Руханият

Әлем ақындарын әсерлендірген Астана

Кеңес заманында әлем қаламгерлерін елімізге жинап, түрлі жиындарды өткізу дәстүрі болатын. Мысал үшін, 1973 жылы Алматыда ұйымдастырылған Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясын айтуға болады. Бұл дәстүр жанданып келе жатқан секілді. Осы аптада Австралия, Франция, Қытай, Финляндия, Польша, Ресей, Армения, Қырғызстан ақындары Қазақстанға келіп, бір топ қазақ шайырларымен бірге табиғаты таңғажайып Бурабай мен Баянауылға барды.

Астананы аралап, Ұлы дала елордасының көркіне тамсанып, шабыттарына шабыт қосты. «Қазақстан» орталық концерт залындағы осы сапарды қорытындылаған «Ақ ордалы Астана» атты халықаралық поэзия кешінде бұл айқын көрінді.
Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдығына арнап ұйымдастырған шараға ведомство басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Ақындарға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтарды тапсырды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, шетел және қазақ ақындарының басын қосқан шараның нәтижесі арнайы жасалатын бейнеальбомда көрінеді. Бұған қоса, осы ақындардың өлеңдері кітап болып шығады. Сондай-ақ, халықаралық поэзия фестивалін жыл сайын Астанада өткізу жоспарланып отыр.
Шетел шайырларының Қазақстаннан, елордадан алған әсері оқыған өлеңдерінен көрінді. Ақын, прозашы, сыншы, «Литературная газета» басылымының бас редакторы Максим Замшев өзінің сөзінше, талай әдеби және поэзиялық фестивальдерді көрген. Қазақстанда өткен фестивальдің ерекшелігі, ақындар қазақ жерінде өлеңді бұрқырата жазды. «Мұндайды еш жерден көрмеген едім. Бұл Астанадағы поэзия фестивалінің жаңалығы болып, әлемдік поэзия тарихына енетін шығар» деген ол өзі де осы сезімге берілгенін айта келе, Ұлы даламыз туралы сиясы кеппеген жырының тұсауын кесті.
Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Нұрлан Оразалин, Ғалым Жайлыбай секілді ақындарымыздың өлеңдерін орыс тіліне аударған, өзі де Қазақстан туралы біраз жыр жазған Ресейдің белгілі ақыны Сергей Мнацаканян әсерін: «Кеңестік Қазақстанда талай болдым. Ал қазір жаңа, тәуелсіз елге келіп отырмын. Маған бұрынғы астаналарыңыз – Алматы ұнайтын еді. Қазір де оған деген сезімім суыған жоқ. Астана да маған қатты ұнады. Ғажап, керемет, нағыз зергерлік көзқараспен салынған қала» деген сөздерімен жеткізіп, еліміз туралы өлеңдерін тарту етті.
Оның отандасы, ақын, аудармашы Михаил Синельников Жетісу өлкесіне жыр арнаған екен. Қазақстанға алғаш келгенін айтқан тағы бір орыс ақыны Любовь Красавина «Қоянды тауының көлдері» атты жыры­мен сусындатты. Бұл ақынның өлең оқуының өзі ерекше, оқуында бір музыка барын байқадық.
Ақын, аудармашы Бақытжан Қанапияновпен фестивальге қатысқан бірнеше шетелдік ақын әдеби байланыс орнатқан екен. Мәселен, Юкка Маллинен (Финляндия) Қанапияновпен жиырма жылдан бері араласып келе жатқанын айтып, Астанадан алған әсерін жеткізді. «Астанаға алғаш келіп, үлкен әсер алып тұрмын. Астана – пост­модернистік, футуристік қала» деді ол. Қанапияновпен Франциядан келген Тьерри Мариньяк пен армениялық Гагик Давтян да жақсы таныс болып шықты. Арменияда «Әлем ақындары антологиясы» жинағы шығып, оған енген 58 ақынның арасында Қазақстаннан жалғыз Бақытжан Қанапиянов қамтылған.
Малгожата Махлевская (Польша) қазақтар мен поляктарға ортақ сезім – жылқыға деген махаббат туралы сөз сабақтап, Астанаға арнаған жырын оқыды.
Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған, бүгіндері Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы болып отырған ақын Әкбар Рысқұлов Қырғызстан елшілігі Астанаға осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Үкіметімен бір күні көшіп келгенін, елордаға қоныс аударған елшіліктің алды өздері болғанын жеткізіп, сол кезде туған өлеңін оқып берді.
Фестивальге қатысқан қазақ ақындарын поэзияға өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары келген буын бастады. Атап айтсақ, Исраил Сапарбай, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ұлықбек Есдәулет. Тәуелсіздікпен келген буынның басы Маралтай Райымбекұлы, жаңа ғасыр поэзиясы өкілдері Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, т.б. ақындар сол ортадан табылды. Кеште қазақ жырының да үні пәс шықпады. Қорытындысында қатысушылардың үндеуі қабылданды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button