Елорда тынысы

Әлеуметтік сала қажеттілігі қаралды

Нұр-Сұлтан қаласының 2022 жылға арналған бюджетін нақтылау қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында жалғасты. Жиында елорданың Дене шынықтыру және спорт, Қоғамдық денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, Білім, Мәдениет, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармаларының қажеттіліктеріне қосымша қаржы бөлу жайы қаралды. Жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Есет Байкен кейбір мәселелерді түсіндірді.  

[smartslider3 slider=2699]

Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына 17 ведомстволық мекеме қарайды. Бұл туралы баяндаған аталмыш басқарма басшысының орынбасары Алмас Абаев қазір бас қалада спортшылар саны 13041 екенін жеткізді. Ал басқарманың биылғы 1 қаңтарға дейін бекітілген бюджеті 11,3 млрд теңгені құрады.

– Спортшыларды республикалық және халықаралық жарыстарға сапалы дайындау, оқу-жаттығу дайындықтарын өткізу, спорттық құрал-жабдықтарды сатып алу және жалпы материалдық-техникалық базаны нығайту үшін қосымша 15,9 миллиард теңге керек, – деді А. Абаев.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Алдабергенова бұл басқарманың 2022 жылға арналған бюджеті 16,7 млрд теңге болып бекітілгенін жеткізді. Соның 3 млрды – республикалық бюджеттен, 13,6 млрды – жергілікті бюджеттен бөлінген. Енді әртүрлі жұмыстарға қосымша 9,4 млрд теңге керек.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қосымша 3 млрд 547 млн 349 мың теңге қажет. Бұл туралы айтқан осы басқарманың басшысы Сәуле Нұрғожина аталған қаржы Жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыруға, «Қатаркөл» бейімдеу орталығы қызметкерлерінің жалақысын өсіруге, Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, барлығы 18 ардагерге әлеуметтік көмек беруге, басқа да мақсаттарға бағытталады.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов аталмыш басқарманың биылғы бюджеті 149 млрд теңгені құрайтынын айта келе, алғашқы нақтылау кезінде бюджет 4,4 млрд теңгеге көбейгенін жеткізді. Ал бұл жолғы нақтылауда бұл басқарма қосымша 22,2 млрд теңге сұрап отыр. Оның басым бөлігі жалақы мен коммуналдық қызметтерге жұмсалмақ. Капиталды шығындар да бар. Балалар жылын өткізу де қаржы керек. Қосымша қаржыға қала әкімінің гранты шығындары да кіреді.

Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов басқармаға биыл қосымша 7 млрд 879 млн теңге керек екенін баяндады. Бұл қаржы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға, балаларға театрлардың қойылымдарын тегін тамашалауға мүмкіндік беретін «Балалар және театр» бағдарламасына, «Шет аймақсыз қала» жобасына жұмсалмақ. Жаңғыртылуы аяқталған «Жастар» сарайының қажеттіліктеріне, «Жастар», «Наз», «Музыкалық жас көрермен» театрларына, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға қосымша қаржы керек.  Астаналық цирк «Азия жаңғырығы» фестивалін жаңғыртпақ. Соған да қаражат бөлінуі керек. Жалпы баяндамашы қалалық Мәдениет басқармасына қарасты біраз мәдени ошаққа қосымша қаржы бөлуді сұрады.

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп осы жылға басқармаға 310 млн 859 мың теңге керек екенін баяндады. Соның ішінде тіл саясатын іске асыруға, архив ісін дамытуға ақша керек. Баяндамашыларды тыңдаған мәслихат депутаттары сауалдарды қойып, ұсыныстарын айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button