Басты ақпарат

Әлеуметтік көмек кімге беріледі?

Халықтың әлеуметтік әл-ауқаты – кез келген мемлекеттің басты басымдығы. Елімізде әлеуметтің  жағдайын  көтеретін көмектер көп.  Мұқтаждығына қарай түрлі салада қолдау бар.

[smartslider3 slider=3672]

Еліміздің демографиялық жағдайына ­елеулі үлес қосып отырған көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, тағдыр тауқымен тартқан қариялар, жалғызбасты аналар көмекке қашан да зәру. Айлығы шайлығына жетпейтіні, жоғары айлығы бар жұмыстың жоқтығы оларды алаңдататыны анық. Осы орайда  биыл мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтағы жандарға бірқатар көмек қарастырылған.

Азық-түлікті картамен алады

Қолдан жасалған қымбатшылық заманында азық-түлік бағасы аспандап тұрғаны белгілі. Дүкен жағалаған ортанқол отбасылардың өзі дүрліксе, мұқтаж жандарға не дерсің?! Әсіресе өзімізде өндірілетін пияз, сәбіз, картоп, қарақұмық секілді күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасы қарыштап тұр. Қанттың жыры өз алдына.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ­әлеуметтік көмек түрлері жыл сайын жетілдіріліп келеді. Осы тұста Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы елордада халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік арнайы карта арқылы өткізілетінін атады.

«Қазіргі кезде «Магнум» ЖШС-мен бірлесе «Сусын» картасы бойынша арзандатылған тауарды өткізудің қанатқақты жобасын пысықтап жатырмыз. Яғни оларда өздерінің карталары бар. Осы орайда халықтың әлеуметтік осал топтарының тізімін енгізбекпіз. Бұл тұрғыда 160 мыңға тарта адам бар», – деді Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаев.

Аталған карта арқылы азық-түлік өнімдерін осы санаттағы адамдар ғана алады. Ал табысы жеткілікті деңгейдегі адамдар өнімді нарық бағасымен сатып алады. Иә, Кеңес Одағы кезіндегі карточка жүйесі бүгінде қайта жаңғырмақ.

Кімдер тегін оқиды?

Жаңа оқу жылы қарсаңында жетім балалар, балалар үйінің түлектері, бала күнінен мүгедек, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар арасында оқу ақысын төлеу түріндегі әлеуметтік көмек  бөлінеді. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, әкімдік жаңа оқу жылында педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға 1 300-ге жуық грант бөлуді жоспарлап отыр. «Әлеуметтік көмек бойынша жеке бағдарлама қарастырылған. Жағдайы төмен отбасылардан шыққан талапкерлердің қала университеттерінде білім алуы үшін оқу ақысын төлеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бұл бағдарлама бойынша құжаттарды қабылдау 21 тамызға дейін жалғасады» дейді қала әкімі.

Білім алу еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жүргізіледі. Олар­  – биотехнология, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, геодезия және картография, сәулет, мектепке дейінгі білім беру, инженер, жалпы медицина, педагогика, IT саласы, жылу энергетикасы, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, электр энергетикасы және өзгелері.

Алтай Көлгіновтің дерегінше, аталған әлеуметтік көмекті алу үшін қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарласу керек. Сонымен қатар өтінішті Еgov порталы арқылы электронды түрде беруге болады.

Кәсіп ашсаң, қолдау бар

Өз кәсібін дөңгелеткендердің дені – жастар. Білектінің емес, білімдінің заманында түрлі жобалар жас кәсіпкерлердің бастамасына үлкен мүмкіндік береді. Сондай жастарға арналған бірегей бағдарлама  – «Zhas Projeсt» жобасы.

 Осал топтағы жастар, қолында дипломы жоқ, жұмыссыз жүрген жастар, мүмкіндігі шектеулі және тұл жетімдерді қолдауға бағытталған бірден-бір жобаға 18-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады.

Жоба Үкіметтің биылғы жылға арналған бағдарламасы шеңберінде Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске асырылуда. Аталған өңірлерде жастардың бастамаларын қолдауға 250-ден астам шағын грант бөлінді. Әрбір грант аясында нақты жобаны қаржыландыруға 1 миллион теңгеге дейін қаржы қарастырылып отыр.

Сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шаралар жөнінде айтты. Министрдің сөзінше, мүгедектігі бар адамдардың және осал топтардың басқа да санатына кіретін азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 10 мың грант қарастырылған. Грант мөлшері 1,2 миллион теңгеге дейін ұлғайды.

600 мыңға жуығы көмек алды

Биыл аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем, атаулы ­әлеуметтік көмекті биыл 600 мыңға жуық адам алды. Оған бюджеттен 83,8 млрд теңге қаржы бөлінді.

Қоғамның әлжуаз топ мүшелерінің жағдайын жақсартуда демеу болар жәрдемақы бар. 2022 жылы аталған көмектің түрі біршама көтерілді. Мәселен, көпбалалы ана 4 балаға 49 100 теңге, 5 балаға 61 382 теңге, 6 балаға 73 665 теңге, 7 балаға 85 948 теңге алады. 2021 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 9 %-ға өскен.

 Жалпы жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 170,1 млрд теңгеге 501,5 мың отбасы қамтылды.

Сонымен қатар қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы түрінде 217 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Оның ішінде 2022 жылдың маусым айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 30,7 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына 10,5 млрд теңге бөлінді.

 Индира Бержанова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button