Жаңалықтар

Әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғайып келеді

111kazah-socplata

Қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында аза­маттардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды. 

Осыған орай сөз алған қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Ләззат Әбуева бұл мәселе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі назарында екенін ескере келе, Елбасы Жолдауларынан туындаған тапсырмаларға сәйкес, елордада аз қамтылған отбасылар мен қамқорлыққа зәру азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету бағытында жүзеге асырылған шараларға тоқталды. Бұл ретте Астанада халыққа әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп, олардың мүддесін қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыс аз емес.
– Өткен жылы әлеуметтік қолдауға зәру 75 мыңдай адамға 3 295 450 мың теңге көлемінде көмек көрсетілсе, биыл әлеу­меттік төлемдерге 4 231 496 мың теңге бөлу көзделіп отыр. Оның тең жартысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді,- деді Л.Әбуева.
Бюджет қаражаты есебінен «Жергілікті өкілетті орган­дардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек» бағдарламасында 2015 жылы азаматтардың жекелеген санаттарына 2 602 820 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілмекші.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу шеңберінде жүргізілген жұмыстарға да қомақты қаржы бөлініп, 217 майдангер мен соларға теңестірілген 5 000 адамға, сондай-ақ тыл еңбе­кер­леріне материалдық көмек көрсетілген. Соғыс арда­герлері бірыңғай киіммен қам­тамасыз етіліп, ұрыс даласында қаза болған қазақстандық жауынгерлер жерленген жерлерге бару үшін әлеуметтік көмек пен дәрі-дәрмек сатып алуға, шипа­жайлық-курорттық емделуге жеңілдіктер қа­рас­ты­рылды. Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагерлері мен соларға теңестірілгендер және барлық зейнеткерлер, мүгедектер мен көп балалы аналар қалалық қоғамдық кө­лікте тегін жол жүру, тістерін ақысыз протездеу құқына ие. Осы жөнінде айта келе, басқарма басшысы Астанада аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқанын, сонымен қатар коммуналдық қызметтерге, тұрғын үй күтіміне арнаулы заңнамада белгіленген тәртіп­пен телекоммуникация желі­сіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігіндегі байланыс қызметтеріне төлем­дерді төлеуге, қаладағы ресми мер­зімді басылымдарға жазылуға, мон­шаларға, шаштаразға баруға ақшалай төлем түрінде көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.
– Ел экономикасы қарыштап дамыған сайын халықтың әлеуеті жақсарып, тұрмысы түзеліп келеді. Ал, зейнетақы мен әлеу­меттік төлемдер мөлшерінің кезең-кезеңімен артуы оған дәлел болса керек. Бұл ретте қала басшылығы да әлеуметтік саладан қаржысы мен көмегін аяп қалып жатқан жоқ. Өзге өңірлердің жұмыссыз азаматтары біздің қалаға келіп жұмыс істеп, табыс тауып жүр. Осының өзі қаламыздағы әлеуметтік мәселелердің оң шешімін тауып, халық тұр­мы­сының жақсарып келе жатқа­нын көрсетеді, – деді басқарма басшысы.
Демек, өткен жылмен са­лыс­тырғанда биыл елорда­лық­­тарға көрсетілетін әлеу­мет­тік көмек көлемі 1 млрд тең­­геге ұлғайған. Осыған қарап-ақ, елордалықтардың жағ­дайы шын мәнінде жақсарып келе жатқанын аңғару қиын емес. Әлеуметтік мәселе ой­дағыдай шешілмейінше, елдің тұрмыс­тық ахуалы жақсармай­тыны белгілі. Осыны ескерген қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есілов алдағы уақытта әлеуметтік көмектің нақты қамқорлыққа зәру адам­дарға көрсетілуін мықтап қа­дағалауды тапсырды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button