Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТ САУАЛЫ – ӘКІМ ЖАУАБЫ

 Көшенің атына заты сай болса дейміз

Мәкім Намазбаева, «Алтын алқа» иегері

– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Сізден Алматы ауданы Қобыланды батыр көшесінің тұрғындары атынан көшеміздің жолына биыл шиыршық тас төсеп, жөндеуге тапсырма беруіңізді сұраймыз. Атына заты сай емес көшемізде көктем мен күзде саз-балшықтан аяқ алып жүре алмайсыз. Балалардың мектепке баруына, көлік жүрісіне көп қиындық келтіріп отыр. Он жыл бойы бұл көшеде ешқандай жол тегістеу, тас төсеу жұмыстары жүргізілмеген. Биылша тас төсеп, болашақта осы көшенің абаттандыру мәселесін шешіп беруіңізді өтінеміз.

ЖАУАП:

– Мәкім, қазіргі таңда Астана қаласының Бас жоспарын дамытуға сәйкес Қобыланды батыр көшесіне Ғ.Мұстафин көшесінен Лепсі көшесіне дейінгі бөлігі бойынша жобалау жұмыстарын жүргізудеміз. Мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, қаражат бөлу мәселесі шешілген соң оны жүзеге асыруға 2013 жылы кірісеміз деген жоспарымыз бар.

 Мемлекеттің жас отбасыларға көмегі

Жаңабек Елдос Қадырұлы:

– Сәлеметсіз бе, құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Біз жас отбасымыз. Білейін дегенім, елімізде жас отбасыларға қандай бағдарламалар арқылы қолдау жүргізіліп жатыр? Біз жалдамалы тұрғын үйге құжат тапсыра аламыз ба? Менің жасым – 20-да, ал жұбайым – 23-те. Екі баламыз бар. Өзім жедел жәрдемде жұмыс істеймін, ал әйелім үйде.

ЖАУАП:

– Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын әзірледі. Оған жас отбасылар қатыса алады. Бағдарламаға қатысуға құжат қабылдау келесі жылдың басынан басталады. Аталған бағдарлама туралы толыққанды мәлімет алу үшін Мәскеу көшесі, 29 мекен-жайында орналасқан «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» филиалына жүгінуіңізге болады.

 Билет жоқ болса, тегін жүрсек қайтеді?

Мырзабеков Бауыржан Ермаханұлы:

– Сәлеметсіз бе? Ос қоғамдық көліктерде жүретін жолақы билеті неге жеткілікті бөлінбейді? Қашан көрсең, кешкі және демалыс күндері кондукторлар «билет таусылып қалды» дейді де тұрады. Ендеше, билет жоқ болса, тегін жүрейік те, ақшамыз бәрібір кондуктордың қалтасына түседі ғой. Шет мемлекеттерде солай. Кассада чек бермесе тегін кіруге рұқсат. Солай болса, кондукторлар өздері-ақ билет беруге асығып тұратын болады.

ЖАУАП:

– Бауыржан Ермаханұлы, кондукторлар жұмыс кезінде билет беруге міндетті. Егер олай етпесе, Жолаушылар тасымалы ережесін бұзғаны. Ережені бұзған адам тиісті жазасын алуға тиіс. Егер сізге билет бермеген жағдайда автобустың мемлекеттік нөмірін айтып, Жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бөліміне: 556-745 телефонына немесе диспетчер пультіне, не болмаса басқа автомекемеге хабарласуыңызға болады. Әрбір автобуста олардың нөмірі көрсетілген

Мектепке барар жол алаңдатады

Жанар Жақсылыққызы:

– Сәлеметсіз бе, Иманғали Нұрғалиұлы! Мен осы Астана қаласының Қарталы көшесінде орналасқан «Формула успеха» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Ұлым үйіміздің маңайындағы №61 қазақ орта мектебіне барады. Үй мен мектеп арасы алыс емес. Алайда, мектепке барар жол ешқандай қалаға тиісті деңгейде емес. Асфальт жол төселмегендіктен, жаңбыр жауған күндері жол батпаққа айналып, мазамызды алады. Күн суытар алдында өзімізге де, балаларымызға да резеңке аяқ киімдар алып, қамдана бастаймыз. Мектепке барып-келу үшін резеңке етігімізді пакетке салып алып, ауыстырып жүруге тура келеді. Бүгінгі таңда Қарталы көшесінде жолды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, бұл, әрине, қуантады. Бірақ, жол салып жатқан жұмысшылардан сұрасақ, биыл мектепке барар жол салынбайды, ақша бөлінбеген деп көңілімізді түсіріп тастады. Білейін дегенім, Конституция көшесінің бойы, №61мектепке барар жол биыл жөндеуден өтіп, абаттандырыла ма?

ЖАУАП:

– Жанар Жақсылыққызы, қазіргі таңда қалаға жалғасқан тұрғын үй алаптарын дамыту тұжырымдамасы аясында Қарталы көшесі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал 2013 жылы Конституция көшесі бойынша жол және инженерлік желілер құрылысы жұмыстарына кірісуді көздеп отырмыз.  Осы жоба аясында №61мектептің кіреберіс жолы қарастырылған. Ал әзірше мектепке кіретін басты жол Қарасай батыр көшесі жағында болып отыр.

Оқу мен жұмысты ұштастырудың жолы

Адырбаев Дастан Бакыткерейұлы:

– Сәлеметсіз бе, Иманғали Нұрғалиұлы! Мен Еуразия Ұлттық университетінде «Сәулет» мамандығында оқып жатырмын. Сұрайын дегенім, мен оқу арасында жұмыс істегім келеді. Сондықтан, елордада менің мамандығым бойынша бос жұмыс орындары бар-жоқтығын білейін деп ем.

ЖАУАП:

– Дастан Бакыткерейұлы, Астана қаласында жастарды жұмысқа орналастыруды мақсат еткен «Жастар практикасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жөнінде толық ақпарат алғыңыз келсе, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласыңыз. Мекен-жайы: Астана қаласы, Брусиловский көшесі, 17/3. Телефондары: 569-755, 578-912.

 Қорқамыз желілер жарамсыз болып қала ма деп…

Шикера Анна Алексеевна:

– Ақан сері көшесінде абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан жүмысшылар кейде біздің электр желілерімізді үзіп кетеді. Жөндеген кезде оған жүрдім-бардым қарап, құрылымына да зақым келтіріп жатыр. Ертеңгі күні жол құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін қайта-қайта үзілген желілер жарамсыз болып қала ма деп ойлаймыз. Осы мәселені қалай шешсек болады екен?

ЖАУАП:

– Анна Алексеевна, менің қолыма келіп түскен ақпарат бойынша, бүгінде зақымдалған электр желілер түгел қалпына келтірілген. Бірақ жол құрылысы жұмыстарын жүргізіп жатқан «Құлагер ҚК» ЖШС-на жұмыстарын бітірген кезде электр желілерінің сапасына тікелей жауапкершілік алатыны жөнінде нұсқау берілді. Егер осы аумақта зақымдалған жағдайға байланысты апаттық жағдай болса, онда «Құлагер ҚК» ЖШС оны қалпына келтіріп қана қоймай, айыппұл төлейтін болады және де бұл компания жаңа жобаларға өткізілетін тендерлік процедураларға қатыса алмайды.

 Еңсені басты көмескі жарық

Кротова Ольга Юрьевна:

– Қайырлы күн! Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Менің балам биылдан бастап №18 мектептің жанындағы Мемлекеттік көркемсурет мектебіне барып жүр. Ол сурет салғанды жақсы көреді. Бірақ сыныптарының жарығы өте көмескі. Қандай көмек көрсете аласыз?

ЖАУАП:

– Ольга Юрьевна, Көркемсурет мектебі бар №18 білім ордасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары тек 2013 жылға жоспарланған. Өкінішке қарай, осы мерзімге дейін іргесі 1981 жылы қаланған мектептің жарығын жақсарту мүмкін емес.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button