Талайғы тарихТаным

Алдымен атауын анықтап алайық

[smartslider3 slider=670]

«Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы тапсырма бергені есімізде. Міне, осыдан бастап Алтын Орда атауы БАҚ беттерінен түскен жоқ. Бірақ бұл атау соңғы кездері бірде «Алтын Орда» деп алынса, бірде «Ұлық Ұлыс», «Ұлы Ұлыс» деп, кейде тіпті Алтын Орда мен Ұлық Ұлыс қосарланып алынып жүр. Жақында Атырауда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда да «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» деп қатар алынды. Осыдан соң қарапайым халық арасында «шынымен де Алтын Орда ма, әлде Ұлық Ұлыс па? Жоқ, әлде Ұлы Ұлыс па?» деген сұраулар туындады. Бұл, былай қарағанда, кішкентай мәселе сияқтанғанымен, ғылыми тұрғыдан алғанда, елдігіміз бен тарихымызға саятын өзекті мәселе. Сондықтан бұл атауды бірізге түсірудің мән-маңызы ерекше екенін ескере отырып, ғалымдардың пікірін тыңдап көрдік.

Қойшығара Салғараұлы, жазушы,

тарихшы,

Қазақстанның еңбек сіңіргенқайраткері:

Қазіргі тарих ғылымында «Ұлы Ұлыс» деген ресми төл атауы аталмай, оның орнына «Алтын Орда» атауы қолданылып келеді. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жазылған «Қазақстан тарихының» 2010 жылы жарық көрген көптомдығының екінші томының: «Қазақ халқының қалыптасуы. Қазақ мемлекетінің құрылуы мен дамуы» деген бөлімінің бірінші тарауында түгелдей Алтын Орда деп алынған. Шын мәнінде өмірде Алтын Орда деген мемлекет те, империя да болмаған.

Шыңғыс хан өлгеннен кейін сегіз жыл уақыт өткен соң, Қарақорымда моңғол ақсүйектері құрылтай шақырып, Шығыс Еуропаға жорық жасау жөнінде шешім қабылдады. Осы жорықты басқару Жошының жауынгер баласы Батыйға жүктеледі. Жеті жылға созылған бұл жорықтан Батый хан 1242 жылы үлкен жеңіспен оралады. Нәтижесінде бұрынғы бір Жошы ұлысы жаңадан қосылған бірнеше ұлыстармен ұлғайып, күшеюіне байланысты енді «Ұлы Ұлыс» деп аталды. Осыдан кейін, қашан Ұлы Ұлыс ыдырап кеткенге дейінгі аралықта өткен екі ғасырдан астам уақыт ішінде бұл елдің елдік атауында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Ішкі-сыртқы жұрт та, осы Ұлы Ұлыстың негізін қалаған Батый ханнан бастап оның ең соңғы билеушісі болған Тоқтамыс ханға дейінгі аралықтағы ел билеушілерінің бәрі де өз елін «Ұлы Ұлыс» деп атаған. Бұған Тоқтамыстың Литва королі Витовитке жазған хатының аяғына «Ұлы Ұлыстың билеушісі Тоқтамыс баһадүр-хан» деп қол қойып, мөр басуы да айғақ.

Енді «орда» сөзінің сөздік төркіні мен атаулық мағынасына үңіліп көрейік. Көптеген тарихшылар «орда» сөзін «орта» деп түсіндіреді. Мысалы, осы орайда арнайы зерттеу жүргізген «История Отечества» атты еңбектің авторы К.Данияров: «Көптеген түркітанушылар «орда» сөзі түріктің «орта» деген сөзінен шыққан деп есептейді. Басқаларға қарағанда, осы шындыққа келеді. Қалай дегенде де «орда» мемлекет сөзінің баламасы емес, «орталық», «астана» деген мағынаны білдіреді» дейді. Бұл арада зерттеушінің «орданы» «орта» деп тануы да, оны «шындыққа келеді» деуі де – атау сөздің төркінін ғылыми талдау арқылы емес, ел билеушісінің ордасы қалайда елдің ортасында болуға тиісті ғой деген жалаң қисынға сүйенген, бұл – тиянақсыз тұжырым. «Орда» сөзі әуелде «орда, ордың ішінде» деген мағынаны білдірген. Оған бүгінге аман жеткен Ұлытаудағы хан мен қағандар ордасын тіккен жердегі «орданың жұрты» айғақ. Кейін қолданыста «ел билеушісінің әкімшілік үйі», «кеңсесі» дегенді білдіретін «орда» ұғымы пайда болған. Көптеген дереккөздерде оның жеке айтылмай, көп жағдайда «ханның ордасы», «қағанның ордасы» деп біреуге еншіленіп айтылатындығы содан болса керек. Осындай хан мен қаған ордаларының кейбірі Алтын Орда деп аталып, ерекше әспеттелгенімен, олардың да атқаратын қызметі басқа жай ордалармен бірдей мағынада. Бар айырмашылық: ханның немесе қағанның кеңсесі болған осындай орданың сән-салтанатын асыру үшін керегелерінің басын, уықтарының қарларын, шаңырағының шеңберін алтынмен аптап, сәндеп әшекейлеуінде ғана. Мұндай алтын ордалар және Батый құрған Ұлы Ұлыстан бұрын да болған. Бұл ретте, басқаны айтпағанда, өзіміз тарихтан білетін Бірінші Шығыс түрік қағанатының атақты қағаны Дизабулдың Византия елшісі Земархты осындай іші-сырты алтынмен апталған Алтын Ордада қабылдағаны белгілі. Ал мұны нақты Шыңғыс хан заманына тураласақ, мысалы, Рашид ад-Дин өз еңбегінде Қарақорымда мың адам сиятын үлкен үй тігілгенін, оның уықтарының алтынмен апталғанын, ол үйді «Алтын Орда» деп атайтынын жазады. Сол секілді Плано Карпини ұлы хан Күйікті таққа отырғызу рәсімін өткізген үйдің де «Алтын Орда» деп аталғанын айтады. Кейінгі Қыпшақ даласының ұлы ханы әз-Жәнібектің (1341-1357 жж.) үйінің де Алтын Орда аталғаны мәлім. Міне, осылардың өзінен-ақ, ешбір Орданың, тіпті Алтын Орда аталса да, ешқандай мемлекеттің аты болмаған. Салыстырмалы түрде айтқанда, біздің қолданысымыздағы Алтын Орда дегеніміз далалықтардың мемлекеті үшін қай заманда болсын, бар мән-мағынасы қазіргі АҚШ-тың «Ақ үй», болмаса Ресейдің «Кремль» дегенімен бірдей. Бірақ осылай екен деп ешкім АҚШ-ты «Ақ үй мемлекеті», Ресей Федерациясын «Кремль мемлекеті» деп атамайды ғой. Осыған қарамастан, қазақ тарихшылары әлі күнге ресми тарих атауларында, академиялық ғылыми зерттеулерінде Алтын Орданы Ұлы Ұлыс атауының баламасы ретінде ешқандай түсінік, ескертпесіз қолдана береді. Білмегендіктен емес, біліп тұрып сөйтеді. Мұның тарихи сауатсыздық; өз елінің мемлекетінің мемлекеттік құрылымына, оның атауына деген немқұрайлылық; өзгелердің айтқаны мен жазғанын ойсыз қайталай беретін ессіз еліктеушілік екенін біліп жатқан жан және жоқ.

 

Еркін Әбіл, «Мемлекет тарихы институты»

мемлекеттік мекемесінің директоры,

тарих ғылымдарының докторы:

 

Алтын орда деген атау XV-XVI ғасырларда пайда болды. Бұл – орыстар кіргізген саяси атау. Олар Алтын Орда деп атап жүрген іргелі мемлекет өздерін ешқашан Алтын Орда деп атаған жоқ. «Ұлық Ұлыс», «Жошы ұлысы» деп аталған.

Ұлық ұлыс атауы тарихи деректерде де бар. Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде, Тоқтамыс ханның жарлықтарында кездеседі. Жалпы «орда» деген сөз қазақ тілінде мемлекет деген ұғымды білдірген жоқ, ол «орталық», «астана» деген ұғымдардың баламасы ретінде қолданылды. Демек, Алтын Орда – қолдан жасалған атау. Біз Ұлық Ұлыс деген терминді 1992 жылдан бастап оқулықтарға енгізе бастадық. Біздің институт шығаратын тарихи деректерге қатысты материалдардың бәрінде «Ұлық Ұлыс» деп алдық. Ақиқаты да сондай.

Ерлан Мазан, Гуманитарлық ғылымдар магистрі,

аудармашы:

Алтын орда атауы қытайлық ресми жылнама – «Жаңа Юань тарихы» еңбегінде кездеседі. Осы еңбектің Әмір Темірдің өміріне арналған тарауында «Темір Үргенішті жаулап, Хорезм жерін толықтай басып алды. Хорезм Қыпшақтың Алтын Орда хандарына (察金翰耳朵汗) қараушы еді. Бату Алтын Орданы (金斡耳朵) құрды, оның ұрпақтары Алтын Орда ханы деп аталды» деп көрсетіледі.

Алайда «Жаңа Юань тарихы» XX ғасырдың басында хатқа түскен. Қытайлық дәстүрге сай ескі әдебиеттердің негізінде жазылғанмен, автор шетелдік еңбектерден, соның ішінде д’Оссон мен Рашид ад-Дин еңбектерінен де пайдаланған, сондықтан, бұндағы «Алтын Орда» Ертістен батысқа қарай тұлпардың тұяғы жеткен жерге дейінгі кең-байтақ кеңістікке иелік еткен Жошы ұлысының нақты, ресми атауының қытай тіліндегі аудармасы деп кесіп айту қиын. Дегенмен, Алтын Орда атауы негізсіз де емес, біздің ойымызша, бұл ежелгі қытай деректерінде, мысалы, Юань әулеті кезінде өмір сүрген Сюн Мэнсян дейтін оқымысты-ғалымның «Сицзин Жи» атты еңбегінде «昔剌斡耳朵», Ван Хуэйдің (1322–1374) «Ван Чжунвэнь-гун цзи» еңбегінде «失剌斡耳朵» түрінде хатталған, ұлы құрылтай өтетін «Сары орда» (Басты орда, Орталық орда, Алтынсары орда) атауының орыс тіліндегі баламасы болар деп ойлаймыз.

Дегенмен, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан Жошы ұлысының көршілес халықтардың тарихи әдебиеттерінде әртүрлі аталуы заңды деп ойлаймыз. Тоқтамыс ханның өзін «Ұлық ұлыстың ханы» деп атауы да заңдылық, өйткені тарихи әдебиеттерде ұлдың кенжесі ретінде Шыңғыс қағанның қара шаңырағын басқан және Шыңғыс қаған өмірден өткен соң, ұлы құрылтай өткенше Ұлық ноян деген атпен іс жүзінде ел билігін ұстаған Төленің иелігіндегі ел-жұрттың да Ұлық Ұлыс (兀鲁黑兀鲁思) атанған бар, бұл, шын мәнісінде, сюзерендік мемлекет деген мағына береді. Сондықтан, Тоқтамыстың бағынышты деп саналған халықтарға жөнелткен хаттарында өзін «Ұлық Ұлыстың ханы» деп атауы қай жағынан алғанда да жарасып тұр. XV ғасырдың ортасында Жошы Ұлысы бөлінгеннен кейін, Тоқтамыстың немересі Сейдахмет билеген мемлекеттік құрылымның тарихи әдебиеттерде Ұлы Орда (Большая Орда) аталуы да осы қисынға келеді.

Біздің ойымызша, Алтын Орда, Ұлық Ұлыс атаулары бірін-бір теріске шығармауға тиіс, біздің тарихшыларымыз екі термин арасындағы нәзік байланысты нақтылап, олардың кезеңдік тарихи-мәдени аспектілерін анықтауға көбірек күш салғаны жөн. Ал жалпылай айтқанда, Ұлы дала тарихының ұлы белесі болған ұлы ұлыстың тарихи әдебиеттерімізде Жошы ұлысы немесе Жошы-қыпшақ ұлысы деп аталғаны әлдеқайда орынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button