Мәдениет

«ӘЛЕМ» БАЛЕТІНДЕ ҒАСЫРЛАР ӘНІ БАР

1103_2

Тұңғыш рет! 27 маусым күні сағат 19:00-де! Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында! «Astana Ballet» хореографиялық ұжымының «Әлем» атты бір актілі балетінің тұсаукесері өтеді. Астана күнін мерекелеу қарсаңында қойылатын балеттің қоюшы хореографы – Ресейдің белгілі балетмейстері Никита Дмитриевский.

Халықтық және заманауи хорео­гра­фияның классикалық дәстүр­лері мен ең соңғы үрдіс­терін шебер біріктіре білген «Astana Ballet» хореографиялық ұжымы 2012 жылдың күз айларында құрылды. Театр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсы­ны­­сымен ашылды. Атқару­шы директор Валерий Күзембаевтың айтуынша, бүгінде ұжым өзінің қайталанбас сипатта дамуына мүмкіндік ашу үшін өз қолтаң­басын іздеуде. «Бір жылдан аса тынымсыз еңбегіміз, Қазақ­стан мен шетелдегі көрермен алдындағы өнеріміз ұжымның бір­тұтас, бір актілі балетті сах­на­­лауға дайын екенін көр­сетті. Біздің идеяларымызды жүзеге асырып, бидегі өз мәне­рін енгізе алатын хореогра­фты іздеу ұзаққа созылды. Көр­кемдік басшылықтың таңдауы, біздің пайымдауымызша, қазір­гі заманғы ең тартымды ба­лет­мей­с­тер­лердің бірі, мәскеулік хореограф Никита Дмитриевскийге түсті. Бізге даму, жаңа ағымдар мен бағыт­тар­ды байқап көру, көрер­­менге ұғы­нық­ты, қазақ халқы­­ның өзін­дік ерекшелігін айқын­дайтын зама­науи би тілі­мен тілдесу маңыз­ды» деп түсін­ді­реді жаңа қойы­лым­ның негізгі мақсатын В.Күзембаев.

Қойылымға дайындық қызу қарқынмен жүруде, Н.Дмит­риев­ский «Astana Ballet» әртіс­терінің кәсіби дайындығын тәуір бағалады. «Бұл ұжыммен жұмыс істеу – мен үшін үлкен мәртебе. Барлық балериналар тартымды және іске ынта-шынтасымен кіріседі, материалды үйреніп алмайынша кейін шегінбейді. Маған бұл жұмыста ұсынған материалымды әртістер қалай қабылдай алғандығы, көркемдік басшы­лық қандай пікірде екен­дігі маңызды. Көптеп-көлем­деп істейтін ұжымдық жұмыс болған­дықтан, біздер бір-бірі­міз­дің пікірімізге құлақ асамыз» деп ағынан жарылды ресейлік балетмейстер.

Никита Дмитриевскийдің соны хореографиясы өзекті әлемдік үрдістер мен қазақ би мәдениетінің дәстүрлі әуенінің нәзік, сезімтал синтезіне айналды. Мультимедия саласындағы Ресейдің жетекші мамандарының бірі Леонид Басин спектакльдің бейнелік тұжырымын да Қазақстанның бай мәдениетінің ерекшеліктерін есепке ала отырып жасапты. Әуенін арнайы жазған – этнокомпозитор Болат Ғафаров, либреттоны Қазақстанның белгілі ақыны, сценарийші Бақыт Қайырбеков жазды.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Айнұр СҰЛТАНҒОЖАЕВА, «Astana Ballet» мемлекеттік театрының әртісі:
– Бұл – біз үшін жаңа бағыттағы қойылым.
Никита Дмитрийевскиймен жұмыс істеу барысында үлкен тәжірибе алмасудамыз.
Аз уақыт аралығында спектакль қою әркімнің қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Халықтың көңілінен шығады деген ойдамыз.

Театр ұжымы 3D-мэппинг пен бейнеинсталляция мамандарын да арнайы шақырып отыр. «Әлем» деп айдар таққан туынды біздің дәуірімізге дейінгі заманнан бастап бүгінге дейінгі ғасырлар көрінісін көрермен алдына әкелмек.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button