Жаңалықтар

Әлеумет сауалы — Әкiм жауабы

ДӘРIХАНА АШСАМ ДЕП ЕДIМ

Қанатғали:
– Құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы! Дәрiхана ашу үшiн қандай құжаттар (лицензия, кәсiби бiлiк туралы, т.б.) жинап, қайда апарып тапсыру керек?
ЖАУАП:
– Қанатғали, фармацевтикалық қызметке Мемлекеттiк лицензияны және дәрi-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды дәрiхана арқылы сатуға қосымша рұқсатнаманы Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының емдеу-алдын алу және дәрiмен қамтамасыз ету бөлiмi бередi, ол Бейбiтшiлiк к-сi, 11-үйде (417-каб.) орналасқан, байланыс телефоны: 55-68-44.
Лицензия алу үшiн Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы «Лицензиялау туралы» заңына, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 30 желтоқсандағы «Медициналық және фармацевтикалық қызметтiң кәсiби талаптары мен лицензиялау ережелерiн бекiту және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы №1894 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы» қаулысына сәйкес құжаттар жиынтығын тапсыру қажет.
Жоғарыда айтылған қаулыны басқарманың www.densaulyk.astana.kz сайтындағы «лицензиялау» бөлiмiнен таба аласыз. Нақты құжатты толық күйiнде жариялауға нақты айдардың көлемi мүмкiндiк бермейдi.

БҰЙЫРАР МА ЕКЕН БIЗГЕ ОРЫН?

Шевелева Валентина Николаевна:
– Сәлеметсiз бе, Астанада баласына балабақшадан орын алғысы келiп жүрген көптiң бiрi екенiмдi бiлемiн. Кезекте тұрғанымызға тамызда үш жыл толады, тiзiмде 4000-дай бала бар. Мектепке барғанша бiзге орын тиер ме екен?
ЖАУАП:
– Валентина Николаевна, мектепке дейiнгi бiлiм беру жөнiндегi мемлекеттiк қызмет түрi – мiндеттi нәрсе емес, бала тәрбиелеп отырған отбасына берiлетiн жәрдем болып табылатынын тағы да қайталап айтамын. Тiптi, мемлекеттiк балабақшадан орын алу кезегi тимеген ретте де балаңызға мектепалды даярлықтан өтуге мүмкiндiк берiледi. Бала 5-6 жасқа жеткен жағдайда мектепке дейiнгi тәрбие беретiн шағын орталықтарға бару ұсынылады. Бұған қоса, бiз мемлекеттiк тапсырыс берiп, баланы бағып-күту шығындарын өтеп жүрген жекеменшiк балабақшалардан орын алуға үмiттене аласыз. Бұл жөнiнде өз жауаптарымда талай рет тиянақты мағлұмат бергенмiн, оларды осы айдардың архивiнен таба аласыз.

АСЫП БАРЫП ТОҚТАҒАН, БАЛАҒАТТАП-БОҚТАҒАН

Ибраев Ердос Думанұлы:
– Қайырлы күн, Иманғали Нұрғалиұлы! 2012 жылғы 4 сәуiр күнi, сағат 11.00-де әйелiм баламен мемлекеттiк нөмiрi Z 047 СХ маршруттық автобусқа мiнiп, «Мастер-2» жаққа қарай келе жатады. Жүргiзушi «№63 мектеп» аялдамасына тоқтамай, жол қиылысына дейiн асып кетедi. Әйелiм көлiк жүргiзушiнiң қасына барып, аялдамаға неге тоқтамағанын сұрайды. Кабинада бөгде бiреумен әңгiмелесiп келе жатқан жүргiзушi: «Өзiң түсетiн аялдаманы ескертiп қоюың керек» дейдi де, екеуiн жол жиегiне түсiрiп, боқтап-балағаттап кетедi. Баланың көзiнше былапыт сөз айтуға қымсынбайды. Содан екеуi керi қарай, мектепке жаяу қайтады. Осындай әпербақан жүргiзушiлер елорда көшесiнде жүруге тиiс емес, нақты шара қолдануларыңызды өтiнемiн.
ЖАУАП:
– Ердос Думанұлы, сiз баяндаған дерек бойынша қызмет бабындағы тексерiс жүргiзiлiп, соның қорытындысы бойынша «Самбет» ЖШС-нiң директоры Е.Б.Алпысбаев 4 сәуiр күнi №37 маршрутта мемлекеттiк нөмiрi Z 047 СХ автобусымен қызмет көрсеткен жүргiзушi А.Нәлiбаевты жұмыс-тан босату туралы бұйрық шығармақ болды. Алайда, жүргiзушi зайыбыңызға телефон шалып, дөрекi қылығы, Жолаушылар тасымалдау ережесiн бұзғаны үшiн кешiрiм сұраған. Назгүл кешiрiм берген. Осыған орай А.Нәлiбаевты маршрутта қалдыру жөнiнде шешiм қабылданып, қайталап тәртiп бұзған ретте жұмыстан шығарылатындығы ескертiлдi.

ҚАНДАЙ ӨЛШЕМ БОЙЫНША IРIКТЕЙДI?
Жалмағамбетова Әлия:
– Сәлеметсiз бе, құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы! Мен бiр сауалмен Сiзге бiрнеше рет хат жолдаған едiм, бiрақ оларға жауап қайтарылған жоқ. Неге бұлай? 2007 жылдан берi Отбасын жоспарлау орталығында мемлекет есебiнен ЭКО жасатуға кезекте тұрғаныма үш жылдан асып барады. Өзiм – 37-демiн, күйеуiмнiң жасы – 40-та, баламыз жоқ. ЭКО-ға қандай негiзгi өлшемдер бойынша iрiктейдi? Жауап күтемiн. Алдын ала алғыс айтамын.
ЖАУАП:
– Әлия, бұрынғы сауалыңыз қаралған жоқ, себебi, «Әкiмге өз сауалыңды жолда» айдарының архивiнде тап осындай сұрақтың жауабы бар едi.
Сонда да қайталап жауап берейiн. Экстракорпоралды ұрықтандыруға қала әкiмдiгiнiң құрылымдары емес, ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi квота бередi. Ал, ЭКО процедураларының мәселелерi бойынша №3 перзентхана үйiнде орналасқан Отбасын жоспарлау және репродукция орталығына жолыққаныңыз жөн.
ЭКО жасауға арналған квота 19-бен 35 жас аралығындағы, бедеулiкке байланысты арнайы есепке тiркелген, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын ерлi-зайыптыларға ғана берiлетiнiн айта кеткiм келедi. ЭКО-ға тiлек бiлдiргендердi iрiктеудiң мiндеттi шарты оны жасатар кезде қажеттi көрсеткiштердiң бәрi сәйкес келуi әрi медициналық тұрғыдан кереғар көрсетiлiмдерi кезiкпеуi тиiс.
Квота алу үшiн, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрi мiндетiн атқарушының 2010 жылғы 5 қаңтардағы «Экстракорпоралды ұрықтандыруды өткiзуге арналған нұсқаманы бекiту туралы» бұйрығына сәйкес, пациент қалалық Отбасын жоспарлау және репродукция орталы-ғында» толық тексеруден өтедi.

ТIЗIМГЕ МЕН ТIРКЕЛЕ АЛАМЫН БА?
Иманғұлова Айгүл:
– Сәлеметсiз бе! Жетiм және қамқорлықсыз қалған балаларды тұрғын үй алу есебiне кiргiзу мерзiмi 29 жасқа дейiн ұзартылды дегендi естiген едiм. Осы рас па? Қайда жолығу керек? Мен – балалар үйiнiң түлегiмiн, жасым 23-ке жеттi. Тұрғын үй алу есебiне кiрген жоқпын, ендi құжат тапсыруыма бола ма?
ЖАУАП:
– Айгүл, Қазақстан Республикасының заңдарына өзгертулер енгiзiлгеннен кейiн жетiм балаларға Мемлекеттiк қордан тұрғын үй алуға мұқтаждар есебiне 29 жасқа дейiн тiркелу құқы берiлдi және де кезегi жеткенше кез келген уақытта үй алу құқы сақталады. Жетiмдердi тұрғын үй кезегiне қою үшiн халықтың әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын тобына жататындығы туралы анықтама тапсыруы талап етiлмейдi.

КӨШЕНIҢ БОЙЫ КӨЛКИ БЕРЕ МЕ?
Нұрмақов Ербол Ғазизұлы:
– Сәлеметсiз бе, құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы!.. Мен Шығыс Ильинка кентiнде, Ә.Қашаубаев көшесiндегi 78-үйде тұрамын. Жазғытұрым бiздiң көшенiң бiраз бөлiгiн тереңдiгi тiзеден келетiндей су басып қалады, үйден ұзап шығу мүмкiн емес, жұмысқа қатынаудың, баланы бақшаға апарудың, тiптi, дүкеннен нан алып келудiң өзi қиямет-қайым. Арнаулы мекемелерге талай телефон шалдық, сорғы қондырғылары бар машина жiбередi, олар бiр-екi тасымал жасап, жөнiне кетедi, ал қызыл су көлкiп қала бередi. Көше тұрғындары осы мәселеге мән берiп, бiр шешiмiн табуға ықпал етуiңiздi сұрайды.
ЖАУАП:
– Ербол Ғазизұлы, «Ильинка» тұрғын алабының осы бөлiгi Есiл ауданы әкiмiнiң айрықша бақылауына алынды. Тек 2 сәуiрдiң өзiнде ақаба суды сорып алатын АС машиналары 20 рейс жасаған. Ендi «Ильинка» тұрғын алабында күнiне 10 арнаулы техника жұмыс iстейтiн болады.
Сонымен бiрге, қала әкiмiнiң орынбасары В.А.Крыловқа Астана қ. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы қолға алған Ильинкадағы инженерлiк инфрақұрылым желiсiн тарту жобасының сапасына ерекше бақылау орнату жөнiнде тапсырма берiлдi.

Астана қаласы әкiмдiгiнiң www.astana.kz сайтынан әзiрлендi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button