Басты ақпаратЖаңалықтарЭкономика

Әлемдік идеялар алаңы

Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Астана экономикалық форумы басталды.

Екі күнге жоспарланған форум аясында әлемге танымал сарапшылар, саясаткерлер, ірі қаржы құрылымдарының жетекшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары және ғалымдар «Жаңа экономикалық ахуал: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» тақырыбына сәйкес өзекті мәселелерді талқылауды қолға алды.
Биылғы форум бірнеше тақырыпқа бөлінген сессия түрінде өтті. «Ұлы Жібек жолы елдерінің форумы: Энергия, ресурстар және орнықты даму» сессиясын ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов ашты. Ол өз сөзінде байырғы Жібек жолы тек сауданы дамытып қана қоймай, дамыған елдердің өзара тәжірибе, жетістіктер мен озық үлгілерді алмасуына мүмкіндік бергенін атап өтті.


– Бұл жол бейтбітшілік пен ын­тымақты дамытуға үлес қосқаны сөзсіз. Азияның соңғы он жылдықтағы даму көрсеткіштері бұл өңір ішінде дәл бағзы замандағыдай тығыз бай­ланыстың қажеттілігін көрсетті. Бұған қоса, Азия аумағының Еуропа және АҚШ-пен ынтымақтастығын сол бұрынғы жолды жаңғырту арқылы қол жеткізуге болатыны да айқын байқалды, – деді Үкімет басшысы.

Арнайы кеңес Астанада өтеді
Бұдан соң ол 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһан­дық өсім қарқынының төмендеуі және мұнай бағасының арзандауына негізделген жаңа эконо­микалық «Нұрлы жол» бағдар­ламасын ұсынғанын тілге тиек етті. Бұл бағдарламаның мақсаты – Қазақстан экономикасын жаң­ғыртуды жалғастыру және оны жаһандық экономиканың жаңа бағыттарына бейімдеу болатын. Үкімет басшысының айтуынша, бірнеше күн бұрын Арменияда өткен Еуразиялық экономикалық одақ елдері Үкімет басшыларының отырысында Еуразиялық экономикалық жол бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасын бір арнаға тоғыстырып, дамыту жолдары басқосу тақырыбына айналған екен. Енді осы өзекті мәселелер алдағы аптада Астанада талқыланбақ. Сол үшін де келесі аптада Астанада Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекет басшыларының арнайы кеңесін өткізу жос­парланған. Бұл кеңесте жоғарыда аталған екі үлкен бағдарламаны талқылауды қорытындылап, мақұлдау көзделіп отыр. Яғни шешуші кеңесте біздің мүддемізге басымдықтар беріліп, Ұлы Жібек жолының игілігін Қазақстан да өзге алпауыт елдермен тең дәрежеде пайдаланатын болады.

Балама энергияның болашағы
Жаңаратын энергия көздерін дамыту мәселелері – әлемдік деңгейде талқы­ланып жүрген мәселелердің бірі. Астана экономикалық форумы да бұл өзекті мәселеден айналып өте алмады. «Болашақ энергиясы: Жаһандық трендтер мен технологиялар» сессиясында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол осы мәселеге кеңірек тоқталды. Ол жаңаратын энергия көздерін дамыту мәселесінде әлемдегі ең өршіл саясаткер – Н.Назарбаев екендігін айрықша атап өтті.
Елшінің айтуынша, қазіргі уақытта көптеген елдер ғалам­шардың жалпы болашағын айқындау үшін жасыл эко­номикаға бейімделу бағытында жұмыс істеп жатқан көрінеді.
– Арзан энергия көздерін пайдалану оңтайлы шешім еместігі бүгінде анық байқалды. Жаңаратын энергияны игеру маңыздылығын, оның тиімділігін күн өткен сайын жақсы түсіне бастадық. Жа­ңаратын энергия көздерін іздеуге кірістік. Осы бағытта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел назарын өзіне аударып жүр. Оның батыл ұстаным­да­рына өз басым тәнтімін, – деді елші.
Оның айтуынша, Қазақстан қазба энергия көздеріне бай, осыны тиімді пайдалана алса, Орталық Азияның көшбасшысына айналуына толық мүмкіндік бар. Қазіргі кезде АҚШ-та көміртек көздерін пайдалану біршама арта түскен. Жел энергиясын өндіру де бұрынғысынан үш есе жоғарылаған. Елші басқа елдердің де біртіндеп болашақтың энергиясына ден қоюы қажеттігіне тоқталды.

ЭКСПО-2017 – елорданың қаржы орталығы


Экономикалық форумда келешек Астана халықаралық қаржы орталығы да назардан тыс қалған жоқ. Әлемге әйгілі инвесторларға, білікті қаржы мамандарына ЭКСПО-2017 көрмесі аумағындағы бірегей қаржы орталығы да жан-жақты таныстырылды. Мұндай мүмкіндік күнде туа бермейтінін түсінген болуы керек, ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Астана халықаралық қаржы орталығының директоры Қайрат Келімбетов аянып қалмады. Әлемдік қаржы нарығына енді қадам басқалы отырған орталықтың артықшылықтарын, инвесторларға қауіпсіздігі мен қолайлылығы жайында жеріне жеткізе әңгімеледі. «Астана Халықаралық қаржы орталығын дамыту үшін тетіктер және құралдар» атты сессияға қатысушыларды аталмыш орталықты дамытуға үлес қосуға шақырды.
– Қуатты қаржы орталығын құру – ел экономикасының әрі қарай өсімін қамтамасыз етудің негізгі жолдарының бірі. Сонымен қатар, Орталық Азия өңірінде және Еуразиялық экономикалық одақ аясында экономикалық қарым-қатынастарды арттыруға жол ашады, – деді министр жиналғандарға.
Қаржы министрі өз сөзінде еліміз­дің географиялық орналасуын, экономи­калық-саяси тұрақтылығын, салыққа қатысты жеңілдіктер қарастырылғанын, мемлекеттік қорлардың ауқымды көлемі және басқа да қолайлы жағдайлар жөнінде кеңінен түсінік берді. Былайша айтқанда, Астана халықаралық қаржы орталығын дамытуға, орталықта батыл қадамдар жасауға барлық мүмкіндіктер бар. Оның үстіне қаржы орталығы ЭКСПО-2017 көрмесі үшін озық технологиялармен салынған ғимараттарда орналасады. Халықаралық көрме өт­кеннен кейін оның барлық ғимарат­тарын қабылдап алатын орта­лықты одан әрі жаңа идеялармен, алдыңғы қатарлы инновациялық шешімдермен толықтыра түсу жоспарланған.
Өз кезегінде Қайрат Келімбетов қаржы орта­лығының жұмысына дарынды адамдарды тартуды көз­дейтіндіктерін жеткізді. Сол үшін орталық жанынан арнайы академия ашу қолға алыныпты.
–Біздің мақсатымыз қаржы саласындағы үздік таланттарды жұмысқа тарту. Олар тек әкімішілікте ғана отырмайды. Сонымен қатар заңнама, қаржы, басқа да шаруашылық саласына өздерінің қарым-қабілеттерін жұмсайды. Бұл – қаржы орта­лығына әлемдік сапа стандартына көтерілуіне мүмкіндік береді. Сондықтан халықаралық қаржы орталығының өз академиясын құруымыз керек. Сосын оған қаржы саласындағы біліктілігі жоғары мамандарды шақырамыз. Бұл салада өте дарынды адамдар баршылық. Басқасын айтпағанда, біздің Назарбаев университетінде де білікті мамандар жеткілікті. Біз солардың білім-білігін, қарім-қабілетін тиімді пайдалануға тиіспіз, – деді Қайрат Келімбетов.

Маңызды меморандумдар
Астана экономикалық фо­ру­мы­ның алғашқы күні аса нәтижелі болғанын айта кеткен жөн. Форум аясында «Kaznext Invest» ұлттық агенттігі шетелдік компаниялармен 6 меморандумға қол қойды. Келісімдер мұнымен біткен жоқ. Одан соң Қазақстан мен Германия жаңартылатын қуат көздері саласындағы меморандумды қабылдады. Бұл келісімдерді түсінікті тілмен айтсақ, елімізге тартылып жатқан инвестиция деп ұғуға болады. Еліміз инвестицияға қолайлы климат қалыптастыру бағытында біршама жетістіктерге қол жеткізген. ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, жыл басынан бері «бір терезе» қағидасы бойынша 500 ин­весторға қызмет көрсетілген. Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарта түсу үшін Премьер-министр жанынан арнайы кеңес те құрылған. Өйткені, таяудағы 10 жылда тағы 100 млрд доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Министрдің сөзіне қарағанда, соңғы бес жылдың өзінде 4 млрд доллар инвестиция тартқан екенбіз. Соның нәтижесінде жүздеген жоба сәтімен жүзеге асқан. Соңғы уақытта инвесторлар еліміздің табиғи қазбаларын өндіруге қызығушылық таныта бастаған. Осындай жағдайларды сарапқа сала келе, еліміздің жақын жылдарда инвестициялық хабқа айналатынына сенуге болатындай.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button