Басты ақпарат

ӘЛЕМДІ ҚҰТҚАРУШЫ КҮШ – РУХАНИ БІРЛІК

Әлемдегі бірден-бір бейбіт қала атанған Астана тағы да татулықпен келісімді ту еткен алқалы жиынның алаңына айналды. Әлемнің 25 елінен ағылған қоғам, мәдениет, дін қайраткерлері қазақ елінің астанасында бас қосып, І Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің 20 жылдық мерейтойына арналған «Рухани мәдениет арқылы – дүниежүзілік бейбітшілікке қадам» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Тәуелсіздік сарайында өткен алқалы басқосуды осы жиынның басы-қасында жүрген «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы, сенатор Төлеген Мұхамеджанов ашты. Ол жыл сайын елімізде 18 қазан күні аталып өтетін Рухани келісім күнінің тарихына тоқталып, осыдан жиырма жыл бұрын Алматыда өткізілген Бүкіләлемдік рухани келісім конгресіне екпін түсірді.

– Конгресті өткізу күні кездейсоқ таңдалған жоқ, – деді Төлеген Мұхамеджанұлы. – Осыдан жүз жыл бұрын бұл идея Чикаго қаласында (АҚШ) дүниеге келген болатын. Өкінішке қарай, тамаша бастама жалғасын таппады. Тек 1992 жылы игі іс қазақ елінде қайта жанданып, Алматыда «Ғарыш. Жер. Адамзат» ұранымен І Бүкіләлемдік конгресс өтті. Сол кезде Республика сарайына жиналған үш мың адам бір күмбездің астында, бір деммен Жаратушыға жүректерінің ең ізгі ниеттерімен дұға қылғаны есімізде. Сол күннен бастап рухани келісім идеясы әлемге таралып, адамзат санасына адамгершілік құндылықтарын сіңіруге ұмтылып келеді.

Өз сөзінде Төлеген Мұхамеджанов I Бүкіләлемдік рухани келісім конгресін өткізуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше екенін айта келе:

– Рухани келісім күні арқылы біз ұзақ жылдар бойы қол үзіп қалған жақсы дәстүр – қайырымдылықты қайта жаңғырттық. 18 қазан күнгі қайырымдық іс-шаралар – бұл тек әдемі ишарат қана емес, шынымен игі іс, ізгілікті қадам.  Шын жүректен шыққан игілік қана жүректерге жылылық ұялатады. Адамдар арасында рухани байланыс осылай пайда болады. Рухани-өнегелік құндылықтар арқылы әлемді рухтандыру – бүгінгі күннің де, болашақтың да атқаруға тиіс міндеті, – деді.

I Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінен кейін бұл күн – атаулы мереке ретінде күнтізбеге енді. Оның маңызды оқиғасының бірі – 2010 жылдың қазан айында Астанада өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы еді. «Оған әлемнің 72 елінен 500-ден астам делегат қатысты. Әлемдік тәжірибеде алғаш рет Форум рухани мәдениеттің қос қанаты: діни және зайырлы руханилықты бірлікке шақырды», – деп атап көрсетті Т.Мұхамеджанов.

Алқалы мәжілісте негізгі баяндаманы РФ Мемлекеттік думасының депутаты, КСРО халық әртіс Иосиф Кобзон жасады.

Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай да сөз алып, ТМД елдерінің мәдени-рухани ордасы болған елордамыз енді түркі әлемінің де мәдени-рухани астанасына айналып отырғанын, жақында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ұсынысымен ЮНЕСКО-ның сессиясында Мәдениеттердің ықпалдасуының 10 жылдығын атап өту жөнінде ұсыныс білдіргендерін, бірден қолдау тапқан бұл бастама лайықты аталып өтетінін жеткізді.

Конференцияда Бүкіләлемдік форумның бас хатшысы Моһам­мад Ташһири, Жаһандық институттың президенті Джонатан Гранофф, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, Әзербайжанның бұрынғы мәдениет министрі Полат Бюлбюл­оғлы, тағы басқалар сөз сөйледі. Алыстан ат терлетіп келген  қоғам, мәдениет қайраткерлері, дінбасылары дүниежүзін жайлаған алауыздық пен қатыгездік адамзаттың рухани жұтаңдауынан болып отырғанын, жұмыр жерді қақтығыс пен дағдарыстан құтқарудың бір жолы – рухани бірлік пен өзара келісім екендігін әңгіме өзегіне айналдырды. Дөңгелек үстел басына жиналғандардың айтуынша, әлемде жиілеп кеткен табиғат апаттары да кездейсоқтық емес. «Адамзат баласының қатыгездік құмар, жауыздыққа жақын болуына Жер-ана да өз қарсылығын білдіріп жатыр. Тосыннан келген табиғи апаттар – соның айғағы. Әлемді құрдымға кетуден құтқарушы күш – рухани мәдениет. Ішкі жан дүниесі күйзеліске ұшыраған әлем халықтарына осы мәселені ұғындыру керек», – дейді олар.

Осы пікір төңірегіне топтасқан көпшілік баяндамалар оқылып болғаннан кейін І Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің мерейтойлық қарарын қабылдады. Оның мәтіні 1 миллион 200 мың адамға таратылды.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, хат алған азаматтардың 500 мыңы Қазақстанда, 500 мыңы – Ресейде,  қалған 200 мыңы Украинада тұрады.  Осылайша, рухани құндылықтар мен бейбітшілік өмірге үндеген құжат жүректен жүрекке жол тапты.

Ал алдағы жылы ІІ Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын өткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференция сол жиынға әзірлік іспетті. Ұйымдастырушылар келешек форумға жетекшілік ететін көшбасшылар тізімін жасау, оның тұрақты жұмыс органын құру, жиын өткізетін негізгі орталықтарды анықтау, нақты ұсыныстар әзірлеу, насихаттық-ақпараттық шаралар аясын кеңейту сынды мәселелерге ертерек қамдана бастады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Жер шары бейбітшілікті қалайды

Иосиф КОБЗОН,
РФ Мемлекеттік Думасының депутаты, КСРО халық әртісі:

– Бейбітшілік пен келісімге шақыратын осындай игі шараны өткізуге мүмкіндік беріп отырған Қазақ еліне, оның басшысына алғыс білдіремін. Бүгінгі таңда жер бетін жайлаған жаһандық апаттар бәрімізді де алаңдатып отыр. Әлем соғыстан, қақтығыстан, жаушылықтан, әділетсіздік пен ашкөздіктен әбден шаршады. Дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа кезеңі көптеген елдерге жаңа сынақ болғалы тұр. Оның үстіне өзге проблемалар қосылды. Әлемді құтқару үшін не істеуіміз керек? Әрине, тығырықтан шығудың жолы бар. Ол – күллі әлемді рухани мәдениетке шақырып, бейбітшілікке үндеу. Біздің әрқайсысымызда ортақ құндылықтарымыз бар. Олар: отбасымыз, Отанымыз, достығымыз бен қауіпсіздігіміз. Дініне, діліне, ұлтына қарамастан, халықты біріктіретін күш – махаббат, шындық, әдемілік. Ұзақ жылдар бойы әлемнің көптеген мемлекеттерінде шырқалып келген  «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін есімізге алайықшы. «Әрқашан күн сөнбесін» – бұл ғарыштағы бейбітшілік, «Әрқашан бұлт төнбесін!» – бұл біздің планетамыздағы бейбітшілік, «Қасымда болсын, анам!» – бұл әр отбасының, әр жүректің бейбітшілікті қалауы, ал «Болайын мен де аман!» – бұл бейбіт өмірді қалаған балалық шақтың үні. Міне, жер шарындағы кез келген халық, кез келген тұрғын тек бейбіт өмір сүргісі келеді. Сондықтан жаһандық күрделі мәселелерді өзара түсіністік пен келісімде шешкеніміз өзіміз үшін де, келешек ұрпағымыз үшін де маңызды.

Астана – күллі әлемнің рухани ордасы

Бава ЖЕЙН,
БҰҰ жанындағы Бүкіләлемдік дін көшбасшылары кеңесінің бас хатшысы:

– Қазақстан – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай отырып дамып келе жатқан бірден-бір ел. Сіздердің бұл ұстанымдарыңыз әлемнің көптеген мемлекеттеріне үлгі-өнеге. Осы рухани жиын арқылы да ынтымақ пен келісімді дамытуға қосқан үлестеріңіз айқын аңғарылады. Астананы бәріміз де күллі әлемнің рухани астанасы ретінде жақсы білеміз. Дүниежүзілік конгресс өткен кейінгі жиырма жыл аз да, көп те уақыт емес. Енді біз осындай екінші үлкен форумға қазірден бастап әзірленуіміз керек. Алдымызда көптеген міндеттер мен мақсаттар тұр. Келер жылы өтетін рухани мәдениет форумына көшбасшылар тағайындауымыз керек. Арнайы жұмыс органын құрып, негізгі орталықтарды анықтап алуға тиіспіз. Бұл жұмыстар – кезек күттірмейтін мәселе. Бүкіләлемдік форум арқылы жұртшылықты рухани мәдениетке үндеп, бейбітшілікке шақыру – басты мақсатымыз болып қала бермек.

Рухани келісім күнін қолдаушылар көп

Ералы ТОҒЖАНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:

– Бүгін Астана шын мәнінде руханият ортасына, мәдениет ордасына айналды. Түрлі мәдениет өкілдерінің Астанада бас қосып, ортақ мәселелерді осы жерде талқылауы да кездейсоқ оқиға емес. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының ордасына айналып отырған Тәуелсіз Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи бастамаларымен, халқының қолдауымен рухани келісім, өзара үйлесімнің өзіндік алаңына айналды. Бұгінде Рухани келісім күні әлем жұртшылығының үлкен қолдауына ие. Қазақстан осы мәселелерді жүзеге асыруда көптеген мемлекеттердің арасындағы бірі ғана емес, бірегейі болып табылады.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button