Sport

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ ӘДЕМІ ГОЛ

Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында шайбалы хоккейден өтіп жатқан әлем чемпио­натында Қазақстан құра­масы үш ойын өткізді.

Бүгінде топтық бәсекелер өтіп жатыр. Қазақстан хоккейшілері Ресей, Чехия, Швеция, Швейцария, Дания, Норвегия және Латвия құрамаларымен бірге бір топқа түсіп, келесі айналымға өтетін төрт орын үшін сынға түсуде.
Андрей Назаров баптайтын Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын өте сәтті бастады деуге негіз бар. Алғашқы ойында жерлестеріміз Швейцария құрамасымен кездесті. Бұл ойында қазақстандық хоккейшілер матчтан кейінгі буллит бойынша жеңіске жетті. Ойынның негізгі уақытында есеп 2:2 болып тіркелген еді. Одан кейін бес минуттық овер-тайм белгіленді. Бірақ бұл уақытта да есеп өзгер­меді. Ал ойыннан кейінгі буллит ұрысында Қазақстан хоккей­шілері мергендігімен танылды.
Осы матч барысында әлем чемпионатындағы ең елеулі көрсеткіштердің бірі тіркелді. Қазақстан құрамасының қор­ғаушысы Роман Савченко алаң ортасынан, тіптен өз алаңынан қарсыластар қақпасына гол соқты. Осы голды көрген мамандардың бәрі «Қазақстандық хоккейшінің Швейцария қақпасына салған голы әлем чемпионатындағы ең әдемі гол» деген пікірлерін айтуда. Шынымен де Савченконың бұл голы жанкүйерлер тарапынан жоғары баға алуда. Сондай-ақ, осы матч барысында Қазақстан құрамасының қақпашысы Виталий Колесник те шеберлігімен көзге түсті. Ол ойын кезінде 49 сэйф жасады, яғни, осынша рет өз қақпасына бағытталған шайбаны қайтара білді.
Екінші ойында жерлестеріміз алаң иелерінен ұтылды. Осыған дейін Чехия құрамасынан 0:3 есебімен ұтылып, өз жанкүйерлері алдында ұятқа батқан Ресей хоккейшілері Қазақстанға қарсы ойында барын салып бақты. Дегенмен, бұл ойында да қазақ­стандық хоккейшілер қарап қалған жоқ. Матчтың ортасына дейін тең нәтижені ұстап тұрды. Алайда, Ресей құрамасы соңғы кезеңде ширақтық танытып, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Үшінші ойында жерлестеріміз Норвегия құрамасынан ұтылып қалды. Көпшілік жанкүйер осы матчта Қазақстан жеңеді дегендей болжамдар жасаған еді. Алайда, ойындағы жағдай басқаша өрбіді. Матч 4:2 есебімен норвегиялықтар пайдасына шешілді.
Тағы бір айтарымыз, бұрын легионер болып келген бірнеше шетелдік хоккейшілер Қазақстан құрамасы сапында алаңға шықты. Атап айтқанда, «Барыс» командасында бірнеше жылдан бері ойнап жүрген Брэндон Боченски, Найджел Доус және Дастин Бойд Қазақстан құрамасының намысын қорғап жүр.
Кеше Қазақстан құрамасы Шве­ция хоккейшілерімен кездесті.
Біздің топта Чехия құрамасы көш бастап келеді. Екінші топта Канада жеңіліссіз келеді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button