Басты ақпарат

Әлеуметтік нысандар да газға қосылды

Газдандыру қала тұрғындарының тұрмысын түзеп қана қоймай, елорда экологиясын жақсартуға мол мүмкіндік береді. Бұл бағытта бас шаһардың барлық ауданында ауқымды жұмыс жүріп жатыр.

[smartslider3 slider=3590]

Сарыарқа ауданындағы тұрғын үй алаптарын газдандыру аясында 5141 абонентті қосу жоспарланған болатын. Бүгінде аталмыш ауданда барлығы 1991 тұрғын үй газға қосылған. Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді газдандыру белсенді жүріп жатыр. Қазіргі уақытта аталмыш аудан аумағындағы 7 көппәтерлі тұрғын үй газға қосылды, тағы төртеуінде жұмыс жүруде.

Мердігерлік ұйымдар тұрғын үй алаптарында орналасқан 14 әлеуметтік сала нысанын, атап айт­сақ, Көктал-2 және Агроқалашық тұрғын алабындағы 5 мектепті газбен жабдықтауға кірісті. Газбен жабдықтауға Аққорған көшесі, 2 мекенжайда орналасқан «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы да қосылған. 13 нысанға қажетті жабдықтар сатып алынды, бүгінде монтаж бен іске қосу-жөндеу жұмысы жүруде.

«Газ в дом» компаниясы Нұр-Сұлтан қаласының нарығында 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Содан бері мыңға жуық жекеменшік және көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды газдандырумен айналысып жүр. Компания өкілі Жәнібек Құсайыновтың айтуынша, бұл жұмыстың барлығы әкімдікпен бірлесе отырып атқарылуда.

– Біз Алматы және Сарыарқа аудандарының әкімдіктерімен тығыз жұмыс істейміз, сондай-ақ жақын арада Есіл ауданының әкімдігімен ынтымақтастықты жоспарлап отырмыз. Әрине, барлық қаржы табиғи газға қосылуға мүмкіндік бермейтінін байқамадық. Кейбіреулер көмірмен жылыту арзанырақ деп ойлайды. Дегенмен салыстыратын болсақ, онда бірдей сома шығады, бірақ тұрғын жайды газбен жылыту, әрине, ыңғайлырақ. Бұл қаланың экологиясына да оң әсер етеді. Егер орташа есеппен алатын болсақ, 100-150 шаршы метр үйге қазір текше метр үшін 38,9 теңгені құрайтын газ тарифімен есептегенде, шамамен 600 мың теңге шығады. Бірақ бұл – тек газға қосылу үшін төленетін бір реттік төлем. Егер ай сайынғы төлемді есептесек, қазір тұрғындар ең суық кезеңде айына 20-25 мың теңге төлейді. Бұл ретте біз әкімдікпен бірлесіп, көп жеңілдік қарастырдық, нәтижесінде елордадағы Шейх атындағы мешітке, тыл ардагерлерінің үйіне және бірнеше көпбалалы отбасыға тегін газ жүргізілді, – деді маман.

Атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындар дән риза.

– Мен елордада 2000 жылдан бері тұрамын. Осы уақыт ішінде үйімді қашан газға қосар екенмін деп армандадым. Елорданы газдандыру басталғанда, алғашқылардың бірі болып үйіме газ тартқыздым. Қазір жақсы, жер үйде тұрғанымызбен қара күйе болып пеш жақпаймыз, маңайымыз да тап-таза. Сол үшін қала әкімдігіне және мердігер компанияларға алғысымды білдіремін, – деді елордалық Болат Жақсылықов.

Газды қосу барысында оның бағасына алаңдайтындар да жоқ емес. Бұл ретте мемлекеттен де, мердігерлік ұйымдардан да әртүрлі әлеуметтік көмек бағдарламасы бар. Соған сәйкес, жекелеген санаттағы азаматтарға, атап айтсақ, жасына байланысты зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, газдандыруға жататын жеке тұрғын үйлерде тұратын көпбалалы отбасыларға арнайы жеңілдік қарастырылған. Әлеуметтік көмектің мөлшері өтініш берушінің газ жабдығын жеткізуге және орнатуға байланысты, 130 АЕК-ке дейін, яғни 413400 теңгеге ұлғайды. Сондай-ақ елордалықтардың бәріне тегін есептеуіш берілуде.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button