Басты ақпаратҚала тіршілігі

Әлеумет сауалы

БАСПАЛДАҚ  БҮЛІНІП БІТТІ

Дмитрий:
– Сәлеметсіз бе! Петров көшесі, 17- үй­дің 6-кіреберісіндегі баспалдақтың мүжіліп жатқанын айтып, осымен екінші қайтара хабарласып отырмын.

«Каскад» пәтер иелері кооперативі:
– Құрметті Дмитрий! Сіздің мәселеңіз бойын­ша Петров көшесіндегі 17-үйдің ауласына тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында баспалдақтың бүлінгені анықталып, қалпына келтіру жұмыс­тары жасалды. Қала өміріне белсенді араласқаныңыз үшін рақмет!

ҚЫЗЫЛ СУДЫҢ АСТЫНДА ҚАЛДЫҚ

Глория МАРТИН:
– Дәл қазір Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабындағы Құмкент көшесінде не болып жатқанын көріңіздер. Су басып жатыр. Бірақ мұнда ешкімнің шаруасы жоқ қой деймін?

iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы:
– Бұл мәселе бойынша суды сору техникалары жұмылдырылып, тиіс жұмыстар жүргізілді.

ҮЙДІҢ «ҚАБЫРҒАСЫН» ЖЕЛ ЖҰЛЫП КЕТТІ

ZARINARAZBEKOVA87:
– Сәлеметсіз бе! Қатты жел тұрып, Е 30 көшесіндегі 5 үйдің, яғни «Аққу» тұрғын үй кешенінің бір қабырғасының сыртқы қабатын ұшырып әкетті. Оның адамдардың басына түспегеніне шүкір. Бірақ алғашқысында сапасыз істелгендіктен, бұл жерді екінші қайтара жөндеп жатыр.

Есіл ауданы әкімдігі:
– Құрметті ZARINARAZBEKOVA87! Сіздің ескертуіңіз бойынша жұмыс жүргізілді. Фотоматериал ұсынылады. Қала өміріне белсенді араласқаныңыз үшін алғыс білдіреміз!

КІМНІҢ ҮСТІНЕ ҚҰЛАЙДЫ ЕКЕН?

RUBANOVAKATYA:
– Қайырлы күн! Әр өткен сайын «бағанада ілініп, салақтап тұрған осы «ою» қашан, кімнің үстіне құлайды екен»? деп өтемін. Бұл «ЭКСПО»-ға қарама қарсы бағыттағы Мәңгілік Ел даңғылының бо­йында тұр. Осыған бір шара қолдануларыңызды сұраймын.

Есіл ауданы әкімдігі:
– Құрметті RUBANOVAKATYA! Сіздің ескертуіңіз бойынша ретке келтіру жұмысы жүргізілді. Фотоматериал ұсынылады. Қала тіршілігіне қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіреміз!

ШОДЫРАЙҒАН СЫНТЕМІРЛЕР ҚАУІПТІ

IUSTINIYA POLICHSHUK:
– Қайырлы күн! Есіл ауданы әкімдігінің назарына! Пригородный тұрғын алабындағы футбол алаңы мен балалар алаңдарында сынтемірлер қалай болса солай шодырайып жатыр. Алаңдар тура №24 мектептің жанында орналасқан. Мұның алдын алмаса, тіпті қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Бүгін менің көз алдымда бірнеше бала осы сынтемірлерге сүрініп жығылды. Балалар үшін алаңдаймын. Осыған шара қолдануларыңызды өтінемін.

Есіл ауданы әкімдігі:
– Құрметті IUSTINIYA POLICHSHUK! Сіздің ескертуіңіз бойынша Есіл ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің мамандары №24 мектептің маңындағы алаңдарды арнайы барып тексерді. Тексеріс барысында бүлінген жерлер ретке келтірілді. Фотоматериал ұсынылады. Белсенділігіңіз үшін рақмет!

ҚАЛАНЫҢ ҚАҚ ОРТАСЫ – ҚОҚЫС

ZHALOBY_ASTANA:
– Мұндай қоқыс қаланың қақ ортасында қалай тап болды екен? Тіпті айтарға сөзім жоқ. Бұл қоқыс үйіндісі Жұмабаев даңғылының бойында, Айнакөл көшесінің бұрышында жатыр.

Алматы ауданы әкімдігі:
– Құрметті қала тұрғыны! Мағжан Жұмабаев даңғылы мен Айнакөл көшесінің қиылысындағы бұл жерге мердігер ұйымдар тазалық шараларын жүргізіп, қоқыс үйіндісі жиналып алынды. Назарыңызға фотоматериалды ұсынамыз. Қала өміріне белсенді араласқаныңыз үшін алғыс білдіреміз!

Деректер iKomek қалалық  мониторинг және жедел әрекет ету орталығынан іріктеліп алынды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button