Басты ақпарат

Әлемді әйел билесе…

Меніңше, әлемдегі әлеуметтік утопиялардың бірі – гендерлік саясат. Дегенмен, Адам атаның қисық қабырғасынан жаралған әйелдер қауымы, ерлермен теңесіп бүгінгі қоғамда айтарлықтай жетістіктерге жеткенін мойындау керек. Ал өткен ғасырдың соңына қарай нәзік жанды жаратылыс иелері саясатпен айналысып, ел билеу ісіне араласа бастады.

[smartslider3 slider=2939]

Әйелдердің медицина, білім беру саласындағы басымдығы ешкімді таң қалдырмас. Бүгінде әлемдегі 143 ел конс­титуциясында әйелдер мен ерлердің дискриминациясын жойып, барша азаматтардың тең құқығын бекітіп қойды. Алайда 52 мемлекет әйелдердің пайдасына қарай әлі оң қадам жасаған жоқ. Егер осыдан жүз жыл бұрын ғана (1911 ж.) бар болғаны екі елдің әйелдерінде сайлау құқығы болса, бүгінде әлемнің алпысқа тарта парламенттерінде арнайы комитеттер гендерлік теңдікті қадағалап отыр.

ХХ ғасырдың аяғында әйелдерді саяси және сайлау процесіне белсенді түрде енгізу тәжірибесін енгізді. Бәрі бірден басталған жоқ, алдымен сайлау кезінде партияның басқару органдарында да, партиялық тізімдерде де әйелдердің өкілдігін қамтамасыз ететін партиялық деңгейде белгілі бір әкімшілік шешімдер қабылданды, шағын қыз­мет берілді. Артынша бұл үдеріс шарықтау шегіне жетіп, әйелдер қауымы жаппай атқа қонып, тіпті жекелеген мемлекеттер тарихы белгілі бір әйел-саясаткерлердің есімімен қатар есте қалатындай дәрежеге жетті. Мадлен Олбрайт, Маргарет Тэтчер, Индира Ганди, Голда Меир, Беназир Бхутто, Ангела Меркель…

Бұл, әрине, кең көлемде алғанда дым да емес. Дүние жүзіндегі елдердің 22-сінде ғана әйел Мемлекет басшысы болып табылады. Осы елдердегі министрлердің тек 21 пайызында әйелдер жетекшілік етсе, парламентшілердің 25 пайы­зын әйелдер қауымы құрайды. «Біз шындықты өзгерте алмаймыз: әйелдердің саяси өмірдегі тең өкілдігі өте баяу дамып келеді» деп оны БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет те мойындаған еді. Сол жиынның бірінде Мишель Бачелет бұл қарқынмен ұлттық заң шығарушы органдардағы гендерлік тепе-теңдікке 2063 жылға дейін қол жетпейтінін айтты. Ал үкіметті басқаратын әйелдер мен ерлердің саны 2150 жылға дейін тең болмайды деп болжам жасады.

Егер саясатты бұл билікке қатысты қарым-қатынас, ал билік – ресурстарға қол жеткізу, оларды бақылау және оларға билік ету деп қарасақ, адамзаттың жартысы саясатқа араласпастан, билікке қол жеткізбестен өз ықпалының үлесін сезінбей, әділ үлесінен айырылып отырғаны анық. Ал жаңа заманның әйелдер қауымы бұған көнер ме екен?! Әйелдер үшін бәрінің бірдей билікке қол жеткізуі мақсат емес шығар. Әйт­се де, қазақ жерінде де болған БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун әлемдегі ілгерілеудің бір кілті әйелдердің қолында екенін көрсетіп, «Біз әйелдердің әлеуетін ашқан кезде ғана барша адамзаттың жарқын болашағын қамтамасыз ете аламыз» деді. Құлаққа майдай жағатын бұл сөз нені меңзейді?! Адамзаттың ілгерілеуі мен орнықты дамуының негізгі алғышарттары – гендерлік теңдік пен әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу деген ғалымдардың сөзіне ден қоюға болады.

Айтқандай, әдемі айтылған сөздерді іс жүзінде жүзеге асырмақ болған елдердің бірі Аргентинада 1991 жылы ел Парламентінде әйелдерге гендерлік квоталар енгізілді. Яғни сайлауда кандидаттардың кем дегенде 30 пайызы (және әр партияның тізіміндегі алғашқы үш орын үшін кем дегенде біреуі) әйел болуы керек дегенді білдіреді. Мұндай шара әйелдердің Парламенттегі өкілдігін ұлғайтуға, сондай-ақ әйелдер үшін және елді жалпы демократияландыру үшін маңызды проблемаларды өзектілендіруге көмектеседі деп болжанды. Алайда нәтижесі көптің ойынан шықпады. Жаңа заңға сәйкес партиялар шынымен де бюллетеньге әйел кандидаттарды енгізді, бірақ олардың көпшілігі ер депутаттардың көңілдесі немесе жақын-жуығы болып шықты. Әрине, олардың ел қамын ойлайды деу бекершілік болар.

Десе де, жаны ашымастың қасында басың ауырмасын деген сөз бар. Осыдан бес жыл бұрын өз елімізде әйелдердің зейнет жасы туралы заң қабылдаған кезде, депутаттар бірінші оқылымнан кейін, қазақ әйелдерінің жағдайын барламай, ешқандай өзгеріс енгізіп талдамастан бір ауыздан қабылдап жіберді. Мәжілісте отырған депутат қыз-келіншектер жылы орнында ұзақ отырғанын қалады ма, әлде бұрымдының намысы бір деген сөз естерінен шықты ма білмейміз, әйтеуір көпке қолайсыз заңға қарсы тұрмады. Оның арты қоғамда дау туғызғаны белгілі. Әлемдік тәжірибе әйелдердің ерлермен тең дәрежеде қоғамдық және саяси өмірге белсене араласуына, заңдарды даярлауға ықпалы болмағанда, саяси институттар жұмысы тұралап, қауіпті ықпалды күштердің мүдделеріне бағытталатынын дәлелдейді.

Тек ер адамдар әзірлеген және қабылдаған заңдылықтар мен саяси шешімдер адамзат тәжірибесі мен әлеуетінің бір бөлігін ғана көрсетеді, олар белгілі бір мағынада бір жақты, тиімсіз болуы әбден ықтимал. Іс жүзінде мұндай саясат пен мұндай шешімдер әйелдердің өміріне әсер ететін гендерлік салдары мен экономикалық және әлеуметтік факторларды ескеруге бейім емес. Нәтижесінде мұндай саясат әлеуметтік тұрғыда жеткіліксіз болатыны айтпаса да түсінікті болар.

ХХІ ғасырда гендерлік теңдік – адам құқығы мен әлеуметтік әділдік атты шеңберінен шығып, оның экономикалық санаты мен сипатына мән беріле бастапты. Енді әйел мен еркектің тең құқығы басты мәселе емес, оны ел экономикасының дамуындағы кедергі ретінде қарап, жаңа реңк берілді. Қоғамның оны ішіндегі жасап жатқан жекелеген адамдардың дамуындағы үдерісті тежейтін нәрсе – адамзаттың жартысын құрайтын әйелдердің мүмкіндіктерінің шектеулі, қолдары байлаулы болып отырғанын мойындады. Олардың адами әлеуетін іске қосудағы негізгі кедергі гендерлік теңсіздік екенін және осының салдары экономикада көрініс тапқанын түсіндіруде.

Әйелдер қай елде болмасын ер-азаматтардың өзіне лайықтап пішкен қоғамында жасап жатқанын жоққа шығармаймыз. Ол қоғамда әйелдің орнын көрсететін ықылым заманнан қалыптасып қалған орны бар. Дегенмен, дүние өзгеріп бара жатыр. Соған қарай адамдардың болмысы да ауысып, әйел-еркек деп қарайтын қалып кейбіреулерімізге тарлық етуі – заңды нәрсе. Бірақ, оның да жолы жеңіл емес. Қалыптасып қалған көзқарасты бұзудың өзін былай қойғанда, отбасы мен қызмет жолын таңдау да – аналар үшін ауыр шешім. Ер-азаматтар қоғамында өзін қалай ұстау, сөзді қалай саптап, істі қалай жүргізудің жөнін көбі біле бермейді. Жалпы жаратылыстың психологиялық кедергілері де әйелдерді етегінен тартып, діттеген мақсатына жеткізе қоймайды.

Әрине, мынау шекарасыз ақпараттанған әлемдегі өзгерістер жаңа көзқарастар қазақ әйеліне де әсер етпей қоймайды. Бұл, әсіресе, қазақ қызының тәрбиесінде көрініс тауып отыр. Қыздарын болашақ жар, ана ретінде емес, білімді, мансапты, лауазымды тұлға ретінде көруді армандайтындардың уәжі «барған жерінде жыламасын» дегеннен шығады. Ер мінезді етіп тәрбиелеп, «бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін» алып қалатындай еркіндікке баулиды. Ол мінез өсе келе шайпаулыққа жеткізеді. Десе де тәрбиесі мен мәдениеті жеңіп, қайсарлыққа айналғанда да қатарынан ірілеу көрінеді. Қайсарлық, ер мінезді болып, азаматтармен теңесу жастардың тағдырына әсері орасан. Елімізде отау тіккен жастардың үштен бірі ажырасып жатқаны да көп жайтты аңғартса керек. Бәлкім, әлі де болса қазақы тәрбиеміз ерлердің жолын кесіп өтуге жеткізе қоймаған шығар. Ал одан аттап кеткендер қызмет мансаптың жолына түбегейлі түсіп, ұрпақсыз, тұл өмірді қалап отырғандай. Зерттеулерге сәйкес Германиядағы әйелдердің 20 пайызы саналы түрде босанғысы келмейді. Батыс және Солтүстік елдерде Еуропада баласыздықты құптаушылар деңгейі 90 пайызға жетеді. Испанияда жасөспірімдердің 20-25 пайызында гомосексуалдық бағыт бар. Мұның бәрі жасанды түрде гендерлік теңдіктің сылтауымен жасалып отыр. Қазір көп елге көрсеткіш болатын Голландия, Бельгия, Скандинавия елдерінде классикалық түрдегі, яғни біздің ұғымдағы отбасы институтын құтқару туралы мәселе туындамайды. Дәстүрлі отбасы гендерлік саясаттың салқынымен жойылып бара жатыр. Десе де адамзаттың таңдауы адастырмай, о бастағы көздеген асыл мұраттарына шығынсыз жетеді деген үміттеміз.

Дегенмен, күдік басым. Әріден алмай, соңғы отыз жылда Өзбекстан Республикасының халқының саны 20,6 млн-нан 35,4 млн-ға өсіпті. Осы жылдары қазақтардың өсімі үш млн ғана, яғни 16 млн-нан 19 млн-нан сәл асқанда бөркімізді көкке лақтырып, бір қуандық. Бала туу жасындағы әйелдердің жайбасарлығы ма, әлде гендерлік саясаттың салқыны ма?! Бұл екпінмен ендігі отыз жылда қазақтың даласында кімнің баласы сайран салмақ?!

Гендерлік теңдік стратегиясы мемлекетіміздің басымшылық беріп отырған бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. 1998 жылы Қазақстан әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенция (CEDAW) ратификациялады және халық­аралық міндеттемелерге сәйкес ел Үкіметі CEDAW комитетіне қол жеткізілген нәтижелер туралы тұрақты түрде есеп береді. Қазақ­станда саяси және құқықтық шеңберлер – құқықтар кепілдіктері, заң нормалары, ұлттық стратегиялар, ұлттық мақсат ретінде гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған іс-қимыл жоспарлары мен бағдарламалары әзірленді. Гендерлік теңдік ел Конституция­сында бекітілген. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданды. Елімізде қолданылып жүрген құқықтық және саяси шеңберлер әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Одан бөлек, елімізде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бірақ мұның ақыры қазақ қоғамының оң жамбасына келе ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button