Sport

Алда – Лондон айқасы

Төрткүл дүние тағатсыздана күткен биылғы жылдың басты оқиғасы басталуға шақ қалды. 27 шілде күні Лондон төрінде ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының жалауы көтеріледі. Осынау аламан сайыста Қазақстан спортшылары да «жан алып, жан берісетін» айқастарға түседі. Сондай ел намысын қорғайтын спортшыларымыздың бірі – астаналық боксшы Ілияс Сүлейменов.

 

Ақмола облысының Егіндікөл ауданындағы Жалманқұлақ ауылынан түлеп ұшқан Ілияс бала кезінен боксқа құштар болып өсті. Әкесі Дүйсен Салықұлы кезінде былғары қолғапқа арбалған, жасөспірімдер арасындағы талай-талай жарыстың шаңын қаққан болатын. Соның әсері болар, бокс Ілиястың да өмір өзегіне айналып кетті дерсің!

Ауылдағы жағдайдың берекесі кетіп, елдің көпшілігі басқа елді мекендерге қоныс аударып жатқан тұста Сүлейменовтер әулеті де Астанаға бет бұрды. Отағасы Дүйсен қала іргесіндегі Көктал кентінен жер алып, үй салып алды. Құдайдың салған сәті осы болар, Қажымұқан атындағы республикалық спорт мектеп-интернаты үйден алыс болмады. Ауылда жүріп-ақ, боксты едәуір меңгеріп қалған Ілияс көп ойланбай-ақ, Қажымұқан мектебіне оқуға қабылданды. Жас бапкер Ақылбек Нұрмағамбетовтың қол астында жаттыға бастады. Ауыл баласының бұл бірінші асуы, өмірлік мақсатының бастауы еді.

Жанары оттай жанған Ілияс интернат қабырғасында жүріп жасөспірімдер және жастар арасындағы республика біріншіліктерінде тәп-тәуір өнер көрсетіп, мамандардың назарына іліге білді. Бірнеше мәрте чемпион атанды.

Ілиястың шетел асқан алғашқы жарысы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты болды. Бұл сыннан күміс жүлдегер атанып келді.

Интернаттағы оқуын аяқтап, боксқа едәуір төселіп қалған Ілияс Сүлейменов Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті атанды. Енді оның алдында ересектер арасындағы жарыстарға қатысу кезегі келді.

Ілияс үшін ересектер бәйгесіне түсу сәтті басталды десе болады. 2010 жылғы Қазақстан чемпионаты Астанада өтті. Он тоғыз жасар Ілияс үшін бұл чемпио-нат оңайға түспегені анық. Біріншіден, әлем чемпионатының жүлдегері, Олимпиада додасынан «дәм татқан» Біржан Жақып секілді мықты боксшы бастаған азулы қарсыластар күтіп тұрса, екіншіден барлық ағайын-жерлестері алдында айқасқа түспек.

Шыны керек, Ілияс осы чемпионатта алтынға қол созады деп ешкім ойламаған еді. Алайда, оның бойындағы жеңіске деген жігердің айрықша екенін мамандар да, қарсыластары да сезетін. Солай болды да, астаналық боксшы финалға дейінгі қарсыластарының бәрінен айласын асырып, күткеніміздей ақтық айқаста сол Біржан Жақыппен кездесті. Осы бір тәжірибе мен жастықтың сынға түскен бәсекесінде Ілияс Сүлейменов тамаша жеңіске жетті. Осы жеңіс астаналық боксшыны Олимп шыңына жетелеген сара жолдың бастауы болғаны сөзсіз.

Қазақстан чемпионы атанып, спорт шебері атанған жас боксшыны ұлттық құраманың басшылары бірқатар ірі халықаралық жарыстарға қосуды жөн көрді. Алдымен алыстағы Америкаға жолы түсті. Әскерилер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып келді. 2011 жылы Азия  чемпионатына қатысты. Тағы да күміс медаль алды.

Өткен жылдан бастап Лондон олимпиадасына іріктеу турнирлері басталып, әр ел өз мықтыларын сайлауға кірісті. Бұл ретте Ілияс Сүлейменовке олимпиада лицензиясын алу оңайға түспегенін айтуымыз керек. Өйткені, ұлттық құрамада 52 келі салмақта деңгейлес бірнеше боксшы болды. Алғашқыда екі рет әлем біріншілігіне қатысып, жолы болмаған Олжас Сәттібаев Лондонға баратындай болып көрінген. Алайда, бапкерлер қауымы Ілияс Сүлейменовтің де шеберлігін сынға салуды жөн санады. Сөйтіп, Ақылбек Нұрмағамбетовтың шәкірті Астанада өтетін Азиялық лицензиялық жарысқа қатысатын болды.

… Лондон олимпиадасына жолдама беретін соңғы жарыс. Әлем чемпионатында жолы болмаған Азияның ең мықтылары жиналған. Ілияс бірінші кездесуінде Қырғыз боксшысын, жартылай финалда Қытайдың үміті Ионг Чангты, ал ақтық айқаста 2009 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері монғолиялық Тугстогт Нямбаярды бет қаратпай ұтты. Осы жеңіс Ілияс Сүлейменовке бар спортшының басты арманы болып саналатын Олимпиада ойындарына жол ашты.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов «Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын тоғыз жігіттің де шеберлігіне шүбә келтірмеймін. Бәрінің де жеңіске деген жігері жанып тұр. Ал қайсыларының бабы мен бағы қатар шабатынын Лондонның шаршы алаңы көрсетеді» деп боксшыларының бәріне сеніммен қарап отыр. Олай болса, бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері астаналық боксшы Ілияс Сүлейменов те елдің абыройы мен бапкерлерінің үмітін ақтап келеріне біз де үмітпен қараймыз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button