Елорда тынысы

Әлеуметтік нысандар құрылысының қарқыны артты

Премьер-министр Әлихан Смайылов Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар құрылысының барысымен танысты.

[smartslider3 slider=3734]

Интеграцияланған кешен импортты алмастырады

Үкімет басшысы «Астана Технополис» АЭА аумағындағы «YDA Industrial Park» көпбейінді зауытының құрылыс алаңына барды. Кәсіпорын – медициналық жабдықтар, медициналық және кеңсе жиһаздарын, модульдік құрама құрылыс­тар, сондай-ақ қасбеттер, витраждар, терезелер мен есіктер өндіру бойынша интеграцияланған кешен. Зауыт өнімдері тек ішкі нарыққа ғана емес, көрші елдерге де экспортталады. Жалпы құны 46 млн доллардан асатын жоба шетелдік инвесторлар есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Премьер-министр зауытты іске қосу қазіргі кезде шетелден әкелінетін өнім импортын алмастыруға оң әсерін тигізетінін атап өтті.

«Елімізде кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз етуге және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Біз инвесторлардың келуін әрдайым қолдаймыз. Бұл жоба – Қазақстанда тиімді жұмыс істеп, көрші аймақтардың нарықтарына шығуға болатындығының дәлелі» деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде «YDA Group» басқарма төрағасы Хусейн Арслан бес кәсіпорынның төртеуі Қазақстанда алғаш рет ашылатынын атап өтті.

«Қазақстандық тарапқа белсенді қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Біз тиісті министрлікпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз, сондықтан өзімізге сенімдіміз» деді Хусейн Арслан.

11 мектеп пайдалануға беріледі

Сонымен қатар Үкімет басшысы екі ауысымда 2400 оқушыны қабылдау әлеуеті бар 1200 орындық жаңа жалпы білім беретін мектеп құрылысының барысымен танысты. Оқу орны халық тығыз орналасқан Есіл ауданында салынып жатыр, бұл №84 және №85 мектеп-лицейлерінде орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мектепті жыл соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жалпы биыл елордада 11 мектептің құрылысын аяқтау көзделген. Бұл қосымша 23 мыңнан астам оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Соңғы жылдары жыл сайын 400 мыңға жуық бала дүниеге келуде. Олардың бәрі қазіргі таңда мектепке барып жатыр, ал мектептердің шамадан тыс жүктелуі байқалады. Сондықтан мектеп құрылысын республикалық бюджеттен қаржыландыруды ұлғайту жоспарланып отыр. Елорданың жаңа мектептерінде жарақтандырудың жоғары стандарттары қалыптасқан. Балаларға қолайлы жағдайда оқуға мүмкіндік беру үшін елімізде салынып жатқан басқа да білім мекемелерінде осы стандарттардың болғанын қалаймыз» деді ­Премьер-министр.

Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында болады

Әлихан Смайылов жаңа оқу жылының қарсаңында баға мәселесінде қаржылық шығындарды жеңілдететін механизмдер іске қосылатынын қадап айтты.

«Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар балаларының мектеп формасы мен аяқ киімдерін, оқу құралдарын түгендеу қамына кірісті. Алайда олардың бағасы – ең өзекті мәселенің бірі. Әлбетте, баға саясатына әлемдік логистиканың қымбаттауы, шикізат пен қызметтердің құны тікелей әсер етеді. Бірақ Үкімет пен әкімдіктерде қазақстандықтар үшін қаржылық шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар. Бұл ретте мен бірқатар шұғыл іс-шараларды қабылдауды тапсырдым. Біріншіден, мектеп формасына бағаны ұстап тұру үшін Индустрия министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының, ірі тігін цехтары мен ательелердің өкілдерімен келіссөз жүргізеді; екіншіден, Сауда және интеграция министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, ірі сауда орталықтарымен және базарлармен канцеляриялық тауарларға, сөмкелер мен аяқ киімдерге және басқа да керек-жарақтарға бағаларды ұстап тұру мәселелерін пысықтайды; үшіншіден, әкімдіктер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, облыс және аудан орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелерін, сондай-ақ жылжымалы мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуын ұйымдастырады; төртіншіден, әкімдіктер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдарды атаулы көмек көрсету үшін бекітіп береді; бесіншіден, бүгінгі таңда көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау үшін құрылған «Жаппай оқыту» қорына өңірлердің бәрі бірдей қаражат бөліп отырған жоқ. Сондықтан әкімдерге аталған жобаны қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Білімді ұрпақ – біздің басты құндылығымыз, сондықтан оқудың барлық кезеңінде оларға қолайлы жағдай жасау, қамқорлыққа алып, көңіл бөлу – біздің негізгі міндетіміз. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер мен белгілеп берген бағыттар бойынша жұмыс істеуі керек. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында болады» деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Әлихан Смайы­лов Ә.Бектұров көшесінің бойындағы 577 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына барды. Оның 189 пәтері апатты үйлердің тұрғындарына беріледі.

«Соңғы үш жылда елордада тұрғын үй құрылысы бойынша бес жылдық көрсеткіш әжептәуір артты – 2019 жылдан бастап 8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі бес еседен астам ұлғайды» деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов Үкімет атынан құрылыс саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Құрылыс – отандық экономиканың маңызды және серпінді дамып келе жатқан саласы. Биыл бірінші жартыжылдықта құрылыс көлемі 9 пайыздан астам ұлғайды, 6,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің құрылысшылары мен сала ардагерлеріне толайым табыс, зор денсаулық және амандық тілеймін!» деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының жұмыс сапарына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button