Әлеумет

ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫ ҚАЛАЙ ДЕМАЛАДЫ?

f15779

Қазір жұрт жаппай еңбек демалысынан оралып, енді біреулері қара күзде еншісі тигеніне қуанып отырған жайы бар. Осы ретте кейбір мемлекеттерге қарап шүкіршілік етуімізге де болады. Өйткені, еңбек демалысына аз мерзімге ғана жіберетін немесе оны мүлде бермейтін де мемлекеттер бар екен. Мәселен…

Өзіміз қызыға қарайтын еуропалық мемлекеттердің көбінде азаматтар мереке күндері жұмыс істеп, кейін оны жылдық демалысына қосып алады. Филлипиндік болсаңыз, жағдайыңыз одан да нашар болар еді, өйткені, оларға жылына бас-аяғы бес-ақ күн ақылы демалыс тиеді. Қазақстанда қызметкерлерге ұзақтығы 24 күнтiзбелiк болатын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы тиесілі (Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 101-бабына сәйкес, егер қызметкерлердiң жекелеген санаттары үшiн көп күн саны көзделмесе). Оның сыртында кейбір салада кәдімгідей кеңшілік бар. Мысалы, мемлекеттік қызметшілерге – 30 күн, әскерилерге – 30 күннен 45 күнге дейін (қызмет атқарған еңбек өтілі мен еңбектеріне байланысты),  педагогтерге – 56 күн; мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагог мамандары үшін 42 күн маусымдық демалыс беріледі. Ал, 1 және 2-топтағы мүгедек қызметкерлердің межелі күннен тыс кемінде 15 күн қосымша демалыс алуына құқығы бар.

Израильде азаматтарға жұмыс өтіліне байланысты 10 күн мен 24 күн арасында ақылы демалыс беріледі (Мыс.:1-4 жыл арасында жұмыс істегендер –  12 күн, 5 жыл жұмыс істегендер – 14 күн. Оның сыртында кейбір мамандықтар бойынша сауықтыруға арналған демалысқа – 6 күн, денсаулыққа зиянды жұмыстарға 12 күнмен қоса 500 доллардай жәрдемақы беріледі. Жапонияда да осыған ұқсас дефференциалды тәртіп орнаған. Яғни, әркімге – еңбегіне қарай. Бірақ, бір қызығы, жапондықтардың басым бөлігі демалыстың жартысын ғана пайдаланады екен. Өйткені, екі қолды бос қойып, емін-еркін жүру бұл халықтың өмір ырғағына мүлде қайшы.

Керісінше, кейбір еуропалық елдерде бізге тән жайбарақаттық бар сияқты. Мәселен,  Ресейде 28 күнтізбелік еңбек демалысы беріледі. Оған 14 мемлекеттік ресми мереке күндерін қоссақ, ресейліктер жылына бақандай 42 күн тынығады екен. Ағылшындар да айға жуық аяқ суытады. Оған 8 мемлекеттік ресми мереке күндерін қоссақ, ұзын-ырғасы 36 күн демалады. Италиялықтар 11 мемлекеттік ресми мереке күнін есепке алғанда,  31 күн жұмысқа бас қатырмай өмір сүру бақытына ие болады.

Ал, әлемнің кейбір халықтары жыл он екі айды қыбыр-қыбыр тіршілікпен өткізе ме деген әсерде қаласың. Мысалы, заң бойынша Сингапур мен Гонконгта – 7 күн, Оңтүстік Кореяда – 10 күн, Қытайда – 11 күн, Индияда 12 күн ақылы демалыс беріледі екен. АҚШ-та арнайы ақы төленетін жылдық демалыс заң бойынша мүлдем бекітілмеген. Қызметкерін қашан, қанша мерзімге жіберетіндерін әр мекеме өз бетінше шешеді. Соған сәйкес, АҚШ азаматтарының 25 пайызы бел жазбай жұмыс істеуге дағдыланған.

Қарап отырсақ, халқын сирек «еркелететін» елдердің қай-қайсы да экономикалық жағынан қуатты. Олар бейнебір үздіксіз механизм іспеттес, енжарлыққа ұрынса, қарқын алған шаруашылығын қожыратып алуы кәдік. Дегенмен, әркім «көрпесіне қарай көсіледі» емес пе? Біздің халыққа да сондай еңбексүйгіштік  қасиет тілейміз.

Дайындаған Ерлан ЖҰРЫНБАЕВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button