Ел тынысы

Әлеуметтік кәсіпкерлік дамиды

Елімізде денсаулығына байланысты жұмысқа тұруға мүмкіндігі жоқ адамдардың әл-ауқатын жақсартуға арналған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Кеше ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елордада сондай жобалар бойынша нысандарды аралап, қоғамда өз еңбегімен орнын табуға ұмтылып жүрген ерекше жандардың жұмысымен танысты.

[smartslider3 slider=3549]

Вице-министрдің жұмыс кездесуіне мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев қатысты.

Вице-премьер алдымен «Мейірім» көпсалалы медициналық орталығына барды. Орталық ел өңірлерін бейнеконференция арқылы біріктіретін телемедицина кабинетінің қызметімен ерекшеленеді. Соның арқасында шалғай ауылдар тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізсе, өңірлердегі дәрігерлер тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Е.Тоғжанов бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету бойынша жұмыс істейтін медициналық орталықтар қызметінің маңызын жоғары бағалады.

Әрі қарай ол «ДОС тәуелсіз өмір» кәсіпкерлік орталығын аралады. Бұл орталықта мүмкіндігі шектеулі жандардың қалыпты өмірге оралуына және азаматтық қоғамға кірігуіне барлық жағдай жасалады. Нысанда еңбек ететін  28 адамның 17-сі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Орталық өкілдері оңалту техникаларын сату, техника мен жабдықтар жөндейтін «Инва-СТО» сервис орталығы бойынша шоу-рум көрсетті. Осындай жағдайға түскен азаматтардың өздері мүгедектер арбаларын дайындау, оларға тапсырыс беру, бұзылғанын жөндеу үшін жаңа жобалар жүзеге асырып, орталық жұмысын жетілдіріп отыр. Енді олар өзге облыстардағы өздері сияқты жандарды да үйінен алысқа бармай, зум арқылы бәрін үйреніп, онлайн тапсырыстар беру мәселесін де реттеп жатыр. Міне, оларға мемлекет тарапынан міндетті түрде қолдау көрсету керек. Премьер-министрдің орынбасары орталықтың жұмысында кездесетін қиындықтар мен кедергілер туралы сұрап, оларды мемлекеттік органдармен бірге қысқа мерзімде шешуді қала әкімдігі өкілдеріне тапсырды.

– Өткен жылы әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметте халық табысын арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты – экономиканы индустрияландыру және әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштастыра отырып халықтың табысын арттыру және нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету. Аталған бағдарламада бюджет қаржысын халықтың әлеуметтік осал топтары мен жалақысы төмен азаматтарға әділ бөлу және олардың алдағы уақытта экономикаға кірігуін ынталандыруға бағытталған шаралар қарастырылған. Сондықтан бұл бағдарлама ең алдымен, көмекке мұқтаж жандарға жаңа мүмкіндіктер береді. Тек қаржы бөліп қана қоймай, көмек алушылардың әлеуметтік мәртебесін өзгерту, жұмыспен қамтудың түрлі салаларына тарту арқылы материалдық жағдайын жақсарту – бағдарламаның алдына қойған міндеті. Сондай бағыттардың бірі – әлеуметтік кәсіпкерлік, – деді Е.Тоғжанов.

Келесі барған нысан әлеуметтік осал топтарға жататын адамдарды оқытып, жұмысқа орналастыруға бағытталған «Green TAL» әлеуметтік кәсіп­орны болды. Жобаға 62 адам тартылған болса, соның 53-і әлеуметтік осал топқа жатады. Е.Тоғжанов Үкімет тарапынан мұндай кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр­ғанын және олар табысы мол толыққанды бизнеске айналуы керек екенін жеткізді. Сонымен қатар ол тиісті мемлекеттік органдарға бөлек отырыста әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытумен байланысты мәселелерді көтеріп, қарастыруды тапсырды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button