Басты ақпарат

Әлеуметтік нысандарды аралады

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихат депутаты Азамат Айтхожин, Нұрдәулет Оразханов, Ерлан Дәкенов және Алтыншаш Табулдина елордалықтарға қызмет көрсететін бірқатар әлеуметтік орталықтарға барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрді.  

[smartslider3 slider=3778]

Алдымен депутаттар Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа барды.

Мұнда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, құжатсыз, баспанасыз, есте сақтау қабілетінен айырылған тұрақты тұрғылықты жері жоқ азаматтар орналастырылған. Олар үш мезгіл тамақпен және төсек-­орынмен, жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз етілген.

– Күндізгі бөлім 180 орынға, түнгі бөлім 50 орынға есептелген. Қазір орталықта 81 адам тұрады. Олардың ішінде құжаты жоқ немесе бала-шағасына керексіз болғандықтан далада қалған адамдар басым, – дейді орталықтың директоры Самат Топатаев.

Мекеме басшысы 1953 және 1970 жылдары бой көтерген ғимараттарды жөндеуден өткізіп, жаңа жиһаздар алудың маңызын атады. Сонымен қатар орталықтағы адамдар заман талабына сай жаңа мамандықтарды меңгеруге жағдай жасау керектігін айтты.

Жылына 1000 адамға дейін қабылдайтын орталықтың жұмысына өз бағасын берген Азамат Айтхожин:

– Осы орталықтан ­қызмет алған адам нақты көмекті сезінуі тиіс. Яғни өзінің отбасына оралса немесе тұрақты жұмыс тауып жатса, нәтижелі жұмыс бар дей аламыз. Ол үшін осындағы адамдар бір кәсіпті меңгеруіне мүмкіндік жасау керек, – деді.

Ал, Алтыншаш Табулдина болса, мерзімін өтеп келген азаматтарды медициналық тексеруден өткізудің маңызына тоқталып:

– Сіздер мұндағы адамдарды күндіз қалада емін-еркін жүруіне рұқсат бересіздер. Олардың арасында құрт ауруына шалдыққандар бар шығар. Сондықтан мұқият медициналық тексеруден өткізуді жолға қою керек, – деді.

Біз орталықта жатқан бірнеше адаммен тілдестік. Көбісінің барар жері жоқ, үй-күйсіз жандар. 1992 жылы Қазақстанға әкесімен бірге келген Евгения Ионочкина КСРО-ның қызыл паспортымен жүр. Бүгінде орталық мамандары оны құжаттандыруға жұмыс жасауда екен.

Одан кейін депутаттар «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына барды. Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді.

Азаматтардың жекелеген санаттарына (көпбалалы отбасылар, толық емес және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар) «бір терезе» қағидаты бойынша консультациялық қызмет береді.

«Объективті мәселелер бар. Біз бірлесіп шешуге дайынбыз. Яғни жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және тағы басқа құзырлы мекеме өкілдерімен ортақ мәселені ашық талқылап, диалогқа барып, шешілу жолын табайық» деді Алтыншаш Табулдина.

Оқу жылы жақындап, ата-аналар баласын мектепке дайындауда. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі мектепте оқитын елордалық оқушыларға 40 мың теңгеден  көмек беріледі дегеннен кейін, ата-аналар жеңілдікті алуға асыққаны белгілі. Алайда білім және әлеуметтік басқармалардың арасында үйлесімді жұмыстың болмауынан ата-аналар кедергілерге тап болуда. Міне, депутаттар осы мәселені көтеріп, бірлесе шешуді ұсынды.

Одан кейін депутаттар Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында болды. Орталық директоры Мұхтар Еркетаев бүгінде қалада орталықтың 4 филиалы барын айтты.

«Қариялардың белсенді өмірін қолдайтын орталықтардың ашылуына мұрындық болған қала әкіміне алғыс білдіреміз» деді орталықтың басшысы.

Оның сөзінше, қарттардың спортпен белсенді шұғылданып, ұлттық аспаптарда ойнап, би билеп, тілдерді үйреніп, қолөнерді меңгеретін орталықты көпшілік біле бермейді.

Зейнеткерлердің белсенділігін арттырып, саламатты өмір салтын қолдап, қаланың рухани-мәдени өміріне араласуына жағдай жасайтын орталықтың жұмысына қарттар дән риза.

«Егде жастағылар өз уақытын тиімді өткізіп, түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, белсенді өмір сүруде орталық жан-жақты жағдай жасайды. Біз бұған дән ризамыз. Арасында өнерін шыңдап, қалалық деңгейдегі ән-би концерттерінде өнер көрсету үшін ұлттық киімге деген қажеттілік бар. Соған көмек берсе жақсы болар еді» дейді қала тұрғынының бірі Күлпаш Төлендіқызы.

Халық қалаулылары «Асыл Мирас» аутизм орталығы, «Орда» Астана қаласының аутизмі бар балалар ата-аналарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігі және «Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының жұмысымен танысып, ерекше балалардың әлеуметтік ортаға бейімделу процесін жетілдіру, науқастарды жан-жақты қолдау шараларының тиімділігіне назар аудару қажет екенін білді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button