Мәдениет

Әлемдік додаға қазылық етті

Үндістанның Ченнаи қаласында өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында әлемнің 188 елінің 2 мыңнан аса шахматшысы тақта үстіндегі ой тартысында шын мықтыны анықтады. Айтулы спорттық бәсекеге сарапшы ретінде қатысқан Кәусар Бауыржанды әңгімеге тарттық.

[smartslider3 slider=3800]

    – Үндістандағы олимпиаданың қорытындысы бойынша «Азияның көрнекті шахмат төрешісі» атаныпсыз. Құтты болсын!

– Рақмет! 

– Сізден бөлек қай отандасымызға құрмет көрсетілді?

– Үндістан төрінде өткен ақыл-ой алаңында Гүлмира Дәулетова «Азияның көрнекті шахмат ұйымдастырушысы», Жансая Әбдімәлік «Азияның көрнекті шахматшысы», Бибісара Асаубаева «2021 жылғы Азияның көрнекті шахматшысы» және Дилайла Сәдуақасова «Азияның әлеуметтік желісінің жұлдызы» марапатына ие болды.

– Енді шахматшылардың өнеріне тоқталсаңыз. Нәтижеге көңіліңіз тола ма?

– Ерлер арасында 189 команда қатысса, біздің команда 17-ші, әйелдер арасындағы ой жарысына 162 команда бақ сынаса, біздің қыздар 5-ші орыннан көрінді. Салыстырмалы түрде алғанда жақсы нәтиже.

 – Өзбекстан мен Украина командасының жетістігіне қызғана да қызыға қарадық. Аталған елдердің нәтижелі өнерінің сыры неде?

– Дұрыс айтасыз, Өзбекстанның ерлер және Украинаның әйелдер командасы топ жарды. Аталған елдер кездейсоқ чемпион болған жоқ. Бұл елдер шахматқа ақыл-ойды дамытатын спорт ретінде қарайды.

Украинаның әйелдер командасының чемпиондық рухы бар, талай рет халықаралық бәсекелерде жүлде алды. 1992 жылдан бергі олимпиадаларда Украинаның әйелдер командасы 2 рет бірінші, 2 рет екінші, 3 рет үшінші орын алды.

Бүгінде өзбекстандық гроссмейстер Нодирбек Абдусатторов әлемнің үздік 10 шахматшысының қатарына кіреді. 2021 жылы 26-28 желтоқсанында Польшаның астанасы Варшавада қаласында өткен жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионатында Нодирбек Абдусатторов алтыннан алқа таққан-ды. Ең бастысы, Өзбекстанда шахмат танымал спортқа айналып, қарқынды дамуында мектеп бағдарламасына пән ретінде енуі оң әсер етті. 

Екінші жағы, шахматтан әлемдік рейтингте үздік ондыққа кіретін Ресей және Қытай шахматшыларының қатыспауы да өз әсерін берді-ау.

– Шахматтан сарапшы, төреші ретіндегі тәжірибеңізге тоқтала кетсеңіз.

– 2015 жылдан бері төрешілік қызметке бет бұрып, Малайзия, Моңғолия, Түркия, Қытай, Греция, Иран және Үндістанда өткен халықаралық турнир мен чемпионаттарда шахматшылардың ойының бақылап, төрелік еттім.

– Шахмат адамның зияткерлік қабілетін дамытумен қатар шыдамдылығын шыңдап, аналитикалық ойлау қабілетін арттыратын спорт түрі. Солай емес пе? Шахматты қалай дамыту керек. Маман ретінде пікір білдірсеңіз.

– Әрине, мемлекеттік деңгейде мән беру маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ­тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп бағдарламасына шахматтан факультативті сабақ енгізетініне қуанып қалдым. Саннан сапа шығатыны анық. Мектеп қабырғасында зияткерлік ойынды меңгерген жастар биік жетістіктерге жететініне сенемін.

Өзім 2015 жылдан бері «Intprofchess» атты шахмат мектебімді ашып, балаларға осы ойынды үйретіп келемін.

  Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button