Әлеумет

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ – ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

әлеуметтік көмек

Әлеуметтік қорғау жүйесі еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асыратын басты тетіктердің бірі болып табылады. Оның мәні қоғам дамуының басты кепілі әлеуметтік қауіпсіздік пен халықтың бақуаттылығын көздейтінінде болса керек.

Жалпы халықаралық қауымдастықта әлеу­меттік саясаттың мінсіз, баршаға ортақ үлгісі жоқ. Алайда,  азаматтардың жұмысқа жарамсыз болып қалған жағдайында, жұмыссыздықтың сал­дарынан тұрмысы нашарлағанда немесе жасы ұлғайып, кәрілік келіп жеткенде мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық өз нәтижесін беруде. Бұл ең алдымен  әлеуметтік қорғау мекемелерінің мінсіз қызметінің арқасында. Жәрдемақы мен төлемдердің, қызметтердің әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға бағытталып, мұқтаж азаматтарға тең әрі әділ бөлініп, жаппай қамтылуы бұл жүйе­нің жұмысын жандандыруда. Табысы төмен отбасылар, мүгедектер, жалғызілікті зейнеткерлер, жетімдер мен көпбалалы аналарға әлеуметтік қорғау бірінші кезекте көрсетіледі.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы – халықты әлеуметтiк қорғау және жұмыспен қамту саласында уәкiлеттi орган.

Азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, кедейшілік, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асыру  аталмыш басқарманың басты міндетіне кіреді. Бұл үшін 2013 жылы 5 299 676,0 мың теңге бөлінген екен. Оның ішінде жұмыспен қамтуға 658 503,0 мың теңге, әлеуметтік төлем мен қызметтерді көрсетуге 2 635 886,0 мың теңге қарастырылған.

Бүгінгі күні елордада 18 164 мүгедек тұрады. Бұл іске үкіметтік емес ұйымдар да көптеп тартылуда. Бюджет есебінен «Инватакси» қызметтерімен қамтамасыз етуге 22 382,0 мың теңге, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге 53 032,0 мың теңге осы үкіметтік емес секторға бөлінген.

Ведомствоға қарасты мекемелер қызметін қамтамасыз етуге 1 816 431,0 мың теңге жұмсалып отыр. Оның қатарында «Астана қаласының Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемесі», «Астана қаласының Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі», «Астана қаласының Психоневрологиялык медициналық-әлеуметтік мекемесі», «Астана қаласының Белгілі тұрағы жоқ тұлғаларға арналған әлеу­меттік бейімделу орталығы», «Астана қаласы әкімдігінің «Қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы», «Астана қаласы әкімдігінің «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы-баспанасы» кіреді.
296 929,0 мың теңге бөлініп, аталған меке­мелердің шығыстарын жапқан.

 

Елорданың еңбек нарығында

Жұмыссыздық деңгейі 2013 жылдың 3-тоқсанында 5,4 пайызды құрады және 2012 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  (5,6 пайыз) 0,2 пайызға төмендеді.

2013 жылдың 3-тоқсанында елорданың экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 434,5 мың адамды, жұмыспен қамтылғандар саны 410,8 мың адамды, жұмыссыздар 23,7 мың адамды құрап отыр. Ағымдағы жылдың басынан бастап экономиканың әртүрлі саласынан 16484 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде шағын бизнес бойынша 10890 жұмыс орны ашылып, 66,1 пайызды құрап отыр. 2013 жылдың 1 желтоқсанына дейін жұмыспен қамтуға 11217 адам сұраныс жасаған. Халықты әлеуметтік қорғаудың белсенді шараларымен қамтылғаны – 8021 адам (71,5%), оның ішінде: 4134 адам жұмысқа орналасты, кәсіби даярлауға 1405 адам жіберілді, қоғамдық жұмыстарға 2264 адам, жастар тәжірибесіне 663 адам және әлеуметтік жұмыс орындарына 328 адам қатысуда.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бойына бағдарламаға қатысуға  жыл бойынша 938 адам өтініш берді, 928 адам әлеуметтік келісімшартқа қол қойды. Есепті кезеңде кәсіби даярлауға 387 адам жолдама алды, жастар тәжірибесіне оқу орындарының 374 түлегі және  әлеуметтік жұмыс орындарына 143 адам жұмысқа орналасыпты.

2013 жылы алғашқы рет Бағдарламамен жартылай жұмыспен қамтылған жалдамалы қызметкерлерді кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыру қарастырылғандығын атап өту қажет.

Жыл басынан бері жұмыссыздарды, оның ішінде жастарды жұмысқа орналастыру мүм­кіндіктерін кеңейту мақсатында 12 бос орын жәрмеңкесі өтті.  Бос орындар жәрмеңкесі жұ­мыссыздарға лайықты жұмыс табуға, ал жұмыс берушілерге – жұмыс орындарын жасақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар,  жәрмеңке аясында «Нұр Отан» партиясымен бірге «Дұрыс таңдау жаса» акциясы ұйымдастырылды.

 

Көмегі көпке демеу

Жыл басынан бері 63 мыңнан астам адамға әлеуметтік көмек көрсетілген. Кедейлік шегінен төмен табысы бар 938 азаматқа 19,1 миллион
теңге сомасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Табысы төмен отба­сы­лардың 18 жасқа дейінгі балаларына 25,2 миллион теңге сомасына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды.

Коммуналдық қызметтерді төлеуге және тұрғын үйді ұстауға кететін шығындары отба­сының орташа айлық жиынтық табысының 8 пайызынан асып кетсе, тұрғын үй жәрдем­ақысы тағайындалады. Осы санаттағы 1913 отбасыға 52,2 миллион теңге сомасында осындай көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, мүгедектерді әлеуметтік оңалту бойынша атқарылған жұмыстар ауқымы айтарлықтай. Шипажайлық-курорттық емделуге жолдама беріліп, мүгедектерді кәсіптік даярлау және қайта даярлауға көмек көрсетілген. Зағиптарды ертіп жүру, үйде оқытылатын мүгедек балалары бар отбасыларын қолдау да бюджеттің есебінен қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды мұқтажына қарай техникалық құрылғылармен қамтамсыз ету үнемі  жүзеге асырылып отырылады.

Астаналықтарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің түрлеріне тоқталып өткен жөн. Ам­бу­латорлық емделуде дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ету, қалалық бағыттағы жолаушылар кө­лігінде тегін жүру мүмкіндігімен қоса, мерзімді бас­пасөз басылымдарына жазып, туберкулезбен ауыратындарға азық-түлік жиынтығы бөлінеді. Мерекелік және айтулы күндерге біржолғы ақшалай төлемдер беріліп отыр. Атап айтқанда, мүгедектер күні қарсаңында 15154 адамға жалпы сомасы 45 миллион теңге жәрдемақы, Отан қорғаушылар күніне орай  7065 адамға, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, 131,1 миллион теңге, Қарттар күнінде 21 019 адамға (70 жасқа жеткен және одан асқан мұқтаж зейнеткерлер) 63,0 миллион теңге сомасында қаражат берілді. Бұл сыйдан Ауғанстан соғысы ардагерлері мен Чернобыль апат аймағына қатысушылары да шет қалған емес.

Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар санатындағы әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтар бар. Ұлы Отан соғысының арда­гер­леріне 20000 теңгеден, оларға теңестірілген тұлғаларға 10000 теңгеден, тыл еңбеккерлеріне 10000 теңгеден, қайтыс болған әскери қыз­метшілердің отбасы мүшелеріне 10000 тең­геден қаражат бөлінген.

Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button