар, жұмыс жоспарлары туралы ақпарат жарияланады. Бұған қоса, азаматтарды қабылдау кестесі мен байланыс ақпараты БАҚ пен әлеуметтік желілерде орналастырылады, – деді мәслихат төрағасы.
Астана қаласының әкімі, әкімнің орынбасарлары мен басқарма басшыларының қатысуымен Amanat партиясы фракциясының 6 отырысы өтті. Бағдарламалық құжатта 126 тармақ қамтылған, оның ішінде 4 тармақтың орындалу мерзімі әлі келген жоқ, 2024 жылы орындалуы тиіс 114 тармақ бар. Жол картасы тармақтары бойынша 28 фракция мүшесі – мәслихат депутаттары бекітілген. Астанада сайлауалды бағдарламаның орындалуына жүргізілген талдау нәтижесінде, 2024 жылы іске асырылатын 114 іс-шараның 64-і (56%) орындалғанын, ал 50-і (44%) орындау сатысында екенін көрсетті. Партияның қоғамдық қабылдауында 101 қабылдау өткізіліп, 725 адам қабылданды.
– Биылғы басты жетістіктеріміздің бірі – елорданың әртүрлі салаларын дамыту бойынша қабылданған «Кешенді даму жоспарларының» сәтті жүзеге асуы, – деді Е.Каналимов.
– Мысалы, «Елордада қылмысқа қарсы күрес, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын» алайық. Аталған бағдарламалық құжат аясында полиция қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктерді арттыруға қаражат бөлінді, оның ішінде тұрғын үй төлемдері, патрульдік полиция қызметкерлерін формалық киіммен қамтамасыз ету шаралары қарастырылды. Бейнебақылау жүйесі жаңғыртылып, заманауи жабдықтар сатып алынды, жалақыны арттыру қолдау тапты. «Цифрлық полицей» жобасы аясында жеке құрам 100 мобильді планшет алды, учаскелік инспекторларға арналған бейнетіркеуіштерді қамтитын 924 смарт-жетонды үш жылға жалға алу бойынша келісім жасалды.
Мәслихат депутаттары бірнеше рет елорданың төтенше жағдайлар қызметін дамыту жөніндегі үш жылдық кешенді жоспардың жүзеге асырылуын тексерді. Аталған жоспар әкімдік пен мәслихат тарапынан қабылданып, бекітілген болатын. Бағдарламалық құжатта өрт сөндіру деполары мен бөлімшелерін салу және жөндеу, оларды жабдықтау, сондай-ақ елордалық құтқарушыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бір жылдан астам уақыт ішінде жағдай айтарлықтай жақсарды.
2025 жылы 1970-1980 жылдары салынған 6 өрт сөндіру бөлімшесін реконструкциялау жоспарлануда. 60-қа жуық заманауи арнайы техника сатып алынып, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар еуропалық стандарттарға сай қауіпсіздік костюмдерімен және заманауи жабдықтармен алғаш рет қамтамасыз етілді. Биыл 16 автомобиль сатып алынды, олар қиын қолжетімді жерлерге кіруге мүмкіндік береді. Келесі жылы «Ильинка» тұрғын алабында заманауи өрт сөндіру депосын ашып, тағы 3 тез салынатын өрт сөндіру бөлімшесін жобалауды бастаймыз. Сонымен қатар, ТЖД-ның шамамен 2 мың қызметкері мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталды. Бұл балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, балабақшалардағы орындармен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдеріне қатысты мәселелерді қамтиды.
2023-2025 жылдарға арналған Астананың денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша Кешенді жоспар Астана қаласының әкімдігі мен мәслихаты тарапынан бекітіліп, 186 іс-шараны қамтиды. Биыл 8 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған, олардың бесеуінде жөндеу аяқталды, екеуінде жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар, Патологоанатомиялық бюро мен «Нұрлы жол» вокзалы ауданындағы емхана пайдалануға берілді.
Мәдениет саласын дамыту бойынша Кешенді жоспар алдағы үш жылда 59 бағытты жүзеге асыруды көздейді. Олардың ішінде мәдениет қызметкерлеріне арналған 200 пәтерлік жатақхана құрылысы, 300 орындық үлкен зал мен 150 орындық кіші залдан тұратын Қуыршақ театрының жаңа ғимаратын салу, «Наз» театрының қала орталығына көшірілуі, музейлер, театрлар, кешендер мен ескерткіштерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
– Астананың кітапхана жүйесін жаңғырту бойынша басталған жұмыс жалғасады. Арнайы автокөлік пен жабдықтар сатып алу, мәдениет саласының кадрлық әлеуетін дамыту және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарланған. Барлық Кешенді жоспарлардың әр тармағының орындалуын бақылау тікелей басқарма басшылары мен мәслихат депутаттарына жүктелген, – деді Ерлан Каналимов.
Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту бойынша Кешенді жоспар аясында алдағы үш жылда 21 бағыт жүзеге асырылады. Маңызды жобалар қатарында: №1 БЖСМ базасында скалодромы бар гимнастика орталығын салу, №2 БЖСМ үшін шаңғы базасын құру, №6 БЖСМ-ның велоспорт трассасын №18 мектеп аумағында жабдықтау, үш футбол күмбезін орнату, олимпиадалық резервтің спорт мектебі-интернат-колледжін салу, шайбалы хоккей мен коньки тебу спортына арналған модульді ғимараттар тұрғызу бар. Бағдарламалық құжатта бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударылған. Спорт инфрақұрылымын, бағдарламаларды және іс-шараларды кешенді түрде дамыту елорда тұрғындары үшін белсенді өмір салтын қолжетімді етуді қамтамасыз етеді.
Ардагерлерге де назар аударылуда. Биыл Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының базасында «Ұрпақтар диалогы» пікірталас клубы құрылып, «Ұрпаққа аманат» тобы жұмыс істей бастады. Мұнда депутаттар, жазушылар, ақындар, композиторлар сияқты белгілі тұлғалармен кездесулер өткізіліп, жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған «Жас сарбаз – патриоттарды тәрбиелейді» іс-шарасы ұйымдастырылды. Елорда аудандарының әрқайсында Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істейді.
– Біз игі дәстүрімізді жалғастырып, биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, «Жастар рухы» белсенділеріне, жас спортшыларға 50 білім грантын табыстадық. Олар 1 қыркүйектен бастап «Синергия» университетінде, «Astana International University»-де және «Тұран-Астана» университетінде тегін білім алуда, – деді мәслихат төрағасы.
Биыл айтарлықтай нәтижелі жыл болды. Біз тек өңірлік әріптестерімізбен ғана емес, жақын және алыс шетелдік әріптестерімізбен де тығыз ынтымақтастық орнаттық. Астана мәслихаты мен Санкт-Петербургтің Заң шығару жиналысы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мәскеу қалалық думасының депутаттарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою сатысында тұрмыз, ол алдағы бес жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын көздейді. Марокко Корольдігіне барған сапар тәжірибе алмасу тұрғысынан өте жемісті болды. Жақында делегациямыз Эстония мен Финляндияға ресми сапармен барып қайтты. Әрбір сапар – бұл ең алдымен тәжірибе алмасу. Біз көргеніміздің барлығын жергілікті жағдайларды ескере отырып, өзімізде енгізуге тырысамыз. Қоғамдық көлік, ТКШ саласындағы жұмыс, қызметтерді цифрландыру және туризм саласына дейін бәрі біз үшін маңызды.
Өтіп бара жатқан жылы еліміздің бас қаласы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Жайлы мектептер салынды, медициналық қызметкерлерге арналған жатақханалар бой көтеруде, бірқатар ауруханаларда күрделі жөндеу жүргізілді, жаңа медициналық мекемелердің құрылысы жалғасуда, тұрғын үй алаптары мен әлеуметтік нысандарға газ тартылуда, аулалар абаттандырылуда, шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалды.
– Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Талқыланатын мәселелердің ішінде Астананың көлік жүйесін кешенді дамыту перспективалары қаралады. Сондай-ақ елорда қауіпсіздігі, жұмыспен қамту, көгалдандыру, абаттандыру және басқа да маңызды мәселелерге үлкен көңіл бөлінеді. Әрине, басты міндетіміз – бюджеттік қаражатты бақылау және тиімді пайдалану екенін ұмытпауымыз керек. Бізді алда елорда үшін маңызды әлеуметтік нысандардың – мектептердің, медициналық мекемелердің пайдалануға берілуі, Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионды қайта жаңғыртуды аяқтау, көлік жолайрықтарының, жылу және энергия көздерінің, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымның басқа да нысандарының құрылысы күтіп тұр. Қала өсіп келеді және осының барлығына мұқтаж. Біздің міндетіміз – осы жұмыстардың барлығын уақытында аяқтау. Мүмкіндікті пайдалана отырып, қала тұрғындарын келе жатқан 2025 жаңа жылымен құттықтағым келеді. Баршаңызға бақыт, денсаулық, қаржылық тұрақтылық және бейбіт аспан тілеймін. Жаңа жыл – ең жарқын мерекелердің бірі. Бұл үміт пен батыл жоспарлардың уақыты. Осы жылдары қол жеткен барлық жетістіктер жаңа жеңістерге серпін берсін! – деді Ерлан Каналимов.