ӘлеуметЖаңалықтар

Әлеуметтік қызметкерлерге құрмет көрсетті

Апта басында ЭКСПО қалашығындағы NOMAD city hall-да әлеу­меттік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты жиын өтті. Nur Otan партиясының қалалық филиалының қолдауымен өткен шара барысында Нұр-Сұлтан қаласының «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздігі» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

[smartslider3 slider=678]

Жиынды Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов алғы сөзімен ашты.
– Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту бастамасы осыдан тура 10 жыл бұрын қолға алынды. Елбасының 2011 жылғы қазандағы Жарлығымен әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні ресми бекітілді. Бұл – адамгершілікті ту еткен кәсіп өкілдерінің ерен еңбегін ескеріп, құрмет көрсетудің белгісі. Сала мамандары қашан да өмірдің қиындығымен бетпе-бет келген түрлі тағдыр иесіне жанашырлық танытып келеді. Олар қай кезде болмасын жетім және ерекше қажеттілігі бар балаларға, көпбалалы аналарға, жалғызбасты қарттарға көмек көрсетуге дайын.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 2 мыңнан астам әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкері көмекке мұқтаж 150 мыңдай азаматқа қызмет көрсетуде.
Қоғамның тұрақты дамуы азаматтардың әлеуметтік қорғалуына байланысты. Бұл тұрғыдан алып қарағанда елордалық әлеуметтік сала қызметкерлері мемлекет пен қолдауды қажет ететін азаматтар арасындағы дәнекер болып келеді, – деді Е.Каналимов.
Мұнан соң ол әлеуметтік қорғау жүйесінің бір топ қызметкерін қала әкімінің Құрмет грамотасымен және қалалық мәслихат хатшысының, қала әкімі орынбасарының алғыс хаттарымен марапаттады.
Nur Otan партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сақтаған Сәдуақасов та сала мамандарын бас партия атынан кәсіби мерекемен құттықтап, қалалық «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздігі» байқауының жеңімпаздарының есімін жариялады.
[smartslider3 slider=685]
Конкурстық комиссияның шешімімен «Әлеуметтік қорғау саласындағы үздік мемлекеттік қызметші» аталымы бойынша Сарыарқа аудандық әлеуметтік төлемдер бөлімінің басшысы Салтанат Станбаева марапатталды. «Әлеуметтік қорғау саласындағы үздік азаматтық қызметкер» атағы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Клара Именалиноваға бұйырды. «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Таншолпан Байекенова «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанды. «Үздік әлеуметтік қорғау мекемесі» аталымында «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы үздік шықты. «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым» атағын Әсел Жасан жетекшілік жасайтын «Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қайырымдылық қоры еншіледі. «Үздік ақпараттық жұмыс» арнайы атағына «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы иелік етті.
Жеңімпаздарға дипломдармен бірге бағалы сыйлықтар табыстады. Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы да құттықтап, ұйым атынан жекелеген азаматтарға құрмет көрсетті.
Жиын соңы эстрада жұлдыздары мен елордалық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасына жалғасты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button