Әлеумет

ӘЛЕУМЕТТІ ҚОЛДАУДЫҢ ӘЛЕУЕТІ

Әлеуметтік топтарға кім жа­тады? Оларға көмек қалай көрсетіледі? Кез келген адамның көкейінде осындай сұрақтың болуы заңды. Аталмыш топқа зейнеткер­лер, мүгедектер, көпбалалы аналар, тұрмыс деңгейі төмен отбасылар жатады. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан ерекше қамқорлыққа алы­нып отырғандар – осылар. Бүгінде Астанада 51100 зейнеткер, 16432 мүгедек азаматтар бар. Көмекке зәру кембағал жандардың 2244-і мүгедек балалар. Ал, көрсетілетін көмекке келсек, оларға қаладағы қоғамдық жолаушылар көлігімен қатынау үшін тегін жолақы билеті, медициналық мекемелерде тісін про­тездеу жасалады. Сондай-ақ, жекеле­ген мерекелер кезінде бұл санаттағы азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

Өткен жылы алғаш рет жеке тұрғынжайда тұратын зейнеткер­лер мен мүгедектерге әлеуметтік көмек ретінде отын сатып алуға 5 АЕК (2012 жылы – 12 944) ақшалай көмек беріле бастады. Қаржының көлемі көп болмағанымен, зейнеттегі адамдардың тұрмысына сеп бола­ры сөзсіз. Бұдан бөлек, өмірі қиын жағдайға тап болған отбасыларға да 65 АЕК (2012 жылы – 102170 теңге) көмек қарастырылған.

Ерекше атап өтетін мәселе, бізде басқа елдердегідей Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарды, елге еңбек сіңірген зейнеткерлерді күтіп бағуға ерекше көңіл бөлінеді. Оның ішінде ардагерлер мен зейнеткерлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы жақсы жолға қойылған. Бүгінде біздің басқарма оларды тиісті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз ету үшін бұл жұмысты Денсаулық сақтау басқармасына тапсырып жатыр.

Әңгіме басында айтқанымдай, біздің елде мүгедектер мемлекет қамқорлығына алынған. Елордада бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылданып, соған сәйкес жұмыс істеліп жатыр. Мәселен, мүгедектерді оңалту бағдарламасы бойынша олар арба, протезды-ортопедиялық зат­тармен, тифлотехникалық және сурдотехникалық жабдықтармен, міндетті гигиеналық заттармен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, санаторлық-курорттық емдеуге жолдама алып, жеке көмекшінің қызметіне жүгіне алады.

Тағы бір айта кететін жайт, елордада кембағал жандарды таситын ар­найы қызмет түрі бар. Бас қаламызда ондай қызмет түрі, яғни, инватакси осыдан екі жыл бұрын ашылды. Мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін тасымалдаушының 5 көлігі ай сайын 160-қа жуық адамға қызмет көрсетеді.

2012-2018 жылдарға арналған Астана қаласындағы мүгедектердің өмірін жақсартуға бағытталған шаралардың алғашқы кезеңінің жоспары бекітілді. Ол 2012-2013 жылдар аралығындағы іс-қимылдардың бағдарламасын қамтиды. Осы арада аталмыш жоспарды жүзеге асыру мақсатында қала әкімінің орынбаса­ры Аида Балаеваның жетекшілігімен әкімдік жанынан үйлестіру кеңесінің құрылғанын айта кеткен жөн. Біздің халық қашан да қоғамдағы қолдауға зәру адамдарға қол ұшын беріп, жарымжан жандардың көңіліне медеу болып отырған. Мұны айтып отырғаным, қалада тап осы мәселеге келгенде аянып қалмай, нәтижелі жұмыс істеп жатқан ұйымдар бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде үкіметтік емес ұйымдар да мүгедектерге көмектесуде барынша жұмыс істеп жатыр.

Екі қолға бір күрек табу – осы күні әлеуметті толғандырған нөмірі бірінші мәселе. Бұл ретте халықты жұмыспен қамту – мемлекеттік маңызды саясаттың бірі болуы заңды. Мемлекеттік деңгейдегі мәселе болғандықтан арнайы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданғанын бүгінде еңбектеген бала­дан еңкейген қарияға дейін біледі. 2020 жылға дейінгі бағдарламаның діттегені – жұмыссыз бос жүрген аза­маттарды еңбекке бейімдеп, жұмысқа орналастыру. Соңғы екі жылда «Жол картасының» шарапатын көрген азаматтар аз емес.

Статистикаға сүйенсек, Аста­нада 752,3 мың тұрғын бар. Оның 415,9 мыңы экономикалық белсенді. Қарапайым тілмен айтсақ, 15 жастан үлкен, еңбекке жарамды. Бұған қоса, қаладағы жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 391,9 мың бол­са, экономикалық белсенсіздердің көрсеткіші 163,4 мыңды көрсетіп отыр. Негізгі үлесті ЖОО, колледж-дер мен кәсіптік лицейде оқитын 66 мың, зейнеттегі 50,7 мың адамдар құрап отыр.

Қазір біздегі жұмыссыздардың саны – 24 мың. Көрсеткіш жаға ұстатқанымен, жұмыссыздық саны 2010 жылы 6,2 пайызға, 2011 жылы 5,8 пайызға, ал, 2012 жылдың 1 тоқсанында 5,8 пайызға төмендеді. Оның ішінде жұмыссыз жастардың көрсеткіші 2010 жылы 11,2, ал, 2011 жылы 9 пайызға жетті. Алып өнеркәсіп ошақтары мен қалыптасқан өндірісі аз елорда үшін бұл көрсеткіш көңілге қонымды. Бұл көрсеткіштерге төменде көрсетілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде қол жеткіздік:

– халықтың арасындағы жұмыссыздықты анықтау мақсатында ша­ралар ұйымдастыру:

– кәсіби оқытуға жіберу;

– тұрақты жұмысқа орналастыру.

Тек өткен жылы 4603 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бүгінде жұмыспен қамту шараларының нәтижелі екеніне халықтың көз жете бастады. Себебі, бастапқыда бұқара бұл бағдарламаға күдікпен қарағаны жасырын емес. Десек те, нақты іспен нақты көрсеткішке негізделген көрсеткіштен кейін халықтың сенімі серпіле бастады. Соның бір көрсеткіші жұмыс сұрап біздің басқармаға келуі. Мысалы, 2010 жылы – 20552 адам, 2011 жылы – 15 730 адам келді. Ал, биылғы жылдың басынан бері 6285 адам екі қолға бір күрек сұрап, өтініш білдірді.

Әлбетте, жұмыспен қамту – тек біздің мойынымыздағы мәселе емес. Өйткені, басқа да әлеуметтік даму бағдарламаларын жүзеге асыру – жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, есептік кезеңде 9208 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның басым бөлігі, яғни 60 пайызға жуығы шағын және орта кәсіпкерлік саласына, қалғаны көлік, сауда, құрылыс және денсаулық пен білім саласына қатысты.

Биыл 17 500 жаңа жұмыс ор­нын ашуды көздеп отырмыз. Елбасының биылғы Жолдауында ерекше екпінмен айтылған осы – жұмыспен қамту мәселесі болғандықтан, бұл жұмыстың барысы жіті бақылауда. Жалпы, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының алғашқы кезеңі – мамандарды даярлау және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу бойын­ша жұмыстар биыл да қарқынын бәсеңдетпей жалғасын табады. Нақты айтсақ, 483 адам бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес даярлықтан өтеді. Тіпті, бүгінге дейін 269 адамның 160 қайта даярлаудан, ал, 109 адам біліктілікті арттыру курсынан өтті.

Алма АЛТЫБАЕВА,
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button