Басты ақпарат

Әлеуметтік желідегі әлімжеттік

Балалар санасын улап, ­болашағына қауіп төндірмесін

Қазір ғаламторсыз, әлеуметтік желісіз өмірімізді елестете алмаймыз. Өзіміз де, балаларымыз да заманның ағымымен телефонсыз күніміз жоқтай сезінетініміз рас. Соны пайдаланған алаяқтардың, қылмыскерлердің де жолы оңынан болып тұр. Біздің елімізде заңмен қорғалатын жеке және іскерлік сипаттағы ақпаратты қорғау оңай емес, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қиын. Әсіресе балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігі өте өзекті.

Кибербуллинг құрбандары Қазақстанда күннен-күнге көбейіп барады. Еліміздегі 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші жеткіншек кибербуллингтің құрбанына айналады екен. Ғаламторда отырған баланың жеке басына тиісу, түр-тұлғасын кемсітіп, ар-намысын қорлау, аяққа таптау, одан қалды қарғап-сілеудің салдары одан да қорқынышты. Рас, бұрын-соңды еліміздің заңнамасында «кибербуллинг» термині болған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желіде адамды балағаттау, психологиялық қысым көрсету, түрлі сөздер арқылы өлімге итермелеу Қылмыстық кодекс негізінде қаралады. Яғни осы кодекстің 105-бабы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекеттер үшін үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Кибербуллингке кез келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар, негізінен, кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды.

Кибербуллинг жасайтындардың арасында педофилдер көп кездеседі. Олар балаларды алдап-арбап, желіге жалаңаш түскен видео не суретін салуға көндіреді. Кейін сол суретті жұртқа жария етемін деп қоқан-лоқы жасау арқылы кездесуге шақырады не ақша бопсалайды. Ал қысымға шыдамай, шарасыз күйге түскендері көп жағдайда өзіне қол салады. Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг қазір бүкіл әлемдегі өте өзекті проблемаға айналған. Өкініштісі, Қазақстанда да кибербуллингке ұшыраған балалар аз емес.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылы ел аумағында кибербуллингке қатысы бар 10 мыңнан астам материалға шектеу қойылса, уәкілетті органның ұсынымымен интернеттегі 222400-ден астам құқыққа қарсы материал жойылған

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі тренері, әлеуметтанушы Халида Әжіғұлованың айтуынша, балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң 21 елде бар. Ал Қазақстанда кибербуллингтің құрбандары туралы ешкім статистика жүргізбейді. Сондықтан мамандар Ұлыбритания мен Ресей тәжірибесінің негізінде буллингтен қорғану туралы кодекстің үлгісін әзірлеген. Онда тек виртуалды кеңістікте ғана емес, жалпы зомбылық көрген балаларға көмектесу жолдары туралы ата-ана мен ұстаздарға нұсқаулар жазылған. Қалалық Білім басқармасы мен барша мектеп ұжымы осы бағдарламаны жетілдіріп, бекітуі тиіс. Сөйтіп балаларды бопсалау мен қысымнан қорғап, аман алып қалуға болады.

– Егер ұстаздар оқушының мінез-құлқында қандай да бір өзгеріс барын байқаса, оны мұқият бақылауға алуы қажет. Ал кибершабуылға ұшырағанын немесе жоғары сынып оқушыларынан теперіш көргенін анықтаса, жасырмай, мектеп директоры мен ата-ананы да дереу хабардар етуі тиіс. Әрі қарай бұл «құрықтан» баланы құтқарудың жолдарын іздеуі керек. Егер мектеп ұжымының оқушыны тығырықтан шығаруға шамасы жетпесе, арнайы мамандардың көмегіне жүгінгені жөн. Кейін болған жайтты журналға тіркеп, оқушының мінезіндегі өзгерісті тағы бір ай бойы бақылауы қажет, – дейді ол.

«Егер бала проблемасын айтып келсе, оны бас салып кінәлап, ұрысудың қажеті жоқ. Телефонды да бірден тартып алып, ғаламторға шектеу қоймау керек. Мұндай жағдайда бала ата-анасынан көңілі қалып, екінші мәселесін айтпайтын болады. Әке-шешелері балаларымен байыппен сөйлесіп, олардың еш кінәсінің жоғын түсіндіруі керек. Қамқорлықты сезінген баланың сенімі оянып, тығырықтан шығатынына сенеді. Бізде көп ата-ана балаларымен сөйлеспейді, оларды не мазалап жүргенін байқай бермейді. Ал білген кезде кеш болуы мүмкін» деді әлеуметтанушы Халида Әжіғұлова.

Ал Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабировтың айтуынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуде мектеп­аралық бағдарлама қабылдау жеткіліксіз. Ол үшін ұлттық бағдарлама қабылдау қажет. Оның сөзінше, көптеген мемлекетте балаларды қорғайтын осындай бағдарламалар бар.

Кибербуллингке ұшыраған бала психологиялық күйзеліске ұшырайды, мінезі өзгереді, жаны ауырып, ар-намысы тапталған бала қорғансыз болып, өз-өзіне қол салуға (суицид) дейін барады. Ата-ана мен мұғалімдер мұндай жайтты байқаса, бірден балаға көмектесуі керек. Қысым көрген балалардың белгілері – мектепке барғысы келмейді, сабақ оқуға зауқы болмайды және үй тапсырмасын нашар орындайды, көңіл күйі түсіп жүреді, үнемі уайымдайды және өзіне сенімсіз болады, ешкіммен әңгімелесуге зауқы соқпайды және оқшау жүреді, түнде дұрыс ұйықтамайды және шошып оянады, жиі ақша сұрайды не ұрлық жасайды, телефонына хабарлама келсе, ашуланады.

Жыныстық кибербуллинг өте қауіпті. Интернетте балалар порнографиясымен айналысатын арнайы деструктивті топтар бар көрінеді. Ал ғаламторда отырған баланың мұндай контентті өз бетінше IP-адресті анықтап, бұғаттауы қиын. Яғни мұндай қауіппен жеткіншек жалғыз өзі күресе алмайды. Егер кез келген ата-ана осындай заң бар екенін білсе, заң талаптары бойынша өз құқығын талап ете алса, баласын әлеуметтік желідегі кибербуллингтен қорғай алады. Заң арқылы бұл қауіпке қарсы тұра алса, бұл да үлкен жетістік болар еді.

«Қандай жағдай болсын баланың құқығын біз ең бірінші қоюымыз керек» дейді «Сенімен болашақ» республикалық ­ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақымбек ЖОЛАЕВ.

Психолог маман кибербуллингтің құрбанына айналған баланың көп жағдайда не істеу қажеттігін, кімге, нені қалай жеткізу керектігін білмейтінін де ашық айтты. Бір сөзбен айтқанда, жеткіншек өз құқығын қорғауды білмейді. Екінші мәселе – балаларының қандай құқығы бар екенінен ата-ана да бейхабар. Егер бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде араласпаса, кибербуллинг дерті індетке айналып кетеді.

Қалалық Білім басқармасының берген деректеріне қарағанда, Ішкі саясат басқармасы және ата-аналар қауымдастығының араласуымен үй жағдайында сүзгілерді орнату бойынша жұмыс жүргізілуде.

Қанатқақты режимде ұйым­дарда «ата-аналар клубы» қоғамдық диалог алаңы жұмыс істейді. Клуб мүшелерінің саны 140 адамды құрайды. Клуб жұмысын дамыту мақсатында ағымдағы жылы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығымен бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қойылды.

Клуб жұмысы аясында балалар, мұғалімдер және ата-ана үшін түрлі тақырыпта вебинар өтеді. Жұмыс барысында балалар, ата-ана мен мұғалімдер үшін арнайы жасалған «Балаларға қамқорлық жасау», «Тағдырдың күзетшілері», «Қорқыныш туралы алаңдаушылықты қалай жеңуге болады?», «Өз сезімім мен эмоциямды қалай тануға және білдіруге болады?», «Жақсы көңіл күй құпиялары», «Мазасыздық», «Буллинг», «Кибербуллинг», «Мақсат қою және оған қол жеткізу», «Жанжалды жағдай. Өзін қалай ұстау керек?», «Интернет: шындық пен қауіпсіздікте қалай қалуға болады?», «Интернетке тәуелділік», «Өзіңізді қылмыс­тан қалай қорғауға болады?» және т. б.

Балаларды өзін-өзі реттеу дағдыларына үйрету және мектеп базасында қанатқақты режимде жанжалдарды бейбіт жолмен шешу мақсатында №6, 20, 29, 31, 35, 36, 37, 41, 67, 68, 69, 72 ХҚКК «татуласу мектебі: тең-теңімен» мектеп медиациясын дамыту жобасын іске асыруда.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығында психологиялық сүйемелдеу бөлімі жұмыс істейді. Оның ішінде білім беру ұйымдарының психологиялық қызметінің қызметіне жетекшілік ететін және педагог-психологтарға әдістемелік көмек көрсететін әдіскер-психологтар жұмыс істейді.

Құқық бұзушылық жасаған балалар мен отбасыларды психологиялық сүйемелдеуді ұйымдас­тыру, өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды психология­лық қолдауды қамтамасыз ету үшін 2021 жылғы желтоқсаннан бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс бойынша «психологиялық сүйемелдеу қызметі» жобасын іске асыру басталды.

Ағымдағы жылдың 7 айында психологиялық сүйемелдеу қызметінің мамандары 86 шығу жұмысы, отбасындағы жағдайға бастапқы және мониторингтік бағалау жүргізді, заңгерлермен 111 кеңес және 22 шығу, әлеуметтік қызметкерлер 55 кеңес, психологтар 121 жеке және топтық кеңес, сондай-ақ сұрау салу бойынша психологтар 14 шығу жұмысын жүргізді. Қазіргі уақытта 16 отбасы сүйемелдеуге алынған, оның ішінде 22 ересек адам және 35 бала бар.

Барлық мектеп пен колледжде сенім және шұғыл көмек телефоны бар. Сенім және психологиялық көмек телефондары: 111; 150; 8-800-2000-112; +7 (7172) 54-76-03 күн сайын, тәулік бойы жұмыс істейді. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сенім телефоны (Нұр-Сұлтан қаласы бойынша) +7 (7172) 74-25-28.

Бүгінде қаланың білім беру ұйымдарында «BalaQorgau» веб-сайтының жобасы бойынша QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар бойынша педагогтар, оқушылар және ата-ана арасында түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

Балалар мен олардың ата-анасы сайтқа тақтайшадан QR-кодты сканерлеп, қажетті көмек туралы хабарлап, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мамандардан консультация ала алады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасылардың өтініші тәулік бойы қабылданады және қаралады. Әрбір жағдай барлық мән-жай анықталғанға және жағдай толық шешілгенге дейін бақылауда болады.

– Мысалы, бір бала өзін мықты көрсеткісі келуі мүмкін. Сөйтіп ол екінші балаға үстемдік көрсеткісі келіп, жақтастарын жинап, балаға «бойкот» жариялап, күш көрсетеді, яғни мектептегі буллинг ол белгілі бір балаға бағытталады. Ол агрессия, қорқыту, мәжбүрлеу белгілері арқылы көрініс тауып жатады. Тіпті кейде мұғалімдер тарапынан жасырын түрде қорлау көрсеткен балалар жазалау түрінде буллингке ұшырауы мүмкін. Мектепте осындай кикілжіңге түскен балалар болса, мысалы, намысына ­тиетін сөздерді айтып жатқан балаларды ұстаздары байқап қалса, жеке түсіндіру жұмысын жүргізуге тырысып жатады. Тәрбие сабағында ­ата-анасына, баласының басқа бір балаға әлімжеттік көрсеткенін ескертеді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Райгүл ­Сайлаубаева.

Анықтама үшін: Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің мәліметінше, өткен жылы ел аумағында кибербуллингке қатысы бар 10 мыңнан астам материалға шектеу қойылса, уәкілетті органның ұсынымымен интернеттегі 222400-ден астам құқыққа қарсы материал жойылған.

Бір тәулік ішінде әлеуметтік желілердегі контентті жоюды немесе бұғаттауды талап ететін заң Германия, Франция, Жаңа Зеландия, АҚШ секілді бірқатар дамыған елде қабылданған. Мәселен, АҚШ-тың 40-тан астам штатында кибербуллингке қолданылатын қылмыстық жаза өте қатаң. Сингапур, Оңтүстік Корея, Ресей мен Түркияда да осы әлеуметтік желі жөніндегі заңдарын қайта қарастырып, кибербуллингке қатысты жазаны күшейтіп жатыр. Ал біздің елімізде уәкілетті орган өз қалауы бойынша интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге шектеу қойып не жұмысын тоқтата алмайды. Сенат бұл құзыретті алып тастады. Оның орнына кибербуллинг фактілері туралы арыз-шағымдарды қарайтын сарапшылар комиссиясы құрылады. Комиссия тек балаға қатысты кибербуллинг деп таныған ақпараттарды ғана жоятынын баса айтты.

Қоғамда қызу талқыланған заң жобасын көктемде Парламент мақұлдап, биыл 5 мамырда ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Заңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер «заңды өкілдерін» тағайындауға, сонымен қатар уәкілетті органның, яғни Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі талап еткен кез келген контентті 24 сағаттың ішінде өшіруге міндеттеледі. Егер әлеуметтік желі уәкілетті орган талабын орындамаса, министрлік желінің «Қазақстан аумағында жұмысын шектеуге» құқылы. Заңда бұл түзету «БАҚ саласындағы уәкілетті орган шетелдік онлайн платформадан Қазақстан заңдарының талаптарын бұзатын ақпаратты жою не оның ел аумағында таратылуына шектеу қою жөнінде шаралар қолдану арқылы жиырма төрт сағат ішінде орындауға міндетті» деп көрсетілген. Бұл талап «Байланыс туралы» заңның 41-1-бабының 1, 1-1 және 1-2-тармағында көрсетілген нормаларды орындаудан туындайды. Ал 41-бапта «жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанауды және балалар порнографиясын насихаттайтын ақпаратты таратқан байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін уақытша тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдау туралы» жазылған. Бұл заң жобасы қоғамда кең резонанс тудырды, өйткені онда уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қолжетімділікті шектеуге не болмаса жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін нормалар қамтылған. Мәселе өте күрделі болғандықтан, жоба қазіргі уақытта Үкіметте қаралуда.

Қайтсек кибербуллингтен баланы қорғап қала аламыз деген тақырып жаhандану заманында ең өзекті мәселенің бірі ретінде қала береді. Қазақтың табиғатына жат болғанмен, қауіп-қатері елді шарпыған бұл індеттен қалай да құтылудың жолын іздестіруіміз қажет. Ересектерді қойып, енді өркен жайған жеткіншектерімізге қол салған қылмыскерлерге, қорқау топтарға тыйым болуы керек, олар заң алдында жауап беруі тиіс. Тәуелсіз елде бала­ларымыз өзін барынша қауіпсіз сезінуі тиіс. Бұл – мемлекеттің мүддесі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button