Мәслихат

Әлеуметтік сала әлеуеті

Астана қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті қала­лық мәс­ли­хаттың тұрақты комиссиялары отырыстарында бірнеше мәрте талқыланған соң әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы 48 пайыздан 56 пайызға ұлғайды. Кеше мәслихаттың кезекті сессиясына қатысқан Астана әкімінің орынбасары Асқар Әмрин осыны атап өтіп, бұл маңызды шешімді қабылдаған мәслихат депутаттарына алғыс айтты. Сондай-ақ сессияға Парламент Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков пен қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Бюджет бойынша негізгі баяндаманы Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов жасады. Оның мәлімдеуінше, үш жылдық бюджет 1 трлн 144 млрд теңгені құрамақ. Соның 422 млрд 178,8 миллионы келесі жылға тиесілі. Бұл 2018 жылдың бюджетіне қарағанда 40 млрд 963,3 теңгеге, яғни 10,7 пайызға көп.
2019 жылғы бюджеттің 148,7 млрд теңгесі тікелей әлеуметтік салаға бағытталады. Соның 74 млрд 916,4 миллионы білімге, денсаулық сақтауға 12 млрд, 094,8 миллион, әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке 13 млрд 072,3 миллион теңге қарастырылған. Атап айтсақ, 11 мектеп пен 8 қосымша ғимаратты салуға, 8 мектеп пен 3 қосымша ғимарат құрылысын аяқтауға 22 млрд 357 миллион теңге бөлінеді. Соның негізгі бөлігі республикалық бюджеттен бөлінсе, жергілікті бюджеттен оған 1 млрд 125,2 млн теңгесі бөлінеді.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында нысандарды жөндеуге 520,9 млн теңге жұмсалады. Атап айтсақ, алдағы жылы екі балалар кітапханасы, «Толқын» спорт комбинаты, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры, «Нұрлы жүрек» мемлекеттік мекемесінің №3 корпусы, Орталық жол ауруханасының ғимараты, екі бөбекжай жөнделеді.
Биыл құжаттарды қалалық мұрағатта сақтауға қатысты біраз түйткілдер анықталды. Соның ішінде цифрландыру өте баяу жүріп жатқаны белгілі болды. Осы ескеріліп, мұрағат қорын сақтауға 898, 8 млн теңге, қалалық мұрағат қызметіне 98,8 млн теңге бөлінді.
2019 жыл Жастар жылы болып жарияланғаны анық. Осыған байланысты шараларды өткізуге 100 млн теңге қарастырылды. Әрине, нақты сектор, соның ішінде жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғын үй саясатын жүзеге асыруға және әлеуметтік нысандарды салуға, қала тіршілігін қамтамасыз ететін т.б. маңызды жұмыстарға да тиісті қаржы қарастырылған.
Үш жылдың ішінде жалпы алғанда 234 ауланы жөндеуге қаржы бөлінеді. Келесі жылы 78 ауланы жөндеу жоспарға енгізілді. Білім, денсаулық сақтау, жергілікті полиция кадрлары тапшылығы проблемасын жою үшін 2019 жылы баспана алуға 1 млн теңгелік сертификаттарды тапсыру механизмі жалғасады.
Кезекті сессияда бюджетпен қатар басқа да мәселелер талқыланды. Соның ішінде құрылыс және тұрғын үй, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту, амбулаториялық емдеу мен жеңілдікпен дәрі-дәрмек беру мәселелері бойынша тиісті басқарма басшылары баяндама жасады. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының есебі тыңдалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button