Ел тынысы

Алдағы жұмыс бағыттары айқын белгіленген стратегиялық құжат

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында ақпарат құралдарына сұхбат беріп, өткен жылды қорытындылауы жақсы дәстүрге айналып келеді. Сол игі дәстүр биыл да жалғасын тауып, Мемлекет басшысының «Ana tili» газетінің бүгінгі санында «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбаты жарияланды. Онда елімізде былтыр атқарылған қадау-қадау істер атап өтіліп, алдағы уақытта атқарылар жұмыстың негізгі бағыттары белгіленген. Сондай-ақ, қоғамды алаңдатқан кейбір мәселелерге де кеңірек тоқталып, нақты жауап берілген.
Президент сұхбатта әсіресе заңнама саласына ерекше тоқталып, Парламент жұмысына жоғары баға берді. Қашанда, заң – құқықтық мемлекеттің өзегі, әділеттіліктің тірегі. Осыған орай, былтыр Мемлекет басшысының Жолдауларында және Ұлттық Құрылтай отырыстарында бастамашылдық еткен бірқатар заңдардың қабылданғанын атап өткен жөн. Олардың қатарында азаматтардың үсті-үстіне несие алып, қарызға батуына жол бермеуді көздеген, әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, есірткі өндіргені үшін жазаны қатаңдатуға, лудоманияға, вейпке, вандализм мен бұзақылыққа тосқауыл қояға бағытталған бірқатар маңызды заңдар бар. Мемлекет басшысы биыл да халықтың үміті мен мүддесін және елімізді дамыту жолындағы басымдықтарды негізге ала отырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіруге баса мән берді.
Жалпы, Президент қоғамдағы барлық мәселеге ашық әрі нақты жауап берді. Қос билік, парламенттік басқару жүйесіне көшу туралы қауесеттер, уақыт белдеуі, ішкі, сыртқы саясат, энергетикалық тәуелсіздік, инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсарту, мемлекеттік тіл және тағы басқа мәселелерді да назарынан тыс қалдырмады.
Мәселен, былтыр Үкіметтің шешімімен еліміз жаңа уақыт белдеуіне көшкен болатын. Бұл өзгеріс, әсіресе, мемлекетіміздің шығыс, орталық, солтүстік өңірлері тұрғындары үшін қолайсыздық тудырып, наразылықтарын білдіргені белгілі. Осыған орай Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының Фракциясы Үкіметтің қатысуымен екі рет кеңейтілген отырыс өтікізіп, мәселені кеңінен талқылаған еді. Нәтижесінде, тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге келіскен болатын. Президентіміз осы мәселеге де көңіл бөліп, Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келуін тапсырды. Алдағы уақытта ол нақты шешімін табады деп білеміз.
Сондай-ақ, ел ішінде мерзімінен бұрын Парламент сайлауы өтеді деген сөздер де айтылып қалатын. Президент бұған да арнайы тоқталып, «Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құқылы» – деп, бұл мәселенің нақты нүктесін қойды. Бұл – Президенттің Парламент жұмысын бағалауы.
Ел дамуына ерекше әсері бар саланың бірі – цифрландыру, жасанды интеллект. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алатынын, оған мүмкіндігіміз толық жететінін, ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту қажеттігіне баса назар аударды. Осы мәселені реттейтін заң әзірлеу қажеттігі депутаттар тарапынан да көтерілген болатын. Президент осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысып, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыруды, оны шектеуге емес, керісінше, дамыту жағына мән беруді тапсырды. Бұл да еліміз үшін өте маңызды бастама деп есептейміз.
Жалпы, сұхбатта заң мен тәртіп қағидаттарына негізделген әділетті мемлекет құру идеясы негізгі желіні құрап жатыр. Яғни, Президент сөзімен айтқанда, «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. Ең бастысы, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет». Бұл – бәріміз үшін жұмыла атқаруға тиіс ортақ міндет.
Қорыта келгенде, Мемлекет басшысының сұхбаты еліміздің ішкі-сыртқы саясатын толық қамтыған, қоғамдағы сауалдарға нақты жауап берілген, алда атқарылар жұмыс бағыттары айқын белгіленген стратегиялық құжат деп санаймыз.
Елнұр Бейсенбаев, 

VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button