ӘлеуметБасты ақпарат

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ – АБЫРОЙЛЫ ІС

ERA_5796

Кеше Астана қаласы әкімдігінде Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «Тұрғындардың әлеуметтік әлеуеті – Астана бренді» тақырыбында кеңес өтті. Жиынға елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және республикалық ұйымдардың, қалалық басқармалардың, жоғары оқу орындарының, медициналық мекемелердің басшылары қатысты.

Жұмыссыздыққа жол берілмейді

Жиынды ашқан Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков кеңестің жұмысы барысында елорда әкімдігі мен салалық министрліктер арасында денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау,  білім саласы мен мәдениет пен спортты дамыту бойынша 2015-2017 жылдарға арналған меморандумдарға қол қойылатынын айта келе, бұл маңызды құжаттар елордалық тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал  ететіні­не сенім білдірді.

Кеңесте  сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет әкімдіктер мен ірі кәсіпорындардың, орталық мемлекеттік органдардың арасында өндірістік үрдістерді тұрақтандырып, жұмыс орнын сақтау, еңбеккерлердің құқылары мен мүддесін қорғап, еңбек заңдарын сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық меморандумдарын бекітуге қатысты кешенді шаралар жүргізіп жатқанына тоқталып,  елорда әкімдігінде өтіп жатқан жиын да осы мақсатты көздеп отырғанын жеткізді. «Жаһандық дағдарысқа қарамастан біздің елімізде әлеуметтік салаға бөлінген шығындар ешбір қысқартуға ұшыраған жоқ және биыл оның көлемі 4 триллион теңгені құрап отыр. Экономикалық дағдарыс жағдайында Үкіметтің басты міндеті – тұрғындарды еңбекпен қамту және жұмыссыздықты болдырмау. Бүгінде біз осы маңызды міндеттерді іске асыру жолында жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып келеміз» деді Премьер-министрдің орынбасары.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін жүзеге асыру жолында айтарлықтай жұмыстарды қолға алған.  Атап айтқанда, бүгінде Астана қаласында республикалық бюджет есебінен әлеуметтік маңызы бар 17 нысан салынып жатыр. Қазіргі күні 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді  балабақшамен қамту жағдайы рес­публика бойынша 79 пайыз болса, Астанада бұл көрсеткіш – 58 пайыз деңгейінде. Балабақша кезегін азайту үшін елордада үш балабақшаның құрылысын бастап, он бір мектепке дейінгі мекеме құрылысын аяқтау көзделген. Осылайша, Елбасының тапсырмасы бойынша 2020 жылға қарай балдырғандарды 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Еліміздегі жалпы орта білім беретін ұйымдардың жағдайына тоқталған Үкімет басшысының орынбасары республика бойынша апатты жағдайдағы– 99, үш ауысыммен оқитын 136 мектеп бар екендігін, олардағы орын тапшылығы 15 мыңнан асатынын айтты. Ал, Астана мектептерінің ішінде біреуі – апатты жағдайда болса, екеуі  үш ауысыммен оқиды. Келесі жылы елордада Ұлттық қор есебінен әрқайсысы 1150 орындық екі мектептің құрылысы басталмақ.  Сөйтіп, 2017 жылға қарай бұл мәселе толығымен шешімін таппақ.

ҚР Премьер-министрдің орынбасары өз сөзінде Астанаға Елбасы ерекше көңіл аударып отырғанын, әсіресе, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей қатысты әлеуметтік салалар назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

– Астана – бизнесті дамытудың локомотиві. Мұнда жоғары техно­логиялық өндірістер орналасқан. Соңғы жылдары Президенттің тапсырмасымен ашылған мәдени-спорт нысандардың өзі бір төбе. Осы ғимараттар қала тұрғындардының игілігіне қызмет етуі тиіс. Сондықтан, министрліктермен бірлесе отырып, спорттық және мәдени нысандардың қызметімен барша халықты кеңінен қамтуға тиіспіз. Әсіресе, бұл нысандар балалар мен жастарға қолжетімді болуы тиіс. Жалпы, елордалықтар үшін әлеуметтік салада қолайлы жағдайлар қалыптастыруға тиіспіз. Астаналықтар үшін «Әлеуметтік әлеует – Астана айбары» деген ұран басты орынға шығуы тиіс» деді вице-премьер.

Елорда емі электрондық жүйеге көшеді

Жиында сөз сөйлеген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бас шаһардың денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты жақсы жаңалықтарды жария етті. Сөзін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының жағдайынан бастаған министр емханалардағы кезектің көптігі, дәрігерлердің қабылдауына жазылудың қиындығы көптеген арыз-шағымға арқау болып отырғанын айта келе, түйткілді шешудің жолдарын жіктеп көрсетті. Министрлік мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәрігерлерге жазылуды электрондық жүйеге көшіруді ұсынады. Яғни, келешекте науқастар дәрігерге электрондық кезек арқылы кіретін болады. Ал емхана немесе аурухана тиісті ақпаратты науқасқа телефон немесе электронды пошта арқылы береді. «Бұл сырқат жандардың сағаттап кезекке тұрмауы үшін жасалып отырған қадам» дейді министр.

Бұған қоса, дәрігердің диспансерлік есебінде тұрған науқастарға да қолайлы жағдай қарастырылмақ. Олар бүгінге дейін барлығына ортақ тізіммен дәрігерге жазылып келсе, енді олар үшін бөлек қабылдау кестесі жасалмақ. «Созылмалы сырқаты бойынша бақылауда тұрғандар уақтылы дәрігерге қаралып, тиісті дәрісін дер кезінде алуы керек. Сондықтан, диспансерлік есепте тұрған науқастардың келіп қаралу кестесін әр емхана бөлек қарастырып, реттегені жөн» деді Т.Дүйсенова.

«Жедел медициналық жәрдем» қызметінің жұмысына да тоқталған министр былтыр Астананың жедел жәрдем бригадасы 500 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсеткенін, бірақ 43 мыңына кешігіп жеткенін айтты. Жедел жәрдемнің науқастарға дер кезінде жете алмауының бір себебі тиісті медициналық көліктердің тапшылығында жатыр. Бұл мәселені шешу үшін қалалық жедел медициналық көмек көрсету стансасына биыл жергілікті бюджет есебінен 22, келесі 2016 жылы республикалық бюджет қаражатынан 33 санитарлық автокөлік сатып алынбақшы. Ал 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін Астанада  тағы бір жедел жәрдем стансасының құрылысы аяқталады. Бұл елордалық тұрғындарға көрсетілетін жедел медициналық көмектің ауқымын кеңейтіп, шақыртуларға неғұрлым жылдам жетуге мүмкіндік бермек.

Ынтымақтастық пен ықпалдастық

Кеңес қорытындысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев министрліктер мен Астана әкімдігі арасында қол қойылған меморандумдардың мақсат-мүддесімен таныстырды. Әкім орынбасарының айтуынша, министрліктер мен әкімдіктің әріптестік қарым-қатынасын нығайта түсетін бұл шара елорда тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр. Мақсаты – ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған өзекті мәселелерді министрліктермен бірлесе шешу.

Сонымен, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және білім беру салаларындағы тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ететін 2015-2017 жылдарға арналған меморандумдардың алғашқысына Астана әкімдігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі қол қойды.

Бірінші құжат жұмыспен қамтуды, атаулы әлеуметтік көмек пен елорда тұрғындарын қолдауды қамтамасыз етеді. Келісімшартқа сай тараптар жұмыссыз және тұрмысы төмен тұрғындарды  қолдап, қаржылай көмек көрсетуге, есту қабілеттері нашар мүгедек балаларды естіп-сөйлеуге бейімдеуге арналған бірқатар жобаларды жүзеге асыруға тиіс.

Екінші меморандум елорда тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған. Тараптар медициналық мекемелердегі кезекті азайтып, тұрғындарды ауруханаға жатқызуды, амбулаториялық деңгейде уақытылы дәрі-дәрмектермен қамтуды көздейді. Бұл қадамдардың барлығы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етпек.

Сондай-ақ, әкімдік Мәдениет және спорт министрлігімен де серіктестік меморандумын бекітті. Оның мақсаты – тарихи-мәдени мұраны, ұлтаралық ынтымақтастықты сақтап, қорғау, мәдениет пен мемлекеттік тілді дамыту, ұлыстардың теңдігін қамтамасыз ету. Өткізілетін шаралар мәдени мекемелерге халықтың жиі баруын, спортпен шұғылданатын тұрғындар санын арттыруды көздейді.

Білім беру жүйесін дамытуға арналған меморандум барлық деңгейдегі оқыту сапасын және оның елорда тұрғындары үшін қолжетімділігін арттыруға негізделген. Осы меморандум бойынша, Астанада «Биотехнология ұлттық орталығы» ғылыми-инновациялық кешені, «AstanaBusinessCampus» ғылыми саябағы, құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы, энергетика, туризм, мейманхана бизнесі, ақпараттық-коммуникациялық технология салалары бойынша мамандар даярлайтын «AstanaPolytechnic» жоғары техникалық мектебі ашылады.

Жиынды қорытындылаған Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков барлық тараптар меморандумдар талабын орындап, өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқаратынына сенім білдірді.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button