Қоғам

ӘЛЕУМЕТТІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ

Астана қаласы мәслихатының депутаты, құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, «Алкон+» фирмасының директоры Аман Аюповке қойған алғашқы сұрағымыз қоғамдық қызметімен байланысты болды.

20160823_111054

«Үстіміздегі жылдың наурыз айынан басталған қоғамдық жұмыс жеке тұрғындардың өтініш-қалауларын тыңдап, нақты мәселелерді шешуге арнадым» деді Аман Аюпов.
Мәслихат депутаты алғашқы кезеңде тұрғындармен сайлау алды кездесулерде айтылған өтініштерді, жекелеген аза­маттардың мұқтаждарын ескерген. Соның бірі мүмкін­дігі шектеулі азаматтың өтініші бойынша жасалған тұрғын үй дәлізіндегі құра­малы-автоматты пандус екен. Ескі жобамен салынған үйдің дәлізінің тарлығына байланысты қоларбаны автоматты түрде көтеретін пандус­ты ойлап тапқан фирманың өнертапқыштарына Қ.Рыс­құлбеков көшесінің тұрғыны Антонина Беско­ровайнаяның алғысы шексіз. Одан басқа, қарттарға арнап Абылайхан 29/2 ауласында күн мен желден қалқа болатын отырғыш жасалынған. «Алтай» ПИК кіреберістің терезелерін әй­некпен қаптауға көмек берді. Қазіргі кезде зейнеткерлер мен балаларға арналған аула клубтары үшін орын іздес­тіріліп жатыр. Қарттар күні қарсаңында жалғызілікті жүзден астам қарияға азық-түлікпен көмек көрсетілді. Округке қарасты үйлердің кіреберістеріне құттықтау плакаттары ілініп, лайықты көңіл бөлінді.
«Осыған дейінгі жылдары да фирмада жұмыс істейтін жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларын шешумен қатар, өзге де қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеміз» дейді «Алкон+» басшысы. Ол мұндай шаралардың өзінің ізгі ниетінен туындайтынын, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде де жауапкершілікті түсінетінін білдірді. Халық мүддесіне арналған жұмыстың басында жүріп, әсіресе, әлеу­меттік жағынан аз қамтылған тұрғындарға қол ұшын беруден айналып өтпейтінін айтты. Оның сайлау округінде №32, №37 мектептер орналасқан. Осы күзде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларындағы 20 балаға мектеп киімін алып берсе, 15 оқушы сабаққа керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің жайы да депутат назарынан тыс қалмаған. Жақын күнде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 ізгілікті іс» акциясы іске қосылады.
Депутат Аман Аюпов соңғы кездері бюджет есебінен мем­лекеттік тапсырыспен салынып жатқан кейбір тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтып, дабыл қағып жүр.
«Пайдалануға берілген жаңа үйлердің сапасына бақылау жұмысы көңіл көншітпейді. Тұрғын үй тапшылығы, оның кезегінде тұрғандардың қа­жеттілігін де ескереміз. Алайда бұл жүйені өзгертпесек, жылдар өте келе бұл үйлерді пайдалану қымбатқа түсіп, қала бюджетіне салмақ болатыны анық. Бұл – әріден ойлағандағы мәселелер. Сөзімнің дәлелі ретінде айтайын, қазіргі күнде баспаналы болғандар бір қыстап шыққаннан кейін, қуаныштары басылып, фирмаға жаңадан сапалы терезе салуға тапсырыс беріп жатады. Демек, үй тұрғызуға бөлінген мемлекет қаражаты алғашқы суыққа шыдамайтын, сапасыз құрылыс материалдарын қолдану арқылы қыруар қаражатты желге шашты деген сөз. Егер бұл жүйеге өзгеріс енгізбесек, бөлінген қаржының берекесі болмауы әбден мүмкін» дейді депутат.
1998 жылы іргетасы қа­лан­ған «Алкон+» фирмасы – елорданың құрдасы. Бүгінде «Алконның» әсем әй­нек­тері­мен жарқыраған ғима­­раттар қаланың символына айналып үлгерді. Қазақ­станда алғаш­қылардың бірі болып қасбетті шынылаудың панель­дік жү­йе­­сін өндіру және құрас­тыру­дың инновациялық техно­­логиясын меңгерді. Осы техно­логия бойынша «Қа­зақстан темір жолы» ұлттық компания­сының әкімшілік ғимараты және «Marriott» қонақ үйі үшін жұмыстар орындалды. Компанияның шыны пакет­тері Астанадағы Ұлттық музыка академиясының, «Қа­зақстан» спорт сарайының ғимараттарында, Сенат ғимаратында, «Көрме» залының, көптеген сауда орта­­лықтары мен тұрғын үй кешен­дерінің ғимараттарында орна­тылған. «Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы жетіс­тіктер үшін» конкурсында «Өндіріс саласындағы үздік кәсіпкер» аталымы бойынша 1-орынға ие болуы (2014 ж.) және «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуы (2014 ж.) компанияның жетістіктерін мойындаудың белгісі болды.
«Астана қаласындағы биз­нестің ерекшелігі туралы айтсақ, кәсіпкерге жеке ісін бастап, оны дамытуға барлық есік ашылған. Бизнестің әртүрлі бағытында іскер азаматтар үшін қомақты үлес алатын орын бар. Астана өркендеген сайын қала құрылысы мен басқа да қажеттіліктерін өтейтін бизнестің сан алуан сала­сының қатар дамуы – елорда биз­несінің басты ерекшелігі. Өз фирмаммен байланыстырсам, елордадағы маңызды, нысаналы құрылыс алаңдарының қатысып, бизнесті тиімді жүр­гізуге ешқандай кедергі болған жоқ. Мұндайда тек таң­даулылар қатысып, үлесті солар алады деген ұғым болмауы керек. Бізде өзгелердей тең құқықпен тендерге қатысып келеміз. Ұсынатын қызметтің сапасы артқан сайын алатын үлесіміз де артып келеді. Біздің бір артықшылығымыз – елорда бизнесінде 18 жылдық тәжі­ри­беміз. Осыған байланыс­ты техникалық базамыз бен қажетті адам ресурсы да бар. Осы жылдары тек сапалы өнім шығарып, мінсіз қызмет көрсету арқылы жақсы атымызды жасап алдық. Мемлекет тарапынан да көмек болып жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын өз зауы­тымызды өз күшімізбен бастадық. Алайда девальвация әсер етіп, құры­лыстың тоқтап қалу қаупі болған еді. Сол себепті «Даму» қорына қолдау көрсетуін өтініп, төмен пайызбен несие алып, зауыттың құрылысын аяқтап, қажетті құрал-жабдықтарды алып, іске қостық. Қосымша жұмыс орындары ашылып, біздің бизнеске серпін берді» дейді мәслихат депутаты, кәсіпкер Аман Аюпов.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button