ӘлеуметЖаңалықтарМәслихатЭкономика

Әлеуметтік салаға қанша қаржы қарастырылған?              

Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатында елорданың 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті жобасын талқылау жалғасып жатыр. Қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың мәлімдеуінше, алдағы үш жылдық бюджеттің шығыс бөлігі 1 трлн 208 млрд теңгені құрап отыр. Осы жолы мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында әлеу­меттік салаға бөлу жоспарланған қаржы туралы баяндалды.

[smartslider3 slider=809]

Дене шынықтыру және спорт басқармасына келер үш жылға 30 млрд 180 млн теңге бөлінбек. Соның ішінде 2022 жылы 7 млрд 960 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы спорт саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуге, жергілікті деңгейде спорттық шараларды өткізуге, әртүрлі спорт түрлері бойынша ел құрамасына кіретін спортшыларды республикалық және халықаралық жарыстарға даярлауға, т.б. жұмыстарға жұмсалмақ.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 2022-2024 жылдарға 18 млрд 340 млн теңге қарастырылып отыр. Осы қаражат дәрігер мамандардың біліктілігін арттыруға, кадрларды қайта даярлауға, ана мен баланы қорғау қызметтеріне, вакциналар мен басқа да медициналық препараттарды сатып алып, сақтауға, басқа да маңызды істерге бағытталмақ.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының алдағы үш жылдық бюджеті алдын ала жоспар бойынша 42 млрд 265 млн теңгені құрап отыр. Оның ішіне қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық-әлеуметтік мекемелер мен ұйымдарда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету, халықты жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек төлеу, тұрғын үй көмегін беру сияқты осы саладағы көптеген жұмыстар кіріп отыр.

Білім басқармасына 2022-2024 жылдарға 316 млрд 664 млн теңге қарастырылған. Мәдениет басқармасына алдағы үш жылға 21 млрд 554,9 млн теңге бөлінбек. Соның ішінде 2022 жылы театр және музыка өнерін қолдауға 3 млрд 30 млн теңге, келесі жылға кітапханалар қызметіне 216,2 млн теңге, әлеуметтік маңызды және мәдени шараларды өткізуге 1 млрд 797 млн теңге қарастырылып отыр.

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына алдағы үш жылға 1 млрд 728 млн теңге бөлу жоспарланған. Осы қаржыдан 2022 жылы мемлекеттік тіл мен Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамытуға 254 млн теңге қарастырылған.

Осының бәрін айтқан Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың негізгі баяндамасынан кейін қосымша баяндамашылар – тиісті басқармалардың басшылары сөз алды. Қалалық мәслихат депутаттары оларға сұрақтарды қойып, бюджетке пікірлерін жеткізді. Алдағы үш жылдық бюджетті талқылау бүгін де жалғасады. Отырыста аудандардың әкімдіктері мен басқа да басқармалардың бюджеті қаралады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button