Жаңалықтар

Әлеумет сауалы — Әкiм жауабы

ҮЙ САЛАРҒА КӨРIКТI, РҰҚСАТТЫ КIМ БЕРIПТI?

Нұржанов Сабыржан Болатұлы:
– Ассалаумағалайкум, Иманғали Нұрғалиұлы! Бiз, «Шұбар» тұрғын алабының тұрғындары, бiрнеше жылдан берi үйлерiмiздi жөндей де, қайта сала да алмай отырмыз, өйткенi қала сәулетшiлерi рұқсат бермейдi. Бiздiң ауданды ысырып тастау жоспарланып отыр ма, әлде үй-жайымызды ешкiмге жалтақтамай көркейте берейiк пе?
ЖАУАП:
– Сабыржан Болатұлы, «Шұбар» тұрғын алабы жаппай ысырылып тасталатын қала белдемiне жатады.
Ескiсiн бұзып тастап, орнына жаңа үй салу үшiн оның апатты жағдайда екендiгi ресми түрде мойындалуға тиiс. Салынатын жаңа үйдiң алаңы бұрынғы құрылыстың ауқымынан асып кетпеуi ескерiледi.
Ескi үйдiң орнына жаңасын салу туралы мәселенi қарау үшiн сiз М.Әуезов көшесiнде орналасқан Сәулет және қала құрылыс басқармасына жолығуыңыз керек, қолыңызда мынадай құжаттар:
1. Үйдi иелену құқыңызды айқындайтын құжаттар (сату-сатып алу келiсiмшарты, сыйға тарту келiсiмшарты, жекешелендiру келiсiмшарты, мұрагерлiк құқыңыз туралы куәлiк және т.б.);
2. Жер телiмiн меншiктенуге арналған актi – (түпнұсқасы + нотариалды түрде расталған көшiрмесi) ;
3. Үй салуға арналған техникалық паспорт – (түпнұсқасы + нотариалды түрде расталған көшiрмесi);
4. Жылжымайтын мүлiк иелену құқын мемлекеттiк тiркеу және онымен мәмiле жасау туралы куәлiк (меншiк иесiне қатысты мәлiметтер) – (түпнұсқасы + нотариалды түрде расталған көшiрмесi );
5. Жер телiмiнiң М 1: 500 топографиялық сызбасы – (түпнұсқасы);
6. Жеке бас куәлiгi – (көшiрмесi);
7. Жер телiмiнiң бас жоспарының форэскизi – (түпнұсқасы);
8. Тұрғын үй жағдайы туралы ТЖ басқармасының анықтамасы;
9. Аралас меншiк иелерiнiң келiсiмi (нотариалды түрде расталған ) болғаны жөн.

БАС ДИЗАЙНЕРЛIКТЕН БАС ТАРТПАС ЕДIМ
Жүнiсов Асқар Темiрханұлы:
– Сәлеметсiз бе, Иманғали Нұрғалиұлы, менiң мынадай сұрағым бар: қаланың бас дизайнерi отставкаға кетедi дегендi естiп едiк, орнына кiм болады? Мен де дизайнермiн, бос орынды иеленуге қатысар едiм… Сондай-ақ, қазiр жарнамашылар қаптап кеттi, осы салаға монополия орнатып, «солақай пайда тапқыштарға» тыйым салатын уақыт жеткен жоқ па? Жауабыңызға алдын ала алғыс айтамын.
ЖАУАП:
– Асқар Темiрханұлы, жуырда бес жылдай Астана қаласының бас дизайнерi болған, елорданың архитектуралық келбетi жарқын да қайталанбастай әдiпте болуы үшiн талай тамаша идеялар ұсынып, елеулi үлесiн қосқан Сағындық Жанболатовты шексiз ризашылық сезiммен шығармашылық жұмысқа шығарып салдық. Бiз оның өз студиясындағы шығармашылық жұмысқа оралып, өзiнiң, соның iшiнде, Астана қаласына арналған жобаларын жүзеге асырғысы келетiн ниетiне құрметпен қарадық.
Астана қаласы бас дизайнерi лауазымының бос тұрған орнын иеленуге арналған конкурс заңда белгiленген тәртiппен жарияланады, оған тiлек бiлдiрушiлердiң барлығы қатыса алады. Конкурс туралы ақпарат мерзiмдi басылымдарда және Астана қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының интернет-порталында жарияланады.

…МЕЗГIЛIНДЕ КЕЛМЕЙДI, МIНГЕНДЕ БИЛЕТ БЕРМЕЙДI

Қаспақова Айна Абланқызы:
– Бүгiн (15 наурыз күнi) сағат 11.50-де «Конгресс-холл» аялдамасына №112 маршрутка (Z514…) тоқтамай кеттi. 200-300 метрдей жерге барып, жүрiсiн баяулатқан күйi екi ер адамды түсiрдi, бiреуi құлап қала жаздады. Сол кезде бiз де жүгiрiп жеттiк, бiрақ жүргiзушi есiгiн жауып алып, жөней бердi. Соңғы кезде №112 маршрутка жиi кешiгетiн болды, кондуктордан себебiн сұрасақ, «өтпе жол жабылып қалған» дейдi, ал салондағы жолаушылар автобустың «Артем» базарының қасында 15 минут тұрып, лықа толғанша адам жинап алғанын айтады. Аялдамаларға тоқтамай кететiнi де сондықтан екен. Мұндай келеңсiздiктер кез келген автобуста кездесетiн шығар, ал №112 маршрутканiкi тiптi шектен шығып барады; кондукторларының ешқайсысы билет бермейдi…
ЖАУАП:
– Айна Абланқызы, қолда бар ақпараттарға қарағанда, №112 маршрут бойынша, жүрiс интервалын 8-10 минуттан асырмай, 18 автобус қызмет көрсетедi. 15 наурыз күнi сiз айтқан уақытта шынында да өтпе жол жабық болып, жүргiзушiлерге қатысы жоқ кедергiнiң кесiрiнен интервал ұлғайып кеткен. Әйтсе де, жолаушылар легi мол аялдама бекеттерiнде қаңтарылып тұрып алудың салдарынан жүрiс интервалының бұзылу дерегi ұшырасқаны рас, мұны желiлiк қызмет бақылаушылары байқап қалған ретте, тәртiп бұзған жүргiзушiлерге әкiмшiлiк жаза қолданылады. Ендi хатыңызда баяндалған дерекке келетiн болсақ, ол толығымен расталды. Соған байланысты мемлекеттiк нөмiрi Z 514 ТОМ автобусымен №112 маршрутта жүретiн С.Д.Хайролла жұмыстан аластатылды. 21 наурызда болатын коллегиялық кеңесте «Жорға» ЖШС автобус паркiнiң дирек-циясы оның автопарктегi жұмыс өтiлiн ескере отырып, әкiмшiлiк жазалау шарасы туралы шешiм қабылдайды.
Келешекте, кондукторлар жол жүру билетiн бермеген жағдайда, мына телефонға хабарлаңыз: 556 745.

ЕМХАНАДА ШIРЕТТIҢ ШЕТI МЕНЕН ШЕГI ЖОҚ

Озимина Мархабо Салиховна:
– Сәлеметсiз бе, құрметтi әкiм! 13-iншi магистральдағы емхананың құрылысы 2010-2011 жылы аяқталуға тиiс едi. Мiне, 2012 жыл да басталды… 2010 жылы Халықтық және дәстүрлi емес медицина орталығына қаралған ауқымды алап тұрғындары әуелi Темiржолшылар емханасына тiркелген-тұғын, ендi бiздi №6 емханаға апарып тоғытты. Әкiмдiктiң денсаулық сақтау iсiне жауапты қызметкерi алдын ала хабарламай осы мекемеге келiп, ұзыннан шұбақ шiретке тұрып, дәрiгерге қаралуға, ем-дом алуға, т.б. тырысып көрсе, таңғы 8.00-ден кешке дейiн мұнда қандай былық болатынын көрер едi. Сирек мамандар мен терапевт-дәрiгерлерге кiру үшiн алдын ала тiркелетiн журналды парақтап шықса, өмiрден түңiлiп кетер едi… Ақылы медорталықтарға баруға ақша қайда?
ЖАУАП:
– Мархабо Салиховна, бiз қаладағы емханалар жұмысының тұрақты мо-ниторингiн жүргiзiп келемiз, сiзге айтайын дегенiм, №6 емхана 45000 тұрғынға қызмет көрсетуге есептелген, бiрақ қазiргi кезде оған 105006 адам тiркелген. Осылайша, жоспарлы мүмкiндiгi бiр ауысымда 193 келгiншiнi ғана қабылдауға жететiн емхана күнiне бұдан 2,6 есе көп науқасқа қызмет көрсетедi; бұл кезек күтушiлердiң тым көбейiп, медицина-лық қызмет сапасының төмендеп кетуiне әкелiп соқтырады. Әйтсе де, 2012 жылдың 3-тоқсанында «Оңтүстiк-Шығыс» шағын ауданындағы, оң қапта-лындағы, бiр ауысымда 500 адам қабылдай алатын амбулаториялық-ем-ханалық кешендi пайдалануға беру жоспарланған. бұл осы мәселенiң түйiнiн тарқатып, жүгiн жеңiлдетуге бiршама септесерi анық.

ЖАСТЫҚ ШАҚТЫ ӘЛI ДЕ ҰЗАРТУҒА БОЛА МА?
Ғалиақбарова Алмагүл Әкiмжанқызы:
– Сәлеметсiз бе! Сұрайын дегенiм: жас отбасыларын тұрғын үймен қамту бағдарламасында жас шамасын шектеу неге 29 жастан аспай қалған? Мен екi баланың анасымын, үшiншiсiн күтiп жүрмiз, күйеуiмiз екеумiздiң жасымыз 29-да, пәтер жалдап тұрамыз. Бiрақ, тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжат тапсыра алмаймыз… Жас шамасын шектеудi, ең болмаса, 32 жасқа дейiн ұлғайтуға болмай ма? Өйткенi, қазiргi жастар кеш үйленедi ғой…
ЖАУАП:
– Алмагүл Әкiмжанқызы, Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзiрлеу барысында «Жас отбасы» санаты үшiн негiзгi өлшемдердi белгiлеуге «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы» заңдағы нормалар негiзге алынды. Атап айтқанда, осы заңның «Жалпы ережелер» тарауының 1-бабында негiзгi атауларға мынадай түсiнiктеме берiлген:
«1) жастар – он төрттен жиырма тоғыз жасқа дейiнгi Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) жас отбасы – ерлi-зайыптылары жиырма тоғыз жасқа жетпеген отбасы, немесе балаларды (баланы) жиырма тоғыз жасқа толмаған, соның iшiнде ажырасқан, жесiр қалған ата-аналардың бiрi тәрбиелеп жатқан толық емес отбасы».
Сонымен, жастардың жас шамасына қойылатын шектi ұлғайту үшiн аталған заңға түзету енгiзу қажет. Оны ҚР Үкiметi мен Парламентi енгiзе алады.

ЦОН, САҒАН ДӨКIР МIНЕЗ ЖАРАСПАЙДЫ
Тау:
– Құрметтi қала әкiмi! Мирзоян көшесiнде («Еуразия» маңында) орналасқан ЦОН-дағылар өте дөрекi мiнез көрсетедi. Өңкей сауатсыз қызметкерлердi отырғызып қойған, түк бiлмейдi, тек беттен ала кетедi. Егер қызмет көрсету сапасын жақсарта алмасақ, бiз қалай экономиканы дамытамыз? Осы жөнiнде шара қолдануыңызды сұраймын.
ЖАУАП:
– Халыққа қызмет көрсету орталықтары ҚР Көлiк және коммуникациялар министрлiгiне бағынады. Осыған орай хатыңызды осы мекемеге жолдадық. Бiрақ ХҚО-ларда әртүрлi мемлекеттiк органдар қызмет көрсететiнiн айтуға тиiспiн, мiне, сондықтан пәрмендi шаралар қолдану үшiн, қызмет этикасын бұзған нақты атқарушының аты-жөнiн, оқиға болған күндi және өзiңiзге қызмет көрсеткен «терезенiң» нөмiрiн атап көрсетуiңiз қажет.Мұндай ақпарат тұрғын халыққа мемлекеттiк қызмет көрсету сапасын арттыру жөнiнде тиiмдiрек шараларды қолға алуға мүмкiндiк берер едi.

Астана қаласы әкiмдiгiнiң www.astana.kz сайтынан әзiрлендi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button