Басты ақпаратЖаңалықтар

ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН КӨШБАСШЫ

!01 (27)

Түс көріп жүргендеймін

Қасиетті Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде Ұлы Көшбасшымыздың бастауымен жүріп өткен ғасырға бергісіз уақытымызды таразы басына тартып, салмақтап көрелік. Мен осы қаланың байырғы тұрғынымын. Облыс орталығына 1970 жылы келгенімде, Целиноград шағын ғана шаһар болатын. Қазағы аз, қазақтығы кемшін, тыңның туын көтерген, сол діл қай жерге барсаң да, сақталған және үнемі көрініс беріп, күретамырдай бүлкілдеп тұратын мекен еді. Әлі есімде, 1990 жылдардың аяғында «Қазақ әдебиеті» газеті сол жылдары Целиноград облыстық Советі атқару комитетінің төрағасы, марқұм Қайриден Кәрібаев ағамыздың сұхбатын басты. Мақалада қаламызды Астанаға айналдыру мүмкіндіктері сөз болған. Құмарта, таңдана оқыдық. Біз үшін бұл бір ертегідей көрінген. Енді сол ертегідей елестеген түсіміз ақиқатқа айналып, әлемнің сұлу да сымбатты Астана атты әлемнің ару қаласы бой түзеді. Өз басым әлі түс көріп жүргендеймін. Осындай әлемді таңдандырған Астана салу – Елбасының бірінші ерлігі еді.
Тәуелсіздік шапағын шашып, таңы атып келе жатқанда, Президентіміз ел дербестігіне сын болған 20 сынақтан жас мемлекетімізді ерлікпен, кемеңгерлікпен өткізе бастады. Бұл Ұлы Көшбасшының жеңіп шыққан 20 сынағының бірі – Қазақстанның заңды рәсімделген және халықаралық мойындалған мемлекеттік шекарасының болмауы еді. Сол себепті жас мемлекет түрлі трансұлттық қауіптер мен геосаяси қатерлер алдында аса қауқарсыз еді. Көп ұлтты мемлекет өз тәуелсіздігінің алғашқы қадамдарын жасамай жатып-ақ күйреуі мүмкін еді. Осы тұста халықаралық беделге ие сарапшылардың басым бөлігі елімізді өңірлік белгісі бойынша бөлініп кеткен мемлекеттің тағдыры күтіп тұр деп болжай бастағаны есте. Елбасымыз елдің аумақтық тұтастығын сақтау үшін мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық нормаларға сай бекітіп, заңды түрде рәсімдеуге данышпандықпен жетекшілік етті.
Жағырапиялы жағынан көрші орна­ласқан Қытай мен Ресей секілді алып державалармен, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сынды түркі тілдес жас мемлекеттермен шекара сызығын анықтап, бекітіп алу тым оңай жұмыс емес еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі мен келешекті болжай алатын даналық қасиеттерінің, аса үлкен ғаламдық беделінің арқасында және ұзақ та тынымсыз еңбектердің нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасы толығымен заңды түрде рәсімделіп, толық жабдықталды. Қазір Қазақстанның шекаралық әскерлерінің бақылауында 14 мың шақырымнан астам аумақ бар. Мысалға, Ресеймен шекарамыз – 7200, Өзбекстанмен шекара – 2150 шақырым, Қытаймен шекара – 1740 шақырым, Қырғызстанмен шекарамыз – 1050 шақырым да, Түркіменстанмен шекара – 400 шақырымды алып жатыр. Сол ерлік пен жасампаздық 25 жыл бойына сәтті жалғасып, Қазақстан өз Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында жаһанға танымал, мәртебесі биік мемлекетке айналды. Мұны көр­меу, сезінбеу, бағаламау мүмкін емес. Қазірде жер-жерлерде мемлекеттік ше­ка­раны қорғаудың жаңа технологиялары енгізіліп, шетелдіктердің кіріп-шы­ғуын бақылайтын біртұтас ақпарат­тық жүйе қауіпсіздігін, Қазақстан Республи­касының шекаралары мен мемлекеттік егемендігінің сақталуын қамтамасыз ететін берік платформа құрылды.

Ядролық арсенал жойылды

Жас мемлекетімізге сол жылдары қатер болған екінші сынақ – қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсенал саналатын Семей полигонының проблемалары еді. Өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан әлемдегі төр­тінші ядролық қару арсеналына ие болғаны мәлім. Адамзатқа ажал әкелетін бұл мұра, сөз жоқ, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне үлкен қатерлер тудыруы мүмкін еді. Көреген Көшбасшымыз тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдарда-ақ мұны ақыл таразысына сала білді. Қазақстан әлемдегі ұлы дер­жавалардың геосаяси мүдделерінің тұтқыны болмауы үшін көп кешіктірмей елдегі ядролық қару мәселесін шешу керек болды. Елбасының жетекшілігімен Қазақстанның болашақ саясатының негізін қалаған алғашқы қадам 1991 жылы тамызда Семей ядролық полигонын жабудан басталды. Ядролық арсеналды шығару бойынша өз мін­деттемелерін орындағаннан кейін еліміз ядролық қару арсеналын жойып, бұрынғы әскери өндірістерді конверсиялау жұмыстарын шешуге кірісті. Сонымен, кемеңгер Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен 1993 жылдың 13 желтоқсанында Қазақ­стан Республикасының сол кездегі Жо­ғарғы Кеңесі Ядролық қаруды таратпау жөніндегі Келісімді ратификациялады. 1994 жылдың 14 ақпанында Қазақстан МАГАТЭ мүшелігіне өтті. Осы кезеңде кепілдіктер туралы келісімге және оған қосымша хаттамаға қол қойылды.
Елбасымыздың жеке нұсқауымен 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семейде осы өңірде ядролық қарудан бос ай­мақ құру туралы келісім жасалды. Атал­ған Келісім шеңберінде Қазақстан ядро­лық қауіпсіздікті бекіту, ядролық мате­риал­дардың таралуының алдын алу және ядролық лаңкестікпен күрес бойынша іс-қимылдың өңірлік жоспарын әзірледі.
Елбасымыздың жеке өзінің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Семей полигонының жабылған күнін, яғни 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп жариялады. Дана көшбасшымыздың бұл бағыттағы жігерлі де көрегендік жұмыстары таяуда болған Вашингтон Саммитінде жалғасын тауып, ондағы Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр. Ядролық қауіпсіздік» Манифесін БҰҰ бүгінде өзінің негізгі құжатына айналдырып отыр.

Келешек бүгіннен басталады

Қазақстанның сыртқы саясаттағы өз Президентінің жетекшілігімен жүргізіп отырған дана саясатының ендігі бір жемісі мен жеңісі – еліміздің БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылдануы болды. Бұл жетістікті әр қазақстандық, кез келген қазақ баласы, елім деген ері білуі, бағалауы керек. Қысқасы, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты тәуелсіз қазақ елін Азияның айтулы да айбарлы азулы барысқа айналдыра алған алып мемлекеттің кемеңгер көшбасшысы ретінде ғана біліп, танымымыздың осы деңгейден ғана шектеліп қалуын өз басым дұрыс деп есептемеймін. Керісінше, Тұңғыш Президентіміздің планетарлық деңгейдегі биіктерге самғап көтеріле алған, әлемдегі санаулы тұлғалардың бірегейі екенін мақтан тұтуымыз және тағдырымызға мың алғыс айтуымыз парыз. Саналы қазақ баласы үшін бұл оның ғұмырына жасампаздық жігер мен от берер қайнар дер едік. Әлгінде Қазақстанда тәуелсіздіктің таңы атқанда елдің алдынан шыққан 20 қатерлі сынақтар жайында, оны Елбасымыздың кемеңгерлік еңбектерінің арқасында қалай жеңгенімізді шамалап айттық. Президентіміз сол жылдарда Қазақстанның өз Қарулы Күштерін құруға, елдегі кримогендік жағдайдың нашарлауы мен ұйымдасқан қылмысты ауыздықтау, Кеңестік жүйеден мұраға қалған ескірген заңнамалық базаны жаңартуға, өз тиімсіздігін таныта бастаған мемлекеттік басқарудың әкімшіл-әміршіл жүйесінің тиімсіздігін жоюға, жаңа мемлекеттік саясат құруға, Кеңестік Үкімет құлаған соң кә­сіп­орындардың тоқтауы және қирауы, ауыл шаруашылығының құлдырауы, елдегі қаржы-ақша жүйесінің күйреуі, валюталық-алтын сақтық қорларының болмауы, республикада сол жылдары қалыптасқан гиперинфляциямен, ақшаның шапшаң құнсыздануымен күрестер жүргізілді. Елбасымыздың басқаруымен осы 25 жылдың шеңберінде атқарылған ұлан-ғайыр жұ­мыстардың нәтижесінде Қазақстан ғаламның да­мыған 30 елінің қатарына қосылды.
Елбасымыз сол жылдарда осы жасам­паздық жұмыстарымен қанаттастыра Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеумен, мұнай-газ кен орындарының ел мүдделеріне сай игерілуін де қолға алып, бұл салаларда да жеңістерге жетті. Осы жылдарда халықтың шет елдерге тұрақты тұруға жаппай кетуі және ел ішіндегі теріс көші-қон балансы да реттелді. Қазақстандықтар өмір сапасына қол жеткізіп, медицина қарыштап дамыды. Бүгінде елімізде жүректі, бауырды ауыстырып салу оталары сәтті жасалуда. Ұлтаралық шиеленістер мен этносаралық қақтығыстар қаупі мүлдем сейіліп, Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы жемісті жұмыс істеуде. Оның тәжірибесін барша әлем танып, үйренуде.
Айта берсек, тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде Елбасымыз ғасырға бергісіз еңбектер жасап, елді индустрия­ландырудың екінші бесжылдығын қолға алды. Елбасымыздың бес институ­ционалдық реформасы және оны іске асыратын «100 нақты қадам» жоспарлары ел игілігін еселей түсуде. Ендеше, әр қазақ, әрбір қазақстандық Елбасы секілді ұлы реформаторды, кемеңгер Көшбасшыны берген тағдырға мың да бір алғыс айтуы керек!

Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы, Қазақстанның
Мәдениет қайраткері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button