Жаңалықтар

Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: АЙТСАҢ РЕНЖИДІ, АЙТПАСАҢ, ІШІҢЕ СЫЙМАЙДЫ

Білсеңіз керек, Италияның атақты композиторы Джу­зеппе Вердидің Аттила жайында жазған операсы, ХVІ ғасырдың белгілі француз драматургі Пьер Корнельдің әйгілі «Аттила» драмасы бар. Мұны неге айтып отырмын? Осы аптадағы Үкімет сағатында Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың алдында мынадай мәселе көтердім: Осы «Аттила» шығармасын елге әкеліп, неге театр сахналарында қоймасқа? Қашанғы Шекспирді, Чеховты қайталай береміз? Тарихымызға қатысы бар дүние.
Шынтуайтына келгенде, бұл Мәдениет министрлігінің айналысатын шаруасы. Бірақ, бұл әңгімені талай жерде көтердім, олардан қайран болмады.
Бір кездері джинсы шалбар кию сұмдық сәнге айналып еді ғой. Сенің шалбарың одан он есе артық болса да, джинсы киюің керек. Сол секілді дәл қазір біздің театр сахналарында шетелдік қойылымдар сахналанса, бітті мәдениеттің биігін бағындырумен тең саналады. Шетелден 200 мың доллар төлеп, режиссер шақыртып «Карменді» қояды. Келісемін, мұның классикалық дүние екені рас. Бірақ, Кеңес одағынан бері қарай мың сан рет қойылып келеді. Қазіргі жастарға қажеті қанша? «Карменді» көргені дұрыс па, тарихымызға қатысы бар Еділ қағанның өмірімен танысқаны жөн бе? Мысалы, Санкт-Петербургтің Мария театры «Аттиланы» екі жылдан бері сахнасынан түсірмей келеді.
Елімізде 52 театр бар. Олардың репертуарларында не бар, не жоқ – бәрі Мәдениет министрлігінің еншісіндегі шаруа. Бірақ, мен де өз бетімше қам-қарекетімді жа­сайын деп шештім. Корнельдің сол драмасының орысша нұсқасын Ресейдің федералды кітапханасынан таптым. Электронды нұсқасын алу үшін 26 мың рубль ке­рек екен. Қалтамнан ақша шығарып сатып алмақшымын. Қазақшаға аударып шықсам, дайын дүниені сахналайтын бір театр табылар.
Айтпақшы, осы отырыста Cыртқы істер министрлігінен сыртта жатқан рухани құндылықтарымызды, археологиялық мұраларымызды қайтару ісін сыртқы саясаттың бір бағытына айналдыруын өтініп сұрадым. Қозы Көрпеш-Баян сұлудың зи­ратына қойылған тас мүсіндер қазір Германияның Дрезден қаласында тұр. Мюнхенде де талай құндылықтарымыз жатыр. Бірақ, министр мұндай жәдігерлердің тек көшірмесін ғана алу мүмкін дегендей әңгіме айтты. Енді Ресейге қараңыз, өзге елдердегі небір керемет дүниелерін қайтарып алып жатыр.
Демек, саясат дұрыс жүргізілсе, мүмкін емес нәрсе жоқ.
Тағы бір алға тартқан мәселем, қазақ тілін сыртқы саясаттың тіліне айналдыру керектігі жөнінде болды. Өкініштісі, бұған да қанағаттанарлық жауап ала алмадым. Министр бізде іс қағазы жүз пайыз қазақ тілінде жүргізіледі деумен шектелді.
Аптаның есте қалған елеулі оқиғасы дейсіңдер, есімде қалғаны осы, айтсаң, өзіңе ренжитін, айтпасаң, ішіңе сыймайтын осындай ұсыныс-пікірлерім екен.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button