ӘлеуметБасты ақпарат

Әлеуметтік реформалар: кеше, бүгін, ертең

Тәуелсіз Қазақстан әлеуметтік әділеттілік жолын таңдады. Өткен жылғы Президент ­сайлауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» атты бір-бірімен өзара байланысты үш қағидат негізіндегі жаңа мемлекеттік саясатқа көштік. Алайда бұл саясат соңғы үш жылда табысты іске асырылып келе жатқанына бәріміз куәміз. Қазір еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани өмірінде жүйе­лі реформалар рет-ретімен жүргізіліп жатыр. Соның ішінде соңғы үш жылдағы әлеуметтік саладағы түбегейлі өзгерістер мен жаңаруларға талдамалы шолу жасап көрейік.

Астанада әлеуметтік қызметтер қалай цифрландырылды?

«Біздің басты байлығымыз – адам. Сондықтан азаматтардың игілігі үшін барлық жағдайды жасау аса маңызды» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы сайлаудағы жеңісінен кейін халық алдында сөйлеген сөзінде. Сол сөзін іс жүзінде дәлелдеуге биліктің үш бұтағын, күллі қоғамды жұмылдырды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін сәл шегініс жасайық. Бүкіл әлемді есеңгіреткен індеттен енді-енді есімізді жиып жатқанымызға қарамастан, 2021 жылы мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады. Сол жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына қарай берілетін зейнетақы көлемі 7 пайызға, базалық зейнетақының және мемлекеттік жәрдемақының көлемі 5 пайызға өсті. Ұзын-саны 670 мыңға жететін әлеуметтік сала жұмысшыларының жалақысы кезең-кезеңмен ұлғайды: соның ішінде білім беру саласы қызметкерлерінікі – 25 пайызға, денсау­лық сақтау саласы қызметкерлерінікі – 30 пайызға, әлеуметтік қамтамасыз ету саласы қызметкерлерінікі 50 пайызға көбейді. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламасы 1 млн 300 мың адамды қамтыды. Соның нәтижесінде елдегі жұмыссыздық деңгейі 5-тен 4,9 пайызға кеміді.

2021 жылы 12 қазанда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік жағынан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, өмірімізге мынадай өзгерістер енгізілді: І топтағы мүгедектігі бар адамдарды күтіп-бағуға және алып жүруге қатысты бірыңғай жәрдемақы енгізілді; алатын жәрдамақысының ұл­ғаюына байланысты балаларды 7 жастан бастап топтарға бөлу; мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша бір жолғы жәрдемақы алу; мүгедек бала­ларды асырап отырған отбасылардың баспана алудағы кезегін сақтау және тағы басқалар. Сайып келгенде, заңның көмегімен І топтағы мүгедектігі бар адамдарды күтіп-бағып отырған 15,1 мың адам жәрдемақысын алды. 52,7 мың бала мүгедектігі бойынша топтарға бөлінді. 2,8 мың адам мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша бір жолғы жәрдемақысына қол жеткізді. Әлеуметтік саладағы әділеттілік қадамдары осылай жалғасты.

Бір қуанарлығы, әлеуметтік салада еңбек ететіндерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтер рәсімі цифрлы форматқа көшірілді. Соның дәлелі: қызмет түрлерінің 92 пайызы цифрландырылды, 45 мемлекеттік қызмет түрінің 41-і электронды үлгіге ауысып, 21-і жедел көрсетілетін қызмет түріне көшті. Мысалы, Астанада мүгедектігін анықтайтын дәрігерлік сараптаманы, некеге тұру туралы куәлігін, баспана алуға өтінішті, еңбек шартын жасауға және әскерден қалу құжатын онлайн тәртіппен жібере аласыз.

Электронды еңбек биржасының порталдарында халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызмет түрлері қолжетімді бола бастады. Тіпті қазақстандықтар «Шекарасыз жұмыс іздеу» атты жобаның шеңберінде елімізден ғана емес, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен жұмыс іздеу, маман шақыру сияқты мүмкіндіктерге ие болды. Алуан түрлі кәсіби бағыттар бойынша оқытатын, тәжірибе жинақтауға жәрдемдесетін онлайн-курстар ашылды. Мұның бәрі әлеуметтік жағынан ахуалы төмен топтардың өкілдеріне де, кәсіпкерлерге де мол мүмкіндіктің жолын ашты.

Әлеуметтік кодекс қалай әзірленді?

2022 жыл еліміздің тарихында Қаңтар қасіретімен есте қалды. Соған қарамастан, мемлекет халықтың алдындағы барлық міндеттемелерін дер кезінде орындады. 4,3 млн-нан астам қазақстандыққа жалпы құны 4,4 трлн теңгеге зейнетақы, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдер төленді. Еліміздегі 1,3 млн отбасы мемлекеттен кепілдендірілген көмек түріндегі қолдауға ие болды. Қаңтардағы оқиғалардан зардап шеккен кәсіпкерлер де, көліктері өртенген қарапайым азаматтар да өтемақы алды. 2022 жылы Үкімет республикалық бюджеттен және Әлеуметтік сақтандыру қорынан балалары бар отбасыларды қолдауға 926,6 млрд теңге жұмсады. Бір отбасына 20 мыңнан 800 мың теңгеге дейінгі көлемде қаражат төленді. 700 мыңнан астам өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға мемлекет арнау­лы әлеуметтік көмек есебінде 70 млрд теңге жұмсады.

Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру үрдісі одан әрі жалғасты. 1,2 млн азаматтық қызметшілердің еңбекақысының өсімі орташа есеппен 20-дан 30 пайызға дейін ұлғайды әрі алдағы 4 жылда оның көлемі екі есе өседі. Бұдан бөлек, ынтымақты зейнетақы мөлшері екі мәрте индексацияланды. Зейнетақының орташа көлемі шамамен 109 мың теңгені құрайды. Сол жылы республикалық бюджеттен 2,2 млн зейнеткердің зейнетақы төлемдеріне 2,9 трлн теңге жұмсалды. Жалпы алғанда, 2022 жылы Қазақстанда 921 мың адам жұмысқа орналасса, соның ішінде 77 пайыздан астамы тұрақты жұмыс орнын тапты. Электронды еңбек биржасының жұмысы қарқын алды. Өткен жылдың үш айында 11 мың адам осы биржаның көмегімен жұмысқа орналасты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеп, оны Парламентте таныстырды.

Әлеуметтік кодекстің 6 бағыты қандай?

Әлеуметтік кодекс, негізінен, мынадай 6 бағыттан тұрады: отбасының цифрлы картасын енгізу, жұмыспен қамтудың жаңа саясаты, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларға қолдау көрсету іс-шаралары, арнаулы әлеуметтік қыз­меттер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қанатқақты режимде отбасының цифрлы картасы енгізілді. Бұл – әлеуметтік мәртебесіне сәйкес, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқығы туралы халыққа күн сайын ақпарат беретін «электронды хабарлаушы». Яғни мемлекет кез келген азаматқа ақпараттық жүйе арқылы тиісті органдарға жүгінбей-ақ қандай да бір әлеуметтік көмек түрін өзі ұсынады. Өтініш беруші формадан анықтаушы формаға ауысу деген сөз.

Бұл тәсіл қалай жұмыс істейді? Біріншіден, мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің дерегі негізінде отбасылардың әл-ауқаты деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау іс-шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді. Бүгінге дейін цифрлы картада шамамен 6 млн отбасы және оның 19 млн мүшесі туралы деректер қамтылып, «отбасының портреті» қалыптасты. Картадағы деректер отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңарып отырады. Мемлекеттік қолдау іс-шаралары алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін азаматтарға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеу­меттік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейінірек алушының банктегі шотына аударылады (бұл жобаның қандай кезеңдерде іске асырылатыны инфографикада көрсетілген).

Енді осылардың ішіндегі арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту мен зейнетақы төлемдерін арттыруға жеке-жеке тоқталайық. Арнаулы әлеу­меттік қызметтер – бұл әр адамның жеке қажеттілігіне негізделген қызметтер. Мысалы, сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға логопед қызметі, мектепке баруға мүмкіндігі жоқ балаларды үйде оқыту, жүрегіне ота жасалған азаматтарды медициналық оңалту, жүріп-тұруы қиын адамдарға арба беру және тағы басқалар. Соңғы жылдары елімізде егде жастағы адамдар (2 млн-нан асады) мен мүгедек адамдар (700 мың) санының көбеюіне байланысты халықтың бұл қызметке қажеттілігі артты. Бұл саладағы ең маңызды өзгерістер мынадай бағыттар бойынша жүргізілді:

  1. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің проактивті форматына көшу. Бұл үшін арнаулы мемлекеттік қызметтерге мұқтаж азаматтардың бірыңғай әлеуметтік тіркелімі құрылады. Соның базасында қажеттілік карталары жасалады, азаматтардың өтінішін күтпей-ақ проактивті форматта қызметтер көрсетіледі. Негізінен, бұл бағыт 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдарға арналған.
  2. Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуге жұмыссыз жүрген отбасы мүшелерін тарту. Жақын адамдар мен үйреншікті ортадағы қолдау оңалтудың ең тиімді түрі екенін тәжірибе дәлелдеді. Осыған орай, жұмыссыз отбасы мүшелеріне жеке көмекші болуға немесе арнаулы қызметтердің жекелеген түрлерін көрсету үшін «Күміс жас» жобасына қатысуға мүмкіндік беріледі. Жыл сайын бұл жобаға кем дегенде 15 мың адам тартылады. Олардың еңбегіне ақы төленеді, әлеуметтік аударымдар жүргізіледі, жұмыс кезеңі зейнетақы тағайындау кезіндегі еңбек өтілі болып есептеледі. Тек қатысушыларға тиісті дағдыларының, біліктілігінің және икемінің болуына талап қойылады.
  3. Интернат-үйлерді трансформациялау. Қазір елімізде 20 ірі интернат-үйлер мұқтаж жандарға қызмет көрсетеді. Әлеуметтік кодекс жобасында жазылғандай, осы интернат-үйлер әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналған ғылыми-әдістемелік орталықтарға айналады.

Бұған қоса, әлеуметтік қызмет жүйесіне жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу, әлеуметтік қызмет порталы жөніндегі комиссия құру, әлеуметтік қызметтерді таңдау, әлеуметтік сараптаманы жаңарту сияқты бағыттар бар.

Әлеуметтік реформалардың ең маңыз­дысы – Қазақстанда зейнетақы төлемдерін арттыру. Қазіргі кезде елімізде 2,2 млн-нан астам зейнеткер бар. Соның ішінде бірінші санаты – 1998 жылға дейін зейнетке шыққан, базалық және ынтымақты зейнетақы алатын 365 мың адам. Екінші санаты – 1998 жылдан кейін зейнет жасына жеткен 1,9 млн адам. Олар базалық және ынтымақты зейнетақыны бюджеттен, жинақтаушы зейнетақыны БЖЗҚ-дан алады. Бірінші санаттағылардың толық еңбек өтілі бар және олардың зейнетақысының орташа мөлшері 125 мың теңгеден асады. Екінші санаттағылардың зейнетақы мөлшері бірінші топтан төмен. Себебі бүгінде зейнет жасына жеткен жандардың 40 пайызға жуығында толық еңбек өтілі жоқ. Алдағы жылдары зейнеткерлердің саны өсіп, оларға жұмсалатын шығындар да көбейетіні сөзсіз. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бағытындағы жаңа іс-шаралар топтамасын ұсынды. Соның бірі – 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтату. Екіншіден, Президенттің тапсырмасы бойынша мынадай жүйелі, тиімді іс-шаралар жүзеге асырылады: 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ең жоғарғысын – тиісінше 100 пайыздан 120 пайызға дейін кезең-кезеңмен жеткізу көзделген. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға ұлғаяды. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі 13 пайыз­ды құрап, барлық 2,2 млн зейнеткерді қамтиды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс көлемін енді зейнет­кер атанғандар үшін 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін көбейту көзделген. Осы іс-шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға өсіруге мүмкіндік береді.

Биыл әлеуметтік реформалар сандық өлшемнен сапалық өлшемге көшумен басталды. Үкімет 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-еңбек саласындағы стратегиялық өзгерістердің бес жылдық жоспарын бекітіп, бағдарын нақтылап алды. Негізінен, бес бағыт та маңызды, қажетті, нәтижелі десек қателеспейміз. Әлеуметтік кодекске «наградталған аналар» деген ұғым енгізілді. Заңдық құжат қабылданған соң, «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегері, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан көп бала туып, өсірген аналардың жәрдемақысының мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін көбейеді. Бұл өзгеріс наградталған 90 мыңға жуық ананы қамтиды.

P.S: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл реформа­ларының нәтижесінде әлеуметтік қорғау саласы жаңарып-түлеп, әділеттілік қағидаттарымен жұмыс істейтін, адам капиталын қарқынды дамытатын қуатты қозғалтқышқа айналары сөзсіз.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button