8 Наурыз халықаралық әйелдер күні

Әлемі ерекше Әйгерім

Адам алмайтын асу жоқ-ау, сірә?! Шын ниеттенсе, жұмыр басты пенде дүниедегі бар белесті бағындырады екен. Жиырма жасында жазатайым жол апатына ұшырап, аяқ астынан төсекке таңылғанымен, тағдырдың тәлкегіне мойымай, тоқыма цехын ашып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған дизайнер, кәсіпкер, қоларбада отырып билеуден Қазақстан құрамасының мүшесі Әйгерім Болатованың өмірі оған айқын айғақ.

[smartslider3 slider=2343]

ҚазМУ-дің үшінші курсында оқып жүріп, бір күнде екі рет жол апатына түскен Әйгерім Болатқызы бел омыртқасының сынғанын естігенде, есеңгіремепті. Тағдырдың басқа салған сынағын қаз-қалпында қарсы алып, тез ес жиды. Шыбын жанын қоярға жер таппай, перзенті үшін шырқыраған ата-анасы мен бауырларын ойлағанда, солар үшін сынбауы керектігін түсініп, тағдырының бағытын өзі қалаған арнаға бұруға бел буды. Нағыз еңбек етіп, үлкендердің үмітін ақтар жасқа келгенде қоларбаға таңылғаны, әрине, жанына қатты батты. Дегенмен, тумысынан жігерлі қыз басына түскен таудай ауыртпалықты еңсеруге тырысып, болашағынан күдерін үзбеді, мықтылық танытты. Ертеңгі күнге деген сенімі, жақындарының махаббаты мен асқақ армандары бейкүнә бойжеткенді алға қарай жетеледі.

Жан бағу үшін тырбанып тіршілік ету керек. Жүре алмайтыны болмаса, басқа жері сау ғой. Сондықтан қол қусырып қарап отыруға болмайтынын түсінген сәтте Әйгерім Астанаға көшу туралы шешім қабылдады. Алған бетінен қайтпайтын әрі алға қойған мақсатын орындамай тынбайтын қайсар қыздың таңдауына ешкім қарсы келмеді. Мұнда да құр жатпай, тоқыма тоқумен айналысады. Алғашында ғаламтордан үйреніп, қолмен тоқуды бастаған бойжеткен көп ұзамай тоқу машинасын сатып алып, тапсырыспен жұмыс істеп, табысын еселейді. Осыдан алты жыл бұрын Өскеменнен көшіп келген дизайнер қыз сөйтіп елордада өз брендін қалыптастырады. Тоқыма бұйымдарын дүкендерге тапсырыс бойынша әзірлейді. Бүгінде Әйгерім Болатованың тоқыған бұйымдары тұтынушылар арасында зор сұранысқа ие.

– Айналамдағы адамдарға қуаныш сыйлағанды ұнатамын. Дайын затты тапсырушыға беріп, олардың қуанғанын көрген кезде тоқу барысындағы қиналғанымның бәрін ұмытып кетемін. Қолдан жасалатын бұйым болғаннан соң әр киімге жанымның жылулығын қосып, тоқып жатқан адамға деген бір жақсы тілегімді айтып тоқимын. Жіптің сапасына барынша назар аударамын. Қазір қайда барсақ та, банкте, ауруханада кезек күтіп отыратын заман болды ғой. Сондай сәттерде босқа отырмай тоқымамды қолыма алып, уақытымды текке жібермеуге тырысамын, – деді Әйгерім Болатова.

Иә, расында да жас кәсіпкер уақыттың қадірін жақсы біледі. Әрбір минутын бағалайды. Күнін, сағатын жоспарлап үйренген. Үнемі арбада отыратындықтан, қан айналымын жақсарту үшін күніне бір сағат тік тұруды дағдыға айналдырған. Онда да жай тұрмайды, кітап оқиды, әсіресе ағылшын тілінде оқығанды жақсы көреді немесе компьютермен түрлі эскиз, киім үлгілерін жасап, жұмыс істейді, кейде тігіп тұрады. Әйтеуір әр минутын тиімді пайдаланады.

Музыкаға жаны құштар: домбыра, гитара секілді аспаптарда ойнайды. Спортпен шұғылданады. Елордадағы паралимпиадалық жарыстарға қатысушылар жаттығатын орталыққа барып, денесін шынықтыру және сымбатын сақтау үшін аптасына үш рет сонда барып жаттығады. Күрделі қимылдарды қиындықсыз орындайды. Қоларбада отырып билеуден алдына жан салмайды. Сонау бір жылы қала әкімдігінің «Рухани жаңғыру» аясында алғаш рет ұйымдастырылған «Елорда жастары» премиясын «Жас кәсіпкер» номинациясы бойынша жеңіп алғаны бар. Турникте тартылып, суда жүзгенді жақсы көреді. Соның бәріне баруға уақыт тауып үлгереді, әрине, көлікпен. Оны да өзі жүргізеді. Ешкімге салмақ салмайды.

«Спорт адамға күш береді, сенімділік сыйлайды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар, әсіресе мүлде отыра алмайтындар көбірек жаттығуы керек, – дейді Әйгерім Болатова. – Мен адамдардың өзіме аянышпен емес, қызыға қарағанын қалаймын. Қыз бала қашан да әдемі, ұқыпты болып жүргені жөн. Осыған баса мән беремін, күтінемін. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортта белгілі бір жетістіктерге жетіп, өз кәсібін ашып, өнер саласында танылғанын көргім келеді. Мүмкіндігіміз шектеулі болғанына қарамастан, қаласақ біз де биіктерге самғай аламыз».

Айтуынша, жол апаты оның өмірін ғана емес, көп нәрсеге көзқарасын да түбегейлі өзгертті. Соңғы жылдар оған әсіресе, тірі адамның бар бақыты, бар қызығы бүгінгі күнде екенін, сол себепті ешкімге иек артпай, әр адам өз бақыты үшін ғұмыр кеше білуі керектігін ұғындырды. Ол айналасындағы адамдардың өзіне аянышпен қарағанын қаламайды. Керісінше, арбада отырса да үнемі күліп жүреді, әр нәрсенің жағымды жағын көруге тырысады. Кейде бір жерлерге арбамен өте алмай жатқанда болмаса, көбіне өзін он екі мүшесі сау адамдармен тең сезінетінін, жұрт билеп жатса, арбада отырғанына қарамастан еш қымсынбай билей беретінін және бұл әрекеті үшін ұялмайтынын жасырмайды. Рухының мықтылығын көрмейсіз бе?!

Ол үнемі қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүреді. Шәкірт тәрбиелеп, шеберлік сабақтарын да өткізеді. Бүгінде өмірлік серігін жолықтырған Әйгерім ақпан айының соңында қалыңдық атанып өз ұясынан ұзатылып, күні кеше ақ келін боп жас отаудың табалдырығын аттады. Жұбайлардың жұптары жазылмасын, бақыттары баянды болсын деп тілек білдірдік.

«Мен бақыттымын, – деді ­Әйгерім қоштасарда. – Аллаға шүкір, бұдан да жаман жағдайлар болуы мүмкін еді. Бірақ мен бармын. Сол үшін тәубе етемін. Адамдар кейде қолдарынан іс келмей жатса, сылтау іздеп тұрады, жұмыс жоқ, жағдайым жоқ, денсаулығым жоқ дегенге түсінбеймін. Кімге алақан жаямыз? Меніңше, әркім өз бетінше ізденуі керек, тырысуы керек, алға қарай ұмтылуы керек».

Санамда «қайсар қызды мұңайт­пай мәпелеген, биікке жетелеген осы ұстанымы екен-ау» деген ой қылаң берді. Өзі де, өмірі де өзгеше Әйгерімнің табандылығы, ерік-жігері мен батылдығы айналасындағыларға үлгі болса екен дейміз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button