Басты ақпарат

Әлемнің жарығын сыйлаған…

Елордада Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемнің жарығы» атты мерекелік концерті өтті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен мерекелік шараға ақ халатты абзал жандар, ұстаздар, көпбалалы аналар мен ардагерлер қауымы шақырылды.

[smartslider3 slider=2317]

Мерекелік шараға қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Келген қонақтарды құттықтай отырып, өз тілегін айтты.

– Бұл – отбасылық мереке. Арнайы сіздер үшін осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі бағытымызды – «Жаңа Қазақстанды» құруға жұмыстануда. Қазір әлемдік дәрежеде түрлі сынақтар болып жатыр. Әрбір сынақтан біз бірлікпен ғана өте аламыз. Ынтымақ бар жерде ырыс бар. Сондықтан елімізде бірлік болса, тәуелсіз Қазақстан дами берері сөзсіз.

Нұр-Сұлтан қаласының алғашқы жылдарында 200 мыңнан астам ғана халық қоныстанған еді. Қазір 1 млн 200 мыңнан астам тұрғын бар. Мұның өзі – біз үшін үлкен жетістік. Статистиканы қарасақ, қаламызда нәзік жандылардың тигізіп жүрген пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, елордада 20 мың дәрігер, 16 мың педагог, 100 мектеп директоры, 17 бас дәрігер болып аруларымыз қыз­мет етіп отыр. Әлемді сұлулық құтқарады. Сіздер әдеміліктің символысыздар. Әрқашан осылай құлпырып, жайнай беріңіздер!» деп құттықтады қала әкімі.

Кешке әншілер мен ­театр әртістері қатысты. Атап айт­қанда, Тамара Асар, Рүстем Нұржігіт, Тұрсынбек Қабатов, Рухия Байдүкенова, Игорь Благодарный, Альбина Оганесян өнерлерін көрсетті. Концерт шымылдығын эстрадалық-симфониялық оркестрі Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің увертюрасымен ашты. «Жастар» театрының өнерпаздары «Анаға арнау» поппуриін орындады. Тамара Асар мен Құрмаш Махан халық әні «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін әуелете шыр­қады. Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов әйелдердің мере­йін асқақтатып, әзілін айтса, халық аспаптарымен «Аққу» күйі орындалды. Өнерпаздар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен табиғи дауыста ән салды.

Кешке құрметті қонақ ретінде қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы да қатысты. Арулар мен нәзік жандыларға арнайы құттықтау тілегін білдірді.

– Көктемнің алғашқы мерекесінде осындай керемет кештің куәсі болып отырмыз. Табиғаттың өзі ананың мейіріндей еріп, жаймашуақ болып жатыр. Барлық кесел-кесапат өткен жылмен кетіп, жаңа жылымыз аналарымыз үшін тыныштық жылы болсын! Ананың көңілі тыныш болса, ел ішінде жұмақ болады. Әрбір қыз өзінің үйін жұмаққа айналдырсын! – деді қоғам қайраткері.

Көпбалалы ана Жаннат Качаганова да мерекелік шараның қонағы. Шараға елорда­дағы көпбалалы ана ретінде шақырылған.

– Бес баланың анасымын. Осы мерекелік шараға шақырып, арнайы құрметтеп шақыр­ғаны үшін ризамын. Қазір немерелерімді бағып отырған аяулы әжемін. Елімізде бейбіт заман болсын! – деп тілегін білдірді.

Шараға келген әрбір қыз-келіншекке гүл шоқтары беріліп, құттықтау айтылды. Концертте анаға арналған әндер шырқалып, жыр оқылды.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button