Әлеумет

Әлеуметтің әлеуеті

Елорда халқының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Сәйкесінше әлеуметтік осал топтағы азаматтарын қамтамасыз етіп, әлеуметтік қолдау бағытында жасалатын жеңілдіктер де көбейді. Бұған бюджеттен әжептәуір қаражат қарастырылған.Биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік қолдау аясында 159 мың адам қамтылды. Оның ішінде 25 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жандар, 80 мыңы – зейнеткерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар да бар.
Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинаның айтуынша елорда азаматтарының әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударылады. Соның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар тегін жолақымен қамтамасыз етілген. Биыл атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілді. Аз қамтылған отбасылар мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қайта қалпына келтіру, яғни реабилитациялық ем тегін жүргізіледі. Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту басқармасы арқылы мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балаларға қызмет көрсету қарастырылған, әсіресе, үкіметтік емес ұйымдар «Орда», «Асыл мирас», т. б. өмірде кездесетін әртүрлі қиын жағдайларға тап болған адамдарға қол ұшын созып, көмек көрсетеді. Сондай-ақ тамыз айында Нұр-Сұлтанда «Жанұя» отбасылық орталығы ашылды.

«Жанұя» орталығы – мүмкіндіктер алаңы

Орталықтың «Open space» алаңында елордалықтар жұмыс табу, бизнес ашу, өзін толғандыр­ған әлеуметтік мәселе бойынша ақпарат пен кеңес алады. 12 мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор жұмыс істейтін орталықтың мамандары АӘК алу, кәсіптік оқудан өту, жұмысқа орналастыру, жаппай оқыту бағдарламасына қатысу, балабақшаға кезекке қою, қамқоршылықты орнату, жәрдемақылардың барлық түрлерін және т. б. алу мәселелері бойынша қызмет көрсетеді. «Жанұя» орталығының бастамаларын жоғары бағалаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мекеменің тәжірибесін еліміздің барлық аймақтарында іске асыру керек екенін айтты. Ашылған күннен бастап орталыққа 7130 адам жүгінген, 15327 өтінішін 11669-на жүйелі кеңес берілді. Оның ішінде 3556 мәселе өз шешімін тапты.
Қолдаудың тағы бір тиімді бағыты – жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы «Мектепке жол» науқаны аясында әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. Жалпыға міндетті оқу бағдарламасының арқасында оқушыларға мектеп формасын алуға әрқайсысы 30 мың теңгеден 12,8 мың сертификат берілді.

Үш есеге ұлғайтылады

Мемлекет тарапынан мұқ­таждарға тұрғын үй көмегін көрсету бойынша белсенді шаралар қабылдануда. «Берекелі баспана» бағдарламасы аясында кезекте тұрғандарға 298 пәтер берілді. Олардың арасында 150 көпбалалы отбасы бар. «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде 414 өтінім мақұлданды. «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы астаналықтар үшін үлкен сұранысқа ие болып, жыл басынан бері Екібастұзға жалпы саны 1161 адам болатын 222 отбасы қоныс аударды. Бұдан басқа, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысына 62 отбасы көшірілді. Бүгінгі таңда өтінімдерді қабылдау қала әкімдігінің тұрғын үй қорында жалғасуда. Келер жылы тұрғын үй құрылысы үш есеге ұлғайтылады деп күтілуде.
Көпбалалы аналарға елордалық бизнесмендер де барынша қолдау көрсетуде. ШОБ пен меценаттардың күшімен 1742 отбасы 133,1 млн теңгеге азық-түлік корзинасын, қатты отын, киім, аяқ киім және қаржылық көмек алды. Сондай-ақ олардың тұрғын үйлеріне 1 004 улы газ бен түтіннің жоғары деңгейін хабарлайтын автономды датчиктер орнатылды. Мәдени іс-шаралармен 8500 көпбалалы отбасы қамтылды.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button