Мәдениет

ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТКЕН СУРЕТТЕР

Астанадағы Ұлттық музейде «National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрме ашылды. Көрме Орталық Азия өңірінде алғаш рет жарық көрген «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесері аясында ұйымдастырылды.

Игілікті шараға «National Geographic» халықаралық журналының Вашингтоннан келген басшылығы, шетелдік меймандар еліміздегі зиялы қауым өкілдері қатысты. Журналдың тұсаукесерінде ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев ізгі лебізін білдірді.

Сондай-ақ, халықаралық журналдың жауапты редакторларының бірі, басылым директорының орынбасары Даррен Смит Қазақстан туралы мұрағаттан алынған мақалалар жайында кеңірек тоқталды. Ал журналдың маркетинг директоры Ариель Лор  беделді  брендтің тарихына шолу жасады. Сонымен бірге «National Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы Еркін Жақыпов  редакцияның ұстанып отырған бағыты туралы айтып берді.

Шарада көңілімізде толқытқан сәттер де болды. Бүгінде жасы сексеннен асқан Фазила Жаналтай әжеміздің суреті «National Geographic» журналының 1954 жылы шыққан санында жарияланған екен. Ол мақалада Алтайдан асып, Түркияға барған қандас бауырлардың тағдыр тауқыметі жазылған.  Тарихтың тірі куәгеріне айналған әжеміз бүгінде елордада тұрады.

Көрмеге халықаралық журналдың әлем жұртшылығын тәнті еткен үздік фотолар қойылған. Олардың қатарында Стив Маккарридың дүниені шарлаған әйгілі «Ауған қызы» суретінен бастап, Джейн Гудоллдың таңғажайып кадрлары, Томас Аберкромбидің 1965 жылы түсірілген Мекке көрінісі бар. Таңғажайып көрме екі айға дейін жалғасады.

                                                                                                                                                                                                                        Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button